» » Оңтайлы ісімен үлгі болған орталық

Оңтайлы ісімен үлгі болған орталық


Біз үлкен қоғамда өмір сүреміз. Ал оның әрбір мүшесі – жеке тұлға, түрлі тағдыр иесі. Тағдырдың сан тарау жолдары біреу үшін бұралаң, енді біреу үшін тақтайдай тегіс. Сондай-ақ Тәңірдің сынағына сынбай, тағдырға төзіп жүргендер қанша?
«Үміт еткен көзімнің нұры балам» дегендей, перзентінің өзгеден ерек болып өмір есігін ашуы кімге де болса оңай емес. Алайда осы сынақты еңсеріп, перзентінің денсаулығы үшін алаң қылып, қоғамға араласуына жағдай жасайтын бірден-бір жан ол, әрине, ата-ана. Қазір оларға демеу болып, баланың белсенділігінің артуына, жаңа қабілетінің ашылуына сеп болатын мекеме мен орталықтар бар. Солардың бірі – психологиялық-педагогикалық түзету кабинеті. Осы жолы сіздерге қызметі көпке көріне бермейтін кабинет пен ондағы мамандардың өлшеусіз еңбегін әңгімелемекпіз.

Негізінен мекеме «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару туралы», «Кемтар балаларды әлеуметтік және медициналық-педагогикалық түзету арқылы қолдау туралы» Қазақстан Республикасының Заңдары негізінде облыс әкімдігінің 2005 жылғы 1 наурыздағы №331 санды қаулысымен және облыстық білім департаментінің 15.03.2005 жылғы №74 санды бұйрығымен «Қармақшы ауданының психологиялық-педагогикалық түзету кабинеті» мемлекеттік мекемесі болып құрылған. Оған алғашында ауданға белгілі ардагер-ұстаз Дәмелі Жалғасбаева басшылық етсе, қазіргі таңда мекеме меңгерушісі білікті ұстаз, тәжірибелі психолог Ләззат Мұсаева өз қызметін абыроймен атқаруда.
Түзету кабинеті кімге және қандай қызмет көрсетеді деген сауалдың тууы заңды. Бұл – арнайы түзетуші топтық, шағын топтық және жеке дамытушы бағдарламаларды іске асыратын және ерекше білім беруге қажеттілігі бар балаларға кешенді психологиялық-педагогикалық көмек көрсету үшін құрылған арнайы білім беру ұйымының бірі. Мұнда мүмкіндігі шектеулі балалардың түрлі санатына, соның ішінде 0 мен 18 жас аралығындағы психикалық, ақыл-ой дамуы кешеуілдеген, тірек-қимыл аппараты, есту, көру, сөйлеу қабілеті бұзылған, ерте жастан аутизммен зардап шегуші, эмоциялық ерік жағынан кемшілігі бар балаларға психологиялық және педагогикалық тұрғыда түзете-дамыту жұмыстарын жүргізеді. Ал кабинет «Дамуында проблемалары бар балалар мен жасөспірімдерді оңалту және әлеуметтік бейімдеу» және «Мүмкіндігі шектеулі балаларды тәрбиелеп отырған отбасыларға консультациялық көмек көрсету» мемлекеттік қызмет көрсету талабына сай балаларға және олардың ата-аналарына қызмет көрсетеді.

Мекемеге аудандық бюджеттен қаржы бөлініп, ерекше қажеттілігі бар балалар үшін керек құрал-жабдықтар алынған. Бұл құралдар қазір келушілерге түзете-дамыту сабағын сапалы жүргізу үшін қолданылуда.
– Бізде қызмет ететін мамандар – өз ісінің шеберлері. Бұлай деуімнің себебі сабаққа келетін балаға да, кеңесті қажет ететін атаанаға да көмек қолын созамыз. Өйткені, ерекше қажеттілігі бар баланың жақындары үшін психологиялық қолдау аса маңызды. Жыл сайын арнайы маман көмегін қажет етушілер саны артуда. Соңғы бес жылдық көрсеткіш бойынша түзету кабинетіне тіркелген бала саны 25-35-тен аспаса, ал қазіргі таңда 50- 70 бала жыл сайын арнайы мамандардан сабақ алу үшін тіркеледі. Алайда, жүргізілген жұмыстар бойынша нәтиже де жоқ емес. Атап айтар болсақ, былтырғы оқу жылында тіркелген 70 баланың 30-ы түзетілуіне байланысты жалпы ортаға қосылды. Бұл біздің мамандардың біліктілігі мен ата-аналардың тынымсыз еңбегінің арқасы, – дейді кабинет меңгерушісі Ләззат Сұлтанбекқызы.
Мекемеде педагог-дефектолог Г.Нұрпейісова, педагог-логопед М.Жүсіпова, педагог-психологтар Р.Бұйрабаева, Г.К嬬¬німбаева, емдік дене шынықтыру нұсқаушысы А.Абдраман, медбике-массаж жасаушы Н.Әлібекқызы, әлеуметтік педагог Г.Досмырзақызы, тәрбиеші-педагог Б.Шорманова өз қызмет бағытына сәйкес түзетедамыту жұмыстарын жүргізеді. Әр маман өз саласы бойынша кеңес беріп, баладан бөлек, ата-аналарды жеке және «Ашық есік күніндегі» түзету сабақтарына қатыстырып, жаттығулар мен тапсырма түрлерімен таныстырады. Бұл орталық үшін ата-анамен байланыс өте маңызды. Себебі берілген тапсырма мен жаттығуды орындауда атаананың көмегі қажет.
Ал елдегі карантин мекеме жұмысына кедергі емес. Түзету кабинеті мамандары да наурыздан бері қашықтан оқытуға ауысып, әлеуметтік желілер арқылы кабинет меңгерушісі және мамандары ерекше қажеттілігі бар балалар мен олардың атаанасына онлайн кеңес беру жұмыстарын жүргізуде. Күн сайын түрлі әдіспен бөлісетін мамандардың өз жұмысын сүйетіні көрініпақ тұр. Ал бейнежазба астына жазылған пікірлерден орталық жұмысы көптің көңілінен шығатынын анық аңғаруға болады. Оған баласының бойындағы оң өзгерістерді жарыса баяндаған аналар мен алғаусыз алғысын жаудырған ақжаулықтылардың пікірі дәлел бола алады.

– Немерем Нұртуған 1 сыныптан бастап осы орталықтың көмегіне жүгінуде. Қазір бесінші сыныпқа өтті. Мұндағы мамандарға ризамын. Өйткені олар әрбір балаға өз баласындай мейірлене қарайды. Жылы көзқарасты бала да сезеді емес пе? Апайының көзқарасына немеремнің ықыласы ауып, жақсы нәтижелер көрсетуде. Мамандардың еңбегінің арқасында сөйлеуге, жаттығу жасауға, сурет салуға талпыныс жасады. Мұндай өзгеріске қашан да ризамыз. Сол үшін де мамандарға шексіз алғысымды білдіремін, – дейді еңбек ардагері, зейнеткер Бақтыгүл Маханова.
Онлайн жүйе арқылы жұмысын жүргізіп отырған мекеме ұжымы елдегі жағдайға да бей-жай қарамады. Кабинет меңгерушісі Ләззат Мұсаеваның бастамасымен «Еріктілер тобы» құрылып, дертпен дамылсыз күресіп жатқандарға көмек қолын созуда. Одан бөлек, қайырымды істің басықасында жүру олар үшін әдетке айналған. Жүрегі мейірімге толы мамандар игілікті істерге әлі де үлес қосатынын жеткізді.
Орталық мамандары ата-анадан бөлек, өзге де сала мамандарымен тығыз байланыс орнатқан. Себебі, бала – қоғамның бір бөлшегі. Осыған орай, аудандық емхана, әлеуметтік бағдарламалар бөлімі және аудандағы қоғамдық қорлар, арнайы сынып мамандарымен бірлескен тақырыптық дөңгелек үстел, психологиялық тренинг пен семинарлар тұрақты түрде өткізіледі.
Сондай-ақ, мүмкіндігі шектеулі балалардың шығармашылық қабілетін дамыту мақсатында «Шебер қолдар» және «Ертегілер елінде» үйірмелері жұмыс істейді. Олар баланың қызығушылығын арттырып, ұсаққол моторикасы мен сөздік қорын дамытып, танымын, ой-өрісін кеңейтеді. Ал балаларды қоғам өміріне араластыру мақсатында түрлі сайысқа қатыстыру жолға қойылған. Соның ішінде түзету жұмысын алушы балалар жыл сайын өткізілетін облыстық «Жүрек жылуы», республикалық «ВІ Жұлдызай» фестивальдеріне тұрақты түрде қатыстырылады. Нәтиже де көңіл қуантарлық. Мәселен, былтыр "BI Жұлдызай" фестивалінің халықаралық байқауында кабинеттен түзете-дамыту сабағын алушы Назым Абдұлқасымқызы ән жанры бойынша I орынды иеленсе, биыл да мамандардың жетекшілік етуімен Н.Бақытбекұлы мен М.Елубайұлы «ВІ Жұлдызай» фестивалінің облыстық іріктеу кезеңіне «Қолөнер» жанры бойынша қатысып, облыстық білім басқармасының дипломы мен арнайы сыйлықпен марапатталған.
Иә, оңтайлы ісі мол орталықтың жұмысына ата-аналар қауымы дән риза. Бала бойындағы оң өзгеріс үшін жанын салатын ұстаздар қай жағынан да мақтауға лайық. Білімді де білікті мамандардан құралған ұжымның арқасында көптеген тәрбиеленуші қатарға қосылып, болашағының жарқын боларына бек сенімді.
Ардақ СҮЛЕЙМЕНОВА
18 тамыз 2020 ж. 1 137 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№94 (10359)

26 қараша 2024 ж.

№93 (10358)

23 қараша 2024 ж.

№92 (10357)

19 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 355

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 436

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930