ӨРТ СӨНДІРУ БЕКЕТІ АШЫЛДЫ
Жуырда Алдашбай ахун ауылдық округінде тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған маңызды нысан – жаңа өрт сөндіру бекетінің салтанатты ашылу рәсімі өтті. Бұл игі бастама елімізде жүзеге асырылып жатқан «Ауыл құтқарушылары» бағдарламасы аясында қолға алынып, ауылдық жерлердегі төтенше жағдайларға жедел әрекет ету мүмкіндігін арттыруды көздейді.
Салтанатты шараға аудан әкімінің орынбасары Самат Смағұлов қатысып, ауыл тұрғындарын маңызды нысанның ашылуымен құттықтады. Сонымен қатар, іс-шараға Қызылорда облысы Төтенше жағдайлар департаменті бастығының бірінші орынбасары, азаматтық қорғау подполковнигі Жасұлан Түйменов, төтенше жағдайлар саласының ардагерлері, азаматтық қорғау органдарының қызметкерлері, ауыл ақсақалдары мен жергілікті тұрғындар қатысты.
Жаңа өрт сөндіру бекетінің ашылуы – ауылдық округтің қауіпсіздік инфрақұрылымын дамытудағы маңызды қадамдардың бірі. Аталған нысан төтенше жағдайлардың алдын алу жұмыстарын күшейтіп қана қоймай, өрт оқиғалары мен басқа да қауіп-қатерлер туындаған жағдайда жедел әрекет етуге, олардың зардаптарын азайтуға және авариялық-құтқару жұмыстарын тиімді ұйымдастыруға мүмкіндік береді.
Шара барысында сөз сөйлеген аудан әкімінің орынбасары Самат Қыдырбекұлы бұл жобаның жүзеге асуына ауыл азаматтарының қосқан үлесі ерекше екенін атап өтті.
– Ауылдық округте өрт сөндіру бекетінің құрылысын салу мақсатында 2025 жылы төртінші деңгейлі бюджет қаражаты есебінен қажетті құрылыс материалдары сатып алынып, ауыл тұрғындарының қолдауымен гараж құрылысы жүргізілді. Биыл жергілікті бюджеттен қосымша қаржы бөлініп, нысанның материалдықтехникалық базасы толықтырылды. Қазіргі таңда арнайы өрт сөндіру автокөлігі алынып, барлық қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілді. Осындай маңызды істің жүзеге асуына қолдау білдірген ауыл азаматтарына, демеушілерге және құрылыс жұмыстарына атсалысқан барша жанға шынайы ризашылығымды білдіремін, – деді ол.
Салтанатты жиында өрт сөндіру бекетінің құрылысы мен жабдықталуына елеулі үлес қосқан азаматтарға Қызылорда облысы Төтенше жағдайлар департаменті бастығының арнайы Алғыс хаттары табысталды.
Шара барысында ауыл ақсақалдары ақ батасын беріп, жаңа нысанның ел игілігіне қызмет етіп, тұрғындардың амандығы мен тыныштығын сақтауда маңызды рөл атқаруына тілектестік білдірді.
Сонымен қатар жаңа өрт сөндіру бекеті мен арнайы техниканың кілттері табысталды. Мұнан соң нысанның лентасы салтанатты түрде қиылып, қатысушылар бекеттің материалдық-техникалық мүмкіндіктерімен танысты.
Жаңа өрт сөндіру бекетінің іске қосылуы – ауыл тұрғындарының қауіпсіздігін нығайтуға бағытталған нақты қадам. Бұл нысан төтенше жағдайлардың алдын алу мен жою жұмыстарын жаңа деңгейге көтеріп, ауыл халқының алаңсыз өмір сүруіне берік негіз қалайды.
Ақнұр САҒЫНТАЙ















