ІЗДЕНІСІ МОЛ МАМАН
Қазір адамдар бұрынғыдай емес, психологиялық білім алып, өзін түзеуге, өзгертуге бейімделіп келеді. Психолог мамандарға да сұраныс жоғары. Себебі бұл – шыныңды да, сырыңды да айтқыза білетін, күйзеліске түскенде көмектесетін бірден-бір маман. Ертеректе психологтарға баруды ерсі көрсе, бүгінде олардың кеңесіне жүгінгенді жөн көреді көбі.
Бүгінгінің баласы онлайн ойнайды. Соның салдарынан қылығы да ерсі, ойыны да оғаш. Ал олардың арасында түрлі естіп көрмеген ауруларды жиі байқап жатамыз. Баласын жетектеп емге тасып жүрген аналар да көп. Біреуі заманмен, енді бірі тағаммен, ал келесі бір қоршаған ортамен байланыстырып жатады. Қалай болса да баланың саулығы басты орында екенін жақсы білеміз. Осы салада еңбек етіп келе жатқан жанның бірі – Балнұр Шорманова. Ол Қорқыт-ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің педагог-психолог мамандығы бойынша бітіреді. Алғашқы еңбек жолы аудандағы психологиялық-педагогикалық түзету кабинетінде «Жастар практикасы» негізінде бастау алады. Біліктілігімен көзге түскен ол осында тұрақты жұмысқа орналасып, бүгінде аталған мекемеде еңбек жолын жалғастыруда.
Арнайы білім беру саласында жүрген Балнұр Қалдыбайқызы балаға мейлінше ерте бастан көңіл бөліп, жиірек сөйлесу керек екенін алға тартады.
– Бізде педагог-психолог маманына сабақ кестесі бойынша аптасына 4 рет аутистік спектр бұзылысы бар және психикалық дамуында тежелісі бар балалар түзете-дамыту сабақтарын алады. Ал жалпы кабинет мамандарына: сөйлеу тілінің бұзылысы, тірекқимыл аппаратының бұзылысы, аутистік спектр бұзылысы, психикалық дамуының тежелуі диагноздары бойынша түзетедамыту сабақтарын алуға тіркеледі. Жалпы арнайы білім беру саласының педагогпсихологі ретінде ерекше балалармен арнайы бағдарлама негізінде әртүрлі әдістемелермен атап айтсақ, арттерапия, құм терапиясы, ертегі терапиясы, музыка терапиясы және нейропсихологиялық жаттығулар АФК, СИ элементтерін ойын іс-әрекеті арқылы сабақ өтеміз, – дейді кейіпкеріміз.
Белсенді жанның жұмыстағы жанжақтылығы бір төбе. Бес жылға жуық уақыт ішінде біршама жетістікке жетіп те үлгерген. Айтар болсақ, 2019 жылы «Отаным, саған айтамын» атты республикалық қолөнер шығармашылық байқауының «ГРАН-ПРИ», «Балбұлақ» республикалық балалар мен жасөспірімдер шығармашылық байқауының арнайы дипломы, облыстық білім басқармасы, кәсіподақ комитетінің Құрмет грамотасын иеленген. Білікті басшы Ләззат Мусаеваның да Балнұрға беретін бағасы жоғары. – Педагогика саласында қырық жылға жуық еңбек етіп келемін. Әртүрлі қызмет атқардым. Балалармен қарым-қатынасы, олармен өткізілетін сабақтарына аса жауапкершілікпен қарайды. Осындай маманымыз бар деп әркез мақтан тұтамыз, – дейді ол. Кез келген істе нәтиже шығарғанды құп көреміз. Бірақ оның артында талай еңбек жатқанын кейде елей бермейміз. Бұл ұжым да нәтиже көрсеткен баланың артында бірнеше адамның жұмысы жатады. Себебі мұнда келушілер тек бір маманның сабағына қатысып қана қоймайды, логопед, дефектолог, ЕДШ маманы, әлеуметтік-педагогтармен бірлесе жұмыс істейді.
– Біздің салада ПМПК сараптау комиссиясының шешімі бойынша тіркелген балаларды диагноздарына қарай жоғарыда аталған мамандар қабылдап, түзетедамыту жұмыстарын жүргізеді. Баланың жан-жақты дамуына ықпал ету жолында бірлескен командалық жұмыстар атқарылады. Сондықтан нәтижеге жету бірлескен жүйелі жұмыстың жемісі деп айтсақ, артық емес. Кабинет басшысы Ләззат Мусаеваға, арнайы мамандарға және өзіме де ата-аналар тарапынан айтылып жатқан алғыс-пікірлер шексіз, – дейді Балнұр Қалдыбайқызы.
Мамандығына шын берілген адамның сөзі де, көзі де алдамайды. Қай кезде болсын білімді де білікті маманға сұраныс жоғары. Балнұрдай білікті жанның әлі де талай биік шыңдарды бағындыратынына сенім білдірдік. Себебі мамандығына деген адалдығы, жанашырлығы оны үнемі алға жетелеп келеді.
Ақнұр САҒЫНТАЙ