» » ҰЛТТЫҚ ӨНЕРДІҢ АЙШЫҚТЫ АЛАҢЫ

ҰЛТТЫҚ ӨНЕРДІҢ АЙШЫҚТЫ АЛАҢЫ

Тұрымбет Салқынбайұлы атындағы өнер мектебінде «Күй және жыр-терме: рухани мұра және заманауи сабақтастық» атты облыстық тәжірибе алаңы ұйымдастырылып, ұлттық өнердің тағылымын дәріптеген маңызды рухани іс-шара өтті. Тәжірибе алаңына облыстың әр ауданынан келген өнер мектептерінің ұстаздары, күй мен жыр-терме бағытындағы мамандар қатысып, өзара тәжірибе алмасты.
Іс-шараның басты мақсаты – ұлттық өнерді насихаттау, жас ұрпаққа дәстүрлі музыкалық мұраны заманауи әдістер арқылы үйретудің тиімді жолдарын талқылау және ұстаздар арасындағы шығармашылық байланысты нығайту болды. Қазақ халқының рухани қазынасы саналатын күй мен жыр-терменің тәрбиелік мәні, ұлт болмысын сақтаудағы орны кеңінен сөз етіліп, бүгінгі білім беру жүйесіндегі маңызы ерекше атап өтілді.
Тәжірибе алаңы барысында қатысушыларға мазмұнды ашық сабақтар ұсынылып, әр ұстаз өзінің кәсіби шеберлігі мен педагогикалық тәжірибесін ортаға салды. Домбыра сыныбының мұғалімі Ғабит Сәденов «Арынғазының күйі – «Арынғазы» тақырыбында ашық сабақ өткізіп, оқушының күй орындаудағы техникалық шеберлігі мен шығарманы терең түсінуіне бағытталған әдіс-тәсілдерін көрсетті. Сабақ барысында күйдің шығу тарихы мен орындаушылық ерекшеліктері жанжақты талданып, ұлттық өнерге деген қызығушылықты арттыруға басымдық берілді.
Жыр-терме класының мұғалімі Эльмира Мыңжанова Тұрмағамбет Ізтілеуовтің «Қамын ойла халқыңның» шығармасы негізінде тағылымды ашық сабақ өткізді. Сабақ барысында жырдың тәрбиелік мәні түсіндіріліп, халқымыздың даналық ойлары мен адамгершілік құндылықтары кеңінен насихатталды. Сонымен қатар, домбыра сыныбының мұғалімі Ақнұр Алимбаева халық күйі «Көк дөнен» тақырыбында ашық сабақ өткізіп, күйдің орындалу ерекшеліктерін, қағыс түрлері мен орындаушылық мәнерін кәсіби тұрғыда түсіндірді. Оқушының сахналық мәдениеті мен орындаушылық қабілеттерін дамытуға ерекше көңіл бөлінді.
Жыр-терме сыныбының мұғалімі Әділбек Сүлейменов «Кете Жүсіп – Ер жігіт» шығармасы аясында ұйымдастырған ашық сабағында ұлттық сөз өнерінің тағылымын дәріптеп, терме арқылы жастарды елжандылыққа, ерлікке, адамгершілікке тәрбиелеудің маңызын көрсетті. Ал домбыра сыныбының мұғалімі Гүлжаухар Сәденова ұлы күйші Құрманғазы Сағырбайұлының әйгілі «Адай» күйі бойынша өткізген ашық сабағында шығарманың тарихи мазмұны мен орындалу техникасына терең тоқталып, оқушының күйшілік шеберлігін шыңдауға бағытталған тиімді тәсілдерін ұсынды.
Іс-шараның ерекше бөлімдерінің бірі – Түркістан қаласынан арнайы шақырылған профессор, физика-математика ғылымдарының кандидаты Еркін Ақтаевтың «Инновациялық педагог: дәстүрлі өнер мен заманауи технологиялардың интеграциясы» тақырыбындағы мазмұнды лекциясы болды. Лектор қазіргі білім беру жүйесіндегі цифрлық технологиялардың мүмкіндіктерін кеңінен түсіндіріп, ұлттық өнерді оқытуда инновациялық платформаларды тиімді пайдаланудың жолдары туралы құнды ойпікірлерімен бөлісті. Сонымен бірге, дәстүрлі өнер мен жаңа технологияны ұштастыру арқылы оқушылардың қызығушылығын арттыру, шығармашылық қабілетін дамыту мәселелері қозғалды. Тәжірибе алаңы барысында ұстаздар өзара пікір алмасып, ұлттық өнерді оқытудағы өзекті мәселелер төңірегінде ой бөлісті. Мұндай тағылымды кездесулер ұстаздардың кәсіби дамуына серпін беріп қана қоймай, ұлттық мәдениетіміздің өркендеуіне де үлкен үлес қосатыны анық.
Қазақтың күйі мен жыр-термесі – ғасырлар бойы ұлттың рухани болмысын сақтап келе жатқан асыл мұра. Оны жас ұрпақтың бойына сіңіру – бүгінгі ұстаздардың маңызды міндеттерінің бірі. Осы бағыттағы тағылымды шаралар ұлттық өнердің өміршеңдігін айқындап, рухани құндылықтарымыздың болашаққа нық қадам басуына жол ашады. Іс-шара соңында ұйымдастырушылар тағылымы мол кездесуге қатысып, тәжірибе бөліскен барлық қонаққа шынайы ризашылықтарын білдіріп, ұлттық өнеріміздің мәртебесі биіктей беруіне тілектестік танытты.
Гүлжаухар СӘДЕНОВА,
Т.Салқынбайұлы атындағы өнер мектебінің мұғалім
26 мамыр 2026 ж. 93 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№39 (10507)

26 мамыр 2026 ж.

№38 (10506)

23 мамыр 2026 ж.

№37 (10505)

19 мамыр 2026 ж.

Оқиғалар

Әженің ашуы
02 қаңтар 2025 ж. 3 179
Ақсұлу

Ақсұлу

29 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

ҚЫС КӨРІНІСІ
10 қаңтар 2026 ж. 744

Жаңалықтар мұрағаты

«    Мамыр 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
25262728293031