«АУЫЛ» МЕЙРАМХАНАСЫ АШЫЛДЫ
Түс мезеті. Көлікпен редакцияға келе жатқанмын. Жолжөнекей жүргізушімен әңгіме өрбіттік. Темір тұлпар тізгіндеген ел ағасы көшенің оң жақ бетіндегі жаңа ғимаратты нұсқап, жаңа мейрамхананың ашылуы туралы хабарландыруды көргенін айтып, ел игілігіне пайдалануға берілетін кәсіптік нысанның іші ерекше екенін жеткізді. Қаладан аудан орталығына жақында келгендіктен, дәл мұндай мейрамхананың салынып жатқанын білмеппін. Таңданып қалдым.
Қармақшы ауданында тұрғындардың қуанышына айналған тағы бір маңызды нысан – «Ауыл» мейрамханасы тұтынушыларына өз есігін айқара ашты. Аудандағы алғашқы қазақы нақыштағы мейрамхананың ашылуы жергілікті халықтың мәдени өміріне тың серпін беріп отыр. Ұлттық құндылықтарды дәріптеуді мақсат еткен жаңа нысан бүгінде көпшіліктің қызығушылығын тудырып, ерекше сәулетімен көз тартады.
Мейрамхананың табалдырығын аттаған сәттен-ақ келушілер қазақ халқының бай мәдениеті мен салт-дәстүрін сезіне алады. Ішкі безендірілуінде ұлттық ою-өрнектер кеңінен қолданылып, қазақы тұрмыстың элементтері шебер үйлестірілген. Қабырғадағы суреттер мен ұлттық бұйымдар өткен мен бүгінді байланыстырып тұрғандай әсер қалдырады. Даяшылар киген ұлттық киім де, үстел үстіндегі оюлармен безендірілген ыдыс-аяқтар да таң-тамаша қалдырмай қоймайды. Мейрамхананың мәзіріндегі ұлттық тағамдар мен ұлттық сусындардан дәм татқан жұртшылық та жаңа кәсіп иесіне дән риза.
Мейрамханада тұтынушыларға ет, тай қуырдақ, бал қуырдақ, қой қуырдақ, нарын секілді ұлттық тағамдармен қатар шығыс дәмдері мен еуропалық тағамдар ұсынылады. Сонымен қатар жаңа тамақтану орнының мәзірінің өзіндік ерекшелігі де бар. Кәсіпкер жастардың талғамындағы тағамдарды да ұлттық аспен үйлестіре білген. Енді жастар өздері жиі жейтін паста мен пиццаның қазы қосылған түрін «Ауыл» мейрамханасынан таба алады.
Жаңа нысанның ашылуы тек кәсіпкерлік жобаның жүзеге асуы ғана емес, ауылдың әлеуметтікэкономикалық дамуына қосылған үлес деуге болады. Мейрамхана бірнеше аудан тұрғынын тұрақты жұмыспен қамтып, жергілікті халыққа сапалы қызмет көрсетуге мүмкіндік жасап отыр.
Кәсіпкердің айтуынша, бұл идея көптен бері ойда жүрген.
– Қазақ халқының қонақжайлығы мен ұлттық ерекшелігін көрсететін орын ашуды бұрыннан армандадым. Қазір жастар ұлттық құндылықтарға көбірек бет бұрып келеді. Сондықтан заманауи талаптарға сай қызмет көрсетумен қатар, қазақы рухты сездіретін ортаны қалыптастырғымыз келді. Бұл жер тек тамақтанатын орын емес, ұлттық мәдениетті дәріптейтін орталық болады деп сенеміз. Ендігі мақсатым – әр қонаққа қазақы дастарқанның жылуын сездіріп, ұлттық тағам мен қонақжайлылық арқылы ұмытылмас әсер сыйлап, Қазақстандағы ең үздік қазақы этно-мейрамханалардың қатарына еніп, біздің мейрамхананың брендін өңірлік деңгейден республикалық деңгейге шығару, – дейді кәсіпкер Наурызбек Самалбекұлы.
Жаңа нысанның ашылуын асыға күткен тұрғындар да шын қуанышты.
– Кентімізде осындай сәнді әрі ұлттық нақыштағы орынның ашылуы біз үшін үлкен жаңалық болды. Қаладағыдай жағдайдың аудан орталығында да жасалып жатқаны көңіл қуантады. Ең бастысы, жастарымыз өз мәдениетін ұмытпай, ұлттық құндылықтарды көзбен көріп, бойына сіңіріп өседі, – дейді қармақшылық Еркін Сармолдаұлы.
Кент қонақтары да жаңа мейрамханаға оң бағасын беріп, жас кәсіпкерге сәттілік тілеуде.
– Жосалыға ата-анамның үйіне келіп, осы жаңа мейрамханада болудың сәті түсті. Бірден көзге түскені – ұлттық нақыштың ерекше сақталуы. Қазақы ою-өрнектер, интерьердегі ұлттық элементтер, қызмет көрсету мәдениеті бәрі үйлесім тауып тұр. Мұндай орындарды көбіне үлкен қалалардан көреміз. Ал аудан орталығында осындай заманауи әрі ұлттық құндылықтарды дәріптейтін мейрамхананың ашылуы қуантты. Бұл тек демалыс орны емес, қазақ мәдениетін насихаттайтын ерекше мекен деп ойлаймын. Ауылдың дамуына, туризмнің өркендеуіне де оң әсерін тигізетіні сөзсіз, – дейді Қызылорда қаласының тұрғыны Айдос Серікұлы.
Соңғы жылдары ауданда кәсіпкерлік саласының дамуына мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдаулардың нәтижесі айқын байқалады. Соның арқасында жаңа нысандар бой көтеріп, халыққа көрсетілетін қызмет сапасы артып келеді. Қазақы нақыштағы бұл мейрамхана да – берекелі бастамалар мен игі өзгерістердің жарқын көрінісі.
Естеріңізге сала кетейік, екі жыл бұрын газетімізде тілші Ақнұр Сағынтайдың «Қазақы дәмхана қажет-ақ» атты мақаласы жарық көріп, талай жанға ой салған еді. Бүгіндері оқырманның ойарманы мен тілші тілегі өз жемісін бергендей.
Ұлттық дәстүр мен заманауи қызметті ұштастырған жаңа мейрамхана алдағы уақытта аудан тұрғындары мен қонақтарының сүйікті орнына айналып, кенттің көркеюіне өз үлесін қоса бермек.
Ердәулет ОРЫНБАСАР

















