ЕҢБЕКТІҢ ЕРЕН ҮЛГІСІ
Үздіксіз соққан асау желдей зымырап өтіп жатқан өмір көшінде алуан-алуан іздердің сайрап жатқанын білеміз. Әрине, бұл іздердің өз тарихы бар. Ал сол тарихты жасайтын біздер, яғни халық.
Иә, осы бір жалған бес күндік өмірде туған халқы үшін аянбай тер төге еңбек еткен, халық алдында тұғыры биік тұлғалар мен атпал азаматтар өмір кешті. Олар өмір сүріп қана қоймай, саналы ғұмырын туған елінің болашағына арнады. Өнегелі өмір жолдарымен мәнді де сәнді ғұмыр иесі атанды.
Міне, сондай елеулі еңбегімен туған халқының құрметіне бөленген атпал азамат, бүгінде өзі жоқ болса да, туған еліне еткен қызметі ел ауызында жүрген ардақты жанның бірі – Асылбек Молдабаевтың есімі бүгінгі өскелең ұрпаққа таныс болмағанымен, аға буын өкілдері арасында әрқашан құрметке ие. Егер тірі болғанда биыл 80 жасқа толар еді.
Расында да, өткен ғасырдың ортасында көптеген әлем еліне қасірет әкелген екінші дүниежүзілік соғыс аяқталған жылдан кейін, яғни 1946 жылы 26 маусымда Тереңөзек қыстағының тұрғындары Кетебай Молдабайұлы мен Қаншайым Бисенқызының отбасында дүние есігін ашқан Асылбек Кетебайұлы өсе келе ата-анасының қызметтік бабымен Жосалы кентіне қоныс аударады.
Содан Асылбек ағамыз замандастары сияқты аудан орталығындағы қазіргі №250 орта мектеп орналасқан білім мекемесінде 7-сыныпқа дейін білім алады да, әрі қарай анасының ағасы, сол жылдары Жалағаш ауданында механик болып қызмет еткен, кейіннен Жаңаталап кеңшарын басқарып, Социалистік Еңбек Ері атанған Алдаберген Бисеновтің ақыл-кеңесімен Қазалы қаласындағы ауыл шаруашылығы техникумына оқуға қабылданады.
Міне, сол жылдардағы жастар үшін мәртебесі биік аталмыш оқу орнында білім алған Асылбек Кетебайұлы сала мамандары Байзақ Шаданов, Қарабек Сарқытбаев, Геннадий Токовой, Алексей Гобелько, сондай-ақ Алмас Әзілханов сияқты ұлағатты ұстаздардан тәлім алып шыққан соң алғашқы еңбек жолын Жалағаш ауданына қарасты Жаңаталап кеңшарындағы шеберханада автожөндеуші болып бастап, ауылдағы шаруашылық техникаларын маусымдық жұмыстарға дайындауға атсалысады. 1966 жылы жас маман өзінің Отан алдындағы азаматтық парызын өтеуге аттанып, Балтық теңізі жағалауындағы Литва мемлекетінің астанасы Каунас қаласында қармақшылық жерлесі Мағмар Көбеевпен әскери мамандықтың қыр-сырын меңгереді. Ол әскери қызметінде автокөлікпен Ставрополь өлкесі мен Курган, Воронеж облыстарында егін тасуға қатысып, өзіне бекітілген міндеттерді асыра орындап, марапаттарға ие болады. Сондай марапаттардың қатарында Курган облыстық партия комитетінің Құрмет грамотасы да бар.
