» » САПАЛЫ БІЛІМ – САУ ҚОҒАМ

САПАЛЫ БІЛІМ – САУ ҚОҒАМ

Біз үлкен қоғамда өмір сүреміз. Ал оның әрбір мүшесі – жеке тұлға, түрлі тағдыр иесі. Тағдырдың сан тарау жолдары біреу үшін бұралаң, енді біреу үшін тақтайдай тегіс. Сондай-ақ Тәңірдің сынағына сынбай, тағдырға төзіп жүргендер қанша?
«Үміт еткен көзімнің нұры балам» дегендей, перзентінің өзгеден ерек болып өмір есігін ашуы кімге де болса оңай емес. Алайда осы сынақты еңсеріп, перзентінің денсаулығы үшін алаң қылып, қоғамға араласуына жағдай жасайтын бірден-бір жан ол, әрине, ата-ана. Қазір оларға демеу болып, баланың белсенділігінің артуына, жаңа қабілетінің ашылуына сеп болатын мекеме мен орталықтар бар. Солардың бірі – психологиялық-педагогикалық түзету кабинеті. Негізінен мекеме «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару туралы», «Кемтар балаларды әлеуметтік және медициналық-педагогикалық түзету арқылы қолдау туралы» Қазақстан Республикасының Заңдары негізінде облыс әкімдігінің 2005 жылғы 1 наурыздағы №331 санды қаулысымен және облыстық білім департаментінің 15.03.2005 жылғы №74 санды бұйрығымен «Қармақшы ауданының психологиялық-педагогикалық түзету кабинеті» мемлекеттік мекемесі болып құрылған. Оған алғашында ауданға белгілі ардагер-ұстаз Дәмелі Жалғасбаева басшылық етсе, қазіргі таңда мекеме басшысы білікті ұстаз, тәжірибелі психолог Ләззат Мұсаева өз қызметін абыроймен атқаруда.
Түзету кабинеті кімге және қандай қызмет көрсетеді деген сауалдың тууы заңды. Бұл – арнайы түзетуші топтық, шағын топтық және жеке дамытушы бағдарламаларды іске асыратын және ерекше білім беруге қажеттілігі бар балаларға кешенді психологиялық-педагогикалық көмек көрсету үшін құрылған арнайы білім беру ұйымының бірі. Мұнда ерекше балалардың түрлі санатына, соның ішінде 0 мен 18 жас аралығындағы психикалық, ақыл-ой дамуы кешеуілдеген, тірек-қимыл аппараты, есту, көру, сөйлеу қабілеті бұзылған, ерте жастан аутизммен зардап шегуші, эмоциялық ерік жағынан кемшілігі бар балаларға психологиялық және педагогикалық тұрғыда түзетедамыту жұмыстарын жүргізеді. Ал кабинет «Дамуында проблемалары бар балалар мен жасөспірімдерді оңалту және әлеуметтік бейімдеу» және «Мүмкіндігі шектеулі балаларды тәрбиелеп отырған отбасыларға консультациялық көмек көрсету» мемлекеттік қызмет көрсету талабына сай балаларға және олардың ата-аналарына қызмет көрсетеді.
Жақында ауданның психологиялық педагогикалық түзету кабинетінің басшысы Ляззат Сұлтанбекқызының жетекшілігімен және кабинет мамандарының ұйымдастыруымен «Ерекше білім беруді қажет ететін балалармен жүргізілетін түзетедамыту сабақтарын сапалы ұйымдастыру әдіс-тәсілдері» тақырыбында ашық есік күні өтті. Оған аудандық әйелдер кеңесінің төрайымы, партия ардагері Гүлжауһар Раева, ардагер-ұстаз Дәмелі Жалғасбаева, облыстық мәслихат депутаты Дильфура Байрахтарова, білім бөлімінің әдіскері Айгерім Кенжебаева, мектеп және бала-бақша дефектологтары қатысты.
Тәлімді іс-шараның басты мақсаты – ерекше білім беруді қажет ететін балалармен жүргізілетін түзете-дамыту сабақтарының мазмұнымен ата-аналарды, педагогтерді және басқа да мүдделі тараптарды таныстырып, олардың түзету процесіне деген сенімін арттыру, бірлескен әрекеттестікті нығайту. Іс-шарада жұмыс кабинеттерімен мекеме басшысы Ләззат Сұлтанбекқызы таныстырса, мекеме психологі Балнұр Шорманова танысу тренингін өткізді. Әлеуметтік педагог Гүлжан Досмырзақызы «Мезгілдік киімдер» тақырыбында жеке сабақ көрсетсе, педагог-логопед Гүлназ Амантаева «Баланың сөйлеу тілін дамыту» сабағында ерекше әдіс-тәсілдермен бөлісті. Сондайақ «Кеңістікті бағдарлау және сенсорика» тақырыбында педагог-психолог Рауа Бұйрабаева, «Ұлттық құндылықтар негізінде танымдық қабілеттерді нейрогимнастика мен нейроритмика арқылы дамыту» тақырыбында Балнұр Шорманова, «Қимыл қозғалыс ойындары арқылы танымдық қабілеттерін белсендіру» тақырыбында педагог-дефектолог Гүлжауһар Нұрпейісова қызықты сабақтар өткізсе, емдік денешынықтыру нұсқаушысы Назерке Әлібекқызы «Жалпы дамыту жаттығулары» тақырыбында керекті мағлұматтар берді. Ашық есік күні педагог-дефектолог Райхан Абдраманның «Үй жануарлары» тақырыбындағы жеке сабақпен түйінделді. Сонымен қатар мұндағы сабақтардың жүйелі өтуіне мекеменің жас мамандары Гүлдана Көпжасарова мен Гүлжан Махан, Нұрай Жұмабековалар да белсенді қатысқан. Бір айта кетерлігі, Нұрай кішкентайынан осы кабинеттен тәлім алып, бүгінде жас маман болып қызмет етуде.
Қорытындысында келген қонақтар ойпікірлерін айтып, ұжым жұмысына сәттілік тіледі. Мұндағы жұмыстың жүйелілігін көзбен көріп, көңілмен түйсіндік. Әр баланың аузынан шыққан бір сөзге, оң өзгеріске біз де қуандық. Оңтайлы ісі мол орталықтың жұмысына атааналар қауымы да дән риза. Бала бойындағы оң өзгеріс үшін жанын салатын ұстаздар қай жағынан да мақтауға лайық. Білімді де білікті мамандардан құралған ұжымның арқасында көптеген тәрбиеленуші қатарға қосылып, болашағының жарқын боларына бек сенімді. Ал ашық есік күнінен әріптестер жаңа әдістәсілдерді ойға түйгені анық.
Ардақ СҮЛЕЙМЕНОВА

21 мамыр 2025 ж. 237 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№37 (10405)

20 мамыр 2025 ж.

№36 (10404)

17 мамыр 2025 ж.

№35 (10403)

13 мамыр 2025 ж.

Оқиғалар

Әженің ашуы
02 қаңтар 2025 ж. 789
Ақсұлу

Ақсұлу

29 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Мамыр 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1234
567891011
12131415161718
19202122232425
262728293031