ӘРБІР ТУЫНДЫ – ДӘСТҮРГЕ ДЕГЕН СҮЙІСПЕНШІЛІК
Бала – ертеңгі қоғамның арқасүйер бір тұлғасы, азаматы. Бүгінгі баланың тәрбиелі, білімді, өнерлі болып өсуі – келешек қоғамға қаланған сенімді іргетас. Қазіргі күнде бір сәт балалығын ойынға емес, пайдалы іске арнап жүрген балалар аз емес. Мұндай еңбекқор, ізденуден жалықпайтын балалар өз ортамыздан да табылады. Соның бірі – Аяулым Қанағат.
Ол №26 мектептің 5-сыныбын озаттар қатарында бітіріп отыр. Әкесі Арман Жалғасбаев жеке жұмыстармен айналысса, анасы Айнұр Құдайбергенова үй шаруасында.
Аяулым – аудандық Оқушылар үйіндегі «Көркемөнер» үйірмесінің белсенді мүшесі. Қолөнермен айналысу алғашында хоббиі болғанымен үйірмеге келген соң мықтап қолға алған. 2024 жыл оның өнерін шыңдаудағы уақыт болды.
– Кішкентайымнан үйде өз бетімше сурет салып, бояуларды үйлестіруге тырысатынмын. Әлеуметтік желіден де көріп жүрдім. Менің осы қызығушылығым үйірмеге әкелді десем болады. Екі жылдың ішінде жетекшім Сәуле Сериева апайымнан үйренгенім көп болды. Қолөнер шеберлігін жанымдай жақсы көремін. Әу баста жай қызығып жүрдім. Кейін үйірмеге келгесін әрбір туындының жасалу тәсілдеріне мән бере бастадым. Осы кезде бисермен білезік, моншақтар тізсем, қазақ халқының ертеден келе жатқан ұлттық дәстүрі – мал жүнімен де жұмыстар жүргізуге машықтанудамын.
Үйірмеге 3-сыныпта келдім ғой. Жүннен жасалатын бұйымдар табиғи, экологиялық таза материал болғасын, көңілім соған қарай бұрылды. Ол ежелден халқымыздың тұрмысында кеңінен қолданылған. Бұл жұмысты жасау барысында мен жүнді өңдеу, иіру және оны әсем бұйымға айналдыру әдістерін қолданамын. Жұмысым ұлттық дәстүрді дәріптеп, табиғатқа деген сүйіспеншілікті көрсетеді.
Жүн – төрт түлік малдың, әсіресе қойдың бағалы өнімі. Қазақ халқы жүнді ерте заманнан бері тұрмыста тиімді пайдаланып, одан киіз, текемет, сырмақ, түрлі әшекей бұйымдар жасаған. Мен бұл жұмысты орындау барысында жүнді тазалап, өңдеп, оны белгілі бір пішінге келтіріп, сәндік бұйымға келтіремін. Бұл жұмыс шыдамдылықты, ұқыптылықты және шығармашылықты талап етеді. Менің бұйымымның ерекшелігі – табиғилығында және ұлттық нақышында. Бұл жұмыс арқылы атабабамыздың қолөнерін жаңғыртып, оны қазіргі заманмен ұштастыруға тырысамын. Жүн – табиғаттың берген асыл сыйы. Осы жұмыстарым арқылы ұлттық қолөнерге деген қызығушылығымды білдірудемін, – дейді үйірменің білім алушысы.
Редакциямызға шәкіртімен бірге келген қолөнер шебері әрі үйірме жетекшісі Сәуле Сериева – білікті ұстаз. Ол саналы өмірін бала тәрбиесі мен өнеріне арнап келе жатқан жан.