«Еңбек түбі – береке» демекші, Асекең ағамыз әскери қызметін аяқтағаннан кейін Жосалы кентіне оралып, жақын ағасы, «Еңбек Қызыл Ту» орденінің иегері, есімі ауданымызға белгілі сала майталманы Серік Елдесбаевтың ұсынысымен «ПМК-30» мекемесіне скреперші-тракторшы мамандығы бойынша жұмысқа қабылданып, ауданда ауыл шаруашылығы құрылымдарының егістіктеріне баратын аяқ су каналдарын қазу және оларды тазалау жұмыстарына қатысады. Өзіне жүктелген тапсырмаларды жауапкершілікпен, міндеттелген жоспарларды асыра орындаушылығымен көріне білген маман көп ұзамай әкімшілік тарапынан қолдау тауып, скрепершілер бригадасының бригадирі қызметіне жоғарылатылса, кейіннен Жосалы поселкелік кеңестің депутаты, облыстық комсомол комитеті бюросының мүшелігіне сайланады. Сонымен қатар, бірнеше рет салалық және аудан, облыстық партия комитеттерінің мадақтамаларына ие болады. Бірақ 1973 жылы туған нағашысы Алдаберген Бисеновтің шақыруымен Сырдария ауданына қарасты «ҚазКСР 50 жылдығы» атындағы кеңшарға, яғни қазіргі Нағи Илиясов ауылына отбасымен көшіп барады. Асылбек ағамыз өзінің естелігінде: «Менің сол ауылға көшіп баруыма себепші нағашым Алдаберген Бисенов болды. Олай дейтінім, бірде көктемгі егін егу науқаны барысында шаруашылыққа жаңадан келген «Т-100» маркалы бульдозерінің жүргізушісі аяғын жарақаттап алып, оның орнына рульге отыратын адам табылмады. Жұмыс тұрып қалған. Трактор айдайтын адам тағы жоқ. Шаруашылық төрағасы орынбасарларына тез арада трактор айдайтын адам табу керектігі туралы тапсырма береді. Бірақ берілген тапсырмадан нәтиже шықпаған соң нағашым маған хабар жібереді. Ағайымның көрсеткен қамқорлығы өте көп. Оның тапсырмасын орындамау мүмкін емес еді. Ол кездері облыс аумағындағы кеңшарлар да, «ПМКлар» да «ГлавРисСовхозСтройдың» құрамына кіретін-ді. Осыны пайдаланған нағашым тез арада басшылықпен келісіп, мені өзі басқаратын кеңшарға ауыстырып алды. Сөйтіп, бір күннің ішінде мен егіншілік кәсіпке ауыстым.
Содан Жосалыдан отбасыммен көшіп бара жатқанымда «ПМК-30» мекемесінде бірге еңбек еткен ұстаздарым Серік Елдесбаев пен Қалабай Жүсіпбеков Иіркөл ауылына дейін шығарып салды. Олардың «Асылбек, қайда жүрсең де еңбегің жана берсін. Біз сені ендігі жерде әрдайым облыстық, республикалық басылымдар беттерінен көрейік» деген сөздері әлі санамда жатталып қалыпты. Ағаларымның берген ақ баталарының арқасында өзім көшіп келген ауылда еңбегім еленіп, құрметке бөлендім. Шаруашылықта бульдозер айдап, канал тарттым, күзде комбайн мен күріш жинадым. Серікбек Шәкімбеков пен Өмірзақ Ахметов сынды ауыл шаруашылығы саласының кәнігі шеберлері атанған ағалардан ұқыптылық пен ыждағаттылықты үйрендім. Білген-түйгенімді өзімнен кейінгі шәкірттеріме үйреттім. Еңбегім зая кетпеді, туған халқымның алдындағы азаматтық парызымды ақтап, көптеген мемлекеттік марапаттарға ие болдым» деген еді арда аға.
