ҮМІТ СЫЙЛАЙТЫН ҰСТАЗ
Қазіргі қоғамда ерекше білім беруді қажет ететін балалармен жұмыс жасау – тек мамандық қана емес, үлкен жүректі, асқан жауапкершілікті талап ететін сауапты іс. Осындай ізгі жолды өмірлік мұратына айналдырып жүрген жанның бірі – Балнұр Шорманова. Ол аудандық психологиялықпедагогикалық түзету кабинеті мекемесінде педагог-психолог қызметін атқарып, ерекше балалардың дамуына өз үлесін қосып келеді.
Балнұр Қалдыбайқызы Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетін үздік тәмамдап, студенттік жылдары алған терең білімі мен тәжірибесін бүгінгі кәсіби қызметінде тиімді пайдаланып келеді. Университет қабырғасындағы ізденіс пен білімге деген құштарлық оның болашақ маман ретінде қалыптасуына берік негіз болды.
Ерекше балалармен жұмыс жасауда үздіксіз ізденіс пен кәсіби даму аса маңызды. Осыны жақсы түсінген маман өз білімін жетілдіруді ешқашан тоқтатқан емес. Әсіресе аутистік бұзылысы бар балалармен жұмыс жасау бағытында арнайы курстар мен тәжірибелік бағдарламаларға тұрақты түрде қатысып келеді. Соның бірі – Астана қаласында елімізге танымал клиникалық-дефектолог, «Белес» дамыту орталықтарының жетекшісі Мадина Халықберген ұйымдастырған «Аутизм: абилитация жолы» курсы. Сегіз айға созылған бұл тәжірибелік курс Балнұр Қалдыбайқызының кәсіби көзқарасын кеңейтіп, ерекше балалармен жүйелі әрі нәтижелі жұмыс жүргізуіне мол мүмкіндік берген.
Сонымен қатар ол JASPER терапиясы, «Ойлау» жобасы, аутизм, ЗПР, ЗРР диагнозы бар балалардың базалық және академиялық дағдыларын дамытуға арналған бірнеше кәсіби курстардан өткен. Мемлекеттік үлгідегі 80 сағаттық біліктілікті арттыру курстарын аяқтап, арнайы білім беру саласындағы теориялық әрі практикалық тәжірибесін нығайтқан.
Балнұр Шорманова үшін әр баланың жетістігі – үлкен қуаныш. Ол күнделікті жұмысында балалардың эмоциялық жағдайына, психологиялық дамуына, қарым-қатынас дағдылары мен әлеуметтік ортаға бейімделуіне ерекше мән береді. Сонымен қатар ата-аналармен және педагогтермен тығыз байланыс орнатып, әр баланың дамуына қолайлы орта қалыптастыруға күш салып келеді.
– Ерекше білім беруді қажет ететін балалармен жұмыс жасау – мен үшін үлкен жауапкершілік әрі жүрек қалауым. Әр баланың ішкі мүмкіндігін ашып, оның өзіне деген сенімін қалыптастыру – басты мақсатым. Баланың кішкентай жетістігінің өзі біз үшін үлкен нәтиже. Олардың қуанышы мен алға жасаған әр қадамы маған жаңа күш береді, – дейді ол.
Жуырда арнайы білім беру ұйымдарының арасында өткен «Оңалту орталығы, психологиялық-педагогикалық түзету кабинеті, аутизмі бар балаларды қолдау орталығының үздік педагогі» республикалық байқауының облыстық кезеңінде ол өзінің кәсіби тәжірибесін жоғары деңгейде таныстырды. Байқау барысында түзету-дамыту жұмыстары, ерекше балалармен жүргізілетін әдіс-тәсілдер, тәжірибелік жобалар мен кәсіби жетістіктер ұсынылып, маманның еңбегі әділ бағасын алды.
Сайыс нәтижесінде білікті маман облыстық кезеңнің жеңімпазы атанып, республикалық кезеңге жолдама иеленді. Бұл жетістік – тек маманның ғана емес, оның әріптестері мен ұжымының ортақ қуанышы.
– Бұл жеңіс – маған артылған сенім мен еңбегімнің бағалануы деп білемін. Алдағы уақытта да арнайы білім беру саласында аянбай еңбек етіп, әр баланың дамуына үлес қосуды басты мақсатым санаймын. Республикалық кезеңде облыс пен аудан намысын абыроймен қорғауға бар күш-жігерімді саламын, – дейді ол.
Шынында да, ерекше балаларға мейірім мен үміт сыйлап жүрген мұндай мамандар – қоғамның шынайы жанашыр жандары. Өз ісіне адалдық танытып, әр баланың болашағына сеніммен қарайтын Балнұр Қалдыбайқызы сынды білікті мамандардың еңбегі қашанда құрметке лайық.
Ардақ СӘКЕНҚЫЗЫ