– «Көркемөнер» үйірмесіне 46 оқушы қатысып, 4 топта жұмыс жүргізудемін. Бізде ұл бала да, қыз бала да бар. Қолөнер үйренгісі келетін балалардың барлығына қолжетімді. Бірнеше бағытта – жүнмен, қағазбен, кестемен, бисермен жұмыс жүргізіледі. Жас шеберлеріміз 4-6 сынып аралығында қамтылған. Үйірмеге келген балалардың дені әрі қарай қолөнершілікті алып кетеді. Оқушылар үйінде 4 жыл көлемінде өнерге баулимыз. Шәкірттерімізді аудандық, облыстық, республикалық, халықаралық байқауларға қатыстырып, талаптарын, өнерлерін шыңдаймыз. Олардың арасында Аяулым да бар. Ол – ақкөңіл, ұяң. Нағыз қазақ қызына тән мінез иесі. Шәкіртімнің талабы таудай, берілген тапсырмаларды уақытында орындайды. Үйірмеге қалмай қатысады. Белсенді оқушымның бірі. Болашағынан үлкен үміт күтемін. Оның әсіресе, жүнмен жасалатын бұйымдарға бейімі жақсы қалыптасуда. Шебер қолынан шыққан картина, кәдесыйлар жоғары бағасын алуда. Сонымен қатар суретті жақсы салады. Атап айтқанда, «Көне дәуір сырлары», «Ауыл – берекенің бесігі», «Шаңырақ пен торсық – ұлттық мұра», «Дәстүр діңгегі – шаңырақ», тағы басқа жүнмен жасалған картиналары мен сурет салу бойынша «Табиғат көріністері», «Жайлау», «Бау-бақша», «Менің отбасым», «Наурыз нақыштары», «Жаңа жыл», «Ғарыш» секілді бірқатар суреті көрмелерден орын алып жүр.
Бұл жұмыстар – үлкен төзім пен табандылықтың, сабырлылықтың жемісі. Жүнмен шығармалар жасағанда алдымен туындының жоба кескіндемесі салынады. Сол кескіндемені жүнді арнайы инемен ұрғылау арқылы жұмысты аяқтайды. Шамамен бір картинаға 3-5 күн уақыт жұмсалады. Ал сурет салуға келсек, оған 1 күн жетеді.
Керекті құралдарымыз бен пайдаланатын жабдықтарымыз – жүн өнімдерін, инесін қытайдан тапсырыспен алдырамыз. Бисер моншақтарын ауылдың дүкенінен сатып ала береміз. Суреттерді негізінен пейзаж тақырыбына салып жүрміз. Оның ішінде гуаш, акварель және қаламмен салу әдісі қолданылады, – дейді білікті ұстаз оқушысының талабына ризалықпен.
Иә, дарынды жасөспірімнің қол жеткізген табыстары баршылық. Ол – аудандық Оқушылар үйінің ұйытқы болуымен өткен «Менің сүйікті аққалам», «Табиғатты аяла», «Менің сүйікті ертегілерім» тақырыптарындағы байқауларда жүлде салса, «Алтын қазына» көркем және сәндік-қолданбалы өнер бойынша балалар шығармашылығының аудандық көрме-байқауында І орын иегері атанса, облыстық білім басқармасының ұйымдастыруымен өткізілген осы сайыстың республикалық көрме байқауының облыстық кезеңінде «Тоқыма бұйымдарын дайындау» номинациясы бойынша ІІІ орын иеленген. Ал жас суретшілерге арналған «Бояулар құпиясы: менің сүйікті мультфильмім» тақырыбындағы республикалық конкурстан І орынды жеңіп алып, Сыр елінің атын асқақтатқан.
Бір айтары, үйірмеде жыл өткен сайын оқушылардың деңгейі көтеріледі. Соған сай оларға берілетін тапсырма да күрделене түседі екен. «Келер оқу жылында кесте, гобилен тоқуға көшіп, құрақтар тігеміз» дейді үйірме жетекшісі С.Сериева. Ал жас шебер Аяулым Арманқызы болса, алдына көптеген мақсат қойған.
– Болашақта өнерімді дамытып, жаңа бұйымдар жасауды жоспарлаудамын. Мақсатым – әйгілі суретші, қолөнерші болу, – дейді жас шебер.
Сәрсенкүл ЖАУДАТБЕКҚЫЗЫ
