Расында да, «Елім деген ерің болса, ерім деген елі де табылады» дегендей, сала майталманы Асылбек Кетебайұлы аянбай еңбек етіп, абырой биігінен көрінді. Ел алдындағы елеулі еңбектері үшін 1970 жылы В.Лениннің 100 жылдығына орай КСРО-ның Құрмет грамотасымен, 1975 жылы Мәскеу қаласындағы Бүкілодақтық халық шаруашылығы көрмесінің екі қола, бір күміс медалімен марапатталса, келер жылы «Құрмет белгісі» орденін омырауына тақты. Сондай-ақ 1978 және 1980 жылдары да Бүкілодақтық халық шаруашылығы көрмесінің күміс және қола медальдарымен, ал 1980 жылы ауылда ең бірінші болып 10 мың центнерден астық бастырғаны үшін кеңшар әкімшілігі «Урал» мотоциклін сыйласа, осы жыл «Еңбек Қызыл Ту» орденімен марапатталды. Еңбек өнімділігін арттыру мақсатында Ресей Федерациясының Ростов облысына қарасты Таганрог қаласындағы комбайн шағаратын зауытта тәжірибе алмасып қайтты. 1979 жылы күріш жинау барысында жоғары жетістіктерге қол жеткізгені үшін арнайы репортаж түсіріліп, Мәскеуден, «Время» телебағдарламасынан көрсетілді.
Облыста бірінші болып Бүкілодақтық халық шаруашылығы жетістіктері көрмесінің жеңімпазы атанып, Құрмет грамотасы мен Москвич автокөлігі сыйға тартылды. Сондай-ақ Венгрия мемлекетіне саяхатқа жолдама берілді.
Ерінбей еңбек еткенге берері таусылмайтын Жер-ананың қадірін түсініп, оны аялай білген Асекең ағамыз мемлекет тарапынан басқа да көптеген марапаттың иесі атанды. Толығырақ айтқанда, 1973, 1975, 1976 және 1980 жылдары «Бүкілодақтық социалистік жарыстың жеңімпазы» төсбелгісімен, «Бүкілодақтық механизаторлар жарысының жеңімпазы» және облыс, ауданның үздік механизаторы, комбайншысы атақтарының, ал 1981 жылы ҚазКСР Орталық комитеті мен Министрлер Кеңесінің Құрмет грамотасына ие болды.
Осы жерде бір айта кетерлік жайт, Кеңестер Одағы дәуірінде қанша жерден аянбай еңбек етіп, қаншама рет түрлі наградаларға ие болғанымен коммунистік партия қатарында жоқ азаматтарға еліміздің жоғары наградаларын алу арманда болды десем өтірік айтпаған болар едік. Оған дәлел, Асылбек ағамыз осындай наградаға лайықтылар қатарында болды, яғни «Ленин» орденіне ұсынылғанымен партия қатарында жоқ деген желеумен басшылық тарапынан қолдау таппай, тізімнен алынып тасталған екен. 1989 жылдың жазында Асылбек ағайымыз отбасымен Жосалы кентіне көшіп келіп, осында тұрақтады. Аудандық автобаза мекемесіне көлік жүргізушісі болып жұмысқа орналасып, Камаз автокөлігімен ТМД елдеріне жүк тасымалдап, бұл қызметте де еңбегінің жемісін көрді. Ал 2002 жылдан құрметті зейнеткерлік демалысқа шыққанға дейін канадалық «Трак Констракшн ЛТД Арктик» мұнай компаниясында механизатор болып еңбек етті. Компания басшылығы білікті сала майталманы Асылбек ағамызды құрметпен зейнеткерлік демалысқа шығарып салады.
Қазақ даналығында «Еңбек түбі – береке» деген ұғым бар. Мен осы қасиетті өсиетке «Еңбек түбі – бақыт» деген сөзді қосар едім. Оған дәлел ретінде Асылбек ағамыздың көп жылдарғы еңбектен тапқан бақытын айтар едім.
Расында да, Асылбек Кетебайұлы жұмыс істеген 49 жылда ерен еңбектің үлгісін көрсетіп, отбасының да бақытына бөленген жан болды. 1971 жылы өмірлік жары, Қазалы ауыл шаруашылығы техникумының түлегі Тұмар Әбдікәрімқызымен отау құрып, 5 бала сүйді. Үкілеп өсірген ұрпақтары өмірден өз орындарын тауып, ата-аналарының үмітін ақтады. Олар бүгінде отбасын құрып, ұлқыз тәрбиелеп отырған шаттыққа толы шаңырақ иелері.
Нұрбай ЖАНӘДІЛОВ

















