» » БАСКИІМ ҚАДІРІ – ЕРДІҢ НАМЫСЫ

БАСКИІМ ҚАДІРІ – ЕРДІҢ НАМЫСЫ

Бала күнімізде ауылда жалаңбас жүрген қарияны көрмейтінбіз. Әр ақсақалдың қолында таяғы, басында бөркі, ал әжелердің кимешегі болатын. Бұл – жай ғана киім емес, бұл – тәрбие, бұл – ұлттың болмысы еді. Баскиімді аяқ астына тастау, оны басу түгілі, аттап өтуге де болмайтын. Осындай ұғымдар санамызға кішкентай кезден сіңіп, үлкенді сыйлау мен дәстүрді құрметтеудің бір белгісіне айналған.
Бүгінгі күні сол құндылықтарымыздың көмескіленіп бара жатқаны алаңдатады. Әсіресе, ораза айында ауызашар дастарқанында үлкен кісілердің бас киімін шешіп, жалаңбас отыруы ерсі көрінеді. Бұрын төрге шыққан қария баскиімімен бірге абыройын да алып шығатын. Ал қазір бас киімді ілгішке іліп қою үйреншікті көрініске айналған.
Әзербайжанның Шыңғыс Абдуллаев деген мықты жазушысының осыдан жиырма бес жыл бұрын орыс тіліндегі кітабынан «Еркектің бөрігінің қадірі» туралы бір шығармасын оқығаным бар. Бұл оқиғада бас-киімнің, нақтырақ айтқанда, бөріктің, адам намысымен қаншалықты тығыз байланысты екені анық көрсетілген.
Таулы ауылдардың бірінде үш ақсақал күн сайын ауыл ортасындағы үлкен ағаштың астына жиналып, халықтың арыз-шағымын тыңдап, дау-дамайды шешіп отырған екен.Күндердің бірінде мектепке жоғары сынып оқушыларын әскери даярлыққа үйрету үшін Калашников автоматы әкелініпті. Қаруды мектепте қалдырудан қорыққан директор оны оқтарымен бірге үйіне алып кетеді. Келесі күні жұмысқа кеткенде үйіндегі 12 жасар ұлы абайсызда автоматты қолына алып, аулада атып көреді. Өкінішке қарай, оқтың бірі аяғы ауыр әйелге тиіп, ол қаза табады. Бұл – бүкіл ауыл үшін орны толмас қайғы әкеледі. Қайтыс болған келіншек те, мектеп басшысы да сыйлы отбасылардан еді. Әзербайжан тілінде мұғалім сөзі тек ұстаз емес, «аса құрметті адам» дегенді білдірсе керек.
Оқиғадан кейін ақсақалдар жиналып, бұл жағдайды «жантүршігерлік қателік» деп бағалайды. Олар қаза болған әйелдің әкесіне барып, кінәлі отбасының жаназаға қатысуына рұқсат сұрамақ болады. Қаралы үйдегі көрініс ауыр еді. Ақсақалдар төрге шығып, бастарындағы бөрікті шешіп, үстел үстіне қояды. Дастарқанға шай әкелінеді, бірақ ешкім кесеге қол тигізбейді. Үй иесі олардың өтінішін тыңдап, ұзақ үнсіз қалады. Ақыры: «Кешіре алмаймын. Іштегі немеремізді сонша ұзақ күтіп едік, кешіру мүмкін емес» деп жауап береді. Бұл сөзден кейін ақсақалдар одан әрі өтінудің пайдасыз екенін түсінеді. Сөйтіп үнсіз орнынан тұрып, бөріктерін сол күйі үстел үстінде қалдырып, сыртқа бет алады. Дәл осы сәтте күтпеген жағдай орын алады. Үй иесі олардың артынан жүгіріп шығып, тоқтатып, қайтадан төрге шығарады. Қайтадан шай құйып, ішