» » ҚҰРМЕТ – ЕҢБЕКТІҢ ЖЕМІСІ

ҚҰРМЕТ – ЕҢБЕКТІҢ ЖЕМІСІ

Жақында Қызылорда қаласының бастауыш ардагерлер ұйымы қоғамдық бірлестіктерінің кеңсе ғимаратында айтулы іс-шара өтті. Қалалық әкімшілік жанындағы бастауыш ардагерлер ұйымының ең жасы үлкен ақсақалы, «Қармақшы ауданының құрметті азаматы» Исағали Жұмағұловтың 88 жасқа толу және қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі бастауыш ардагерлер ұйымының белсенді мүшесі Светлана Борисқызының 70 жас мерейтойы аталып өтілді.
Оған қалалық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Серікбек Қасымұлы, қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Кенжегүл Құрақбаева, ұйым мүшелері қатысты.
Салтанатты шараны ашқан «Облыстың құрметті ардагері», «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері, «Қармақшы ауданының Құрметті азаматы» Жақсыбай Жәкеев туған күн иелерінің өмір жолына қысқаша тоқталып өтті.
Исағали Жұмағұлов – бүкіл саналы ғұмырын ел игілігіне арнаған, білімділігімен, ұйымдастырушылық қабілетімен және жаңашыл қасиеттерімен танылған тұлға. Ол ұзақ жылдар бойы аудандағы «Қармақшы» кеңшарын басқарып, шаруашылықты облыс пен республикадағы алдыңғы қатарлы, үлгілі шаруашылықтардың біріне айналдырып, ірі қара мал басын бірнеше есе көбейтті. Ауыл көшелеріне жарық жүргізіп, асфальт төсетті, ауылға су бұрқағын (фонтан) орнатып, жасанды көл жасап, ауылда жеміс бағы өнім беріп тұрды.
И.Жұмағұловтың өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан елеулі еңбегі мемлекет тарапынан жоғары бағаланып, «Құрмет белгісі» орденімен марапатталды. Ол бірнеше мәрте депутат болып сайланып, пленум мүшесі ретінде де жемісті қызмет атқарды. Осындай жүйелі де қажырлы еңбектің нәтижесінде «Қармақшы» кеңшары республика көлеміндегі ауыспалы Қызыл Туды жеті мәрте жеңіп алып, Мәскеудегі Халық шаруашылығы жетістіктері көрмесінің (ВДНХ) үш мәрте Алтын медаліне ие болды.
Бүгінде Исекең Қызылорда қаласында тұрады. Жасы ұлғайғанына қарамастан, қоғамдық жұмыстардан қол үзбей, ардагерлер ұйымының қызметіне белсене араласуда. Оның өнегелі өмір жолы мен елге сіңірген еңбегі кейінгі ұрпаққа әрдайым үлгі.
Ал, Светлана Пак институт бітіргеннен кейінгі саналы ғұмырында облыстық, қалалық әлеуметтік бағдарламалар және жұмыспен қамту орталықтарында қызмет жасады. Зейнетақы есептеу орталығында көп жыл басшылық қызметте болды. Қаламыздағы ең жауапты, ауыр сала, мүгедек жандардың, тұрмысы төмен азаматтардың, зейнеткерлердің зейнетақысын, жәрдемақысын есептеу, әлеуметтік қорғау салаларында өзінің білімділігін, төзімділігін, адамгершілігін көрсетті. Көптеген марапат иесі, «Үздік әлеуметтік сала қызметкері», қала, облыс әкімдерінің Құрмет грамоталарының иегері.
Іс-шарада сөз алған қалалық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары С.Қасымұлы туған күн және мерейтой иелерін құттықтап, И.Жұмағұловқа облыстың Құрмет грамотасын, С.Пакқа қалалық ардагерлер кеңесінің Құттықтау хатын табыстап, дәстүрлі қазақы шапан, қамзол кигізіп, сый-сияпаттар табыстады. Сонымен қатар қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы К.Құрақбаева туған күн иелеріне ықылас гүлін табыстады.
Қабылдауда аталған бөлімнің өнерлі қызметкерлерінің концерттік бағдарламасы қойылды.
Іс-шараға жиналған ардагерлер ән тыңдап, бірге билеп, жайылған дастарқаннан дәм ауыз тиді. Туған күн иелеріне ақ тілектерін, іс-шара ұйымдастырушыларға алғыстарын айтып, керемет көңіл-күймен тарады.
Әбдімәлік КІШКЕНЕЕВ
21 маусым 2026 ж. 127 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№46 (10514)

20 маусым 2026 ж.

№45 (10513)

16 маусым 2026 ж.

№44 (10512)

13 маусым 2026 ж.

Оқиғалар

Әженің ашуы
02 қаңтар 2025 ж. 3 338
Ақсұлу

Ақсұлу

29 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

ҚЫС КӨРІНІСІ
10 қаңтар 2026 ж. 861

Жаңалықтар мұрағаты

«    Маусым 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930