МАҢДАЙ ТЕРЛЕМЕЙ БАҚ ҚОНБАЙДЫ
Бүгінгі жеткен жетістігімізде, қоғам дамуы мен ел іргесінің беріктігінде әрбір отбасының өнегесі мен еңбек адамының зор үлесі жатыр. Қай мемлекетте алға жылжуын, озықтығын адал да білікті маманымен сабақтастырады. Себебі, елді көркейтетін де, көріктендіретін де – ісіне мығым, сөзіне адал, уәдесіне берік жанашыр жандар екені айтпаса да түсінікті. Олардың қатарынан өз жерлестерімізді де атай аламыз.
Саналы өмірін медицина саласына арнаған әріптесім әрі құрбымдай болған Дариха Шүлтенқызы еңбек жолында бірнеше буын өкілінің өсіп-өнуіне септігін тигізген маман. Ол бүгінде ұзақ жылдар еткен еңбегінің жемісін көріп отырған санитарлық қызмет саласының құрметті ардагері.
Апамыздың өмірдерегіне сүйенер болсақ, ол 1946 жылы Төретам кентінде дүниеге келген. Әкесі Шүлтен, анасы Зейне теміржол саласында қызмет еткен. Отбасында қалыптасқан тәртіп пен еңбеккерлік үлгісі бала-шағаның, оның ішінде Дариханың да бойына сіңіп, өмірлік ұстанымына айналады.
Бастауыш сынып табалдырығын аттаған титімдей қыз алғашында Төретам кентіндегі №49 мектепте білім алса, одан соңғы оқуын №105 мектепте жалғастырып, онбір жылдықты №26 мектептен бітіріп шығады. Жастайынан тазалық пен ұқыптылықты жаны сүйетін бойжеткен көптен көкейінде жүрген медицина саласында бағын сынауды жөн көріп, емтихан тапсырады. Нәтижесінде медбике мамандығы бойынша училищеге түсіп, дипломын алып еңбек жолына кіріседі. 1968 жылы аудандық аурухананың хирургия бөліміне медицина бикесі болып орналасқан жас қыз білікті сала мамандарынан тәжірибе жинаса, 1980 жылы аудандық санитарлықэпидемиологиялық қадағалау мекемесіне лаборант-паразитолог болып жұмысқа қабылданады. Келер жылы Алматыдан білім жетілдіру курсынан өтіп, арнайы куәлік алады.
Бірінші санатты лаборант-паразитолог әріптесіміз 2001 жылы бір орында тапжылмай 21 жыл адал қызмет етіп, зейнеткерлік демалысына шықса, одан соң да 5 жыл қызметін жалғастырды. Медицина саласында табан аудармай 38 жыл еңбек сіңірген Дариха апамыздың еңбегі ескерусіз қалмады. Осы жылдар аралығында Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі, облыстық, аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармалары мен аудан басшылығының Құрмет грамотасы, алғыс хаттарымен марапатталып отырылды.
Ардақты ана қоғамдағы қызметімен қатар, отбасында балаларын үйіріп, оларға тәлімді тәрбие бере білді. Қазіргі кезде 3 баладан тараған 12 немере мен 25 шөберінің қызыққуанышына бөленіп отырған ардақты ана, асыл әже.
– Мамандығымды жаныммен қаладым. Ата-анамыз да талапшыл болатын. Жастайымнан тазалыққа жақын болып өстім. Жалпы жұмысты жақсы көріп істеу керек. Жақсы көріп істегенде ғана жұмыс адамға қуаныш сыйлайды, әрбір күнің мағыналы болады. Еңбектің жемісін көру – үлкен жетістік. Жасым сексенге келсе де, еңбектің наны тәтті болатынынан, маңдай терлемей бақ қонбайтынын айтудан шаршаған емеспін. Біздің кезімізде көп нәрсе механикалық түрде жасалатын, ал қазір бәрі заманауи құрылғыларға көшкен, біршама жеңілдеген.
Тағы қоса кетерім, ұзақ жасаудың сыры да осы еңбек етуде десем, қате емес. Жүрекпен таңдаған мамандығымды бар ықыласпен атқардым. Одан жаман болмадық. Сол үшін де жастарға әркез айтарым – білім алып, еңбек етіңіздер, ізденіңіздер. Адамды биікке көтеретін де, алға жетелейтін де – еңбек дер едім, – дейді ардагер ана шынайы көңілмен.
Күлән ҚАРАШАЕВА,
ардагер-дәрігер
















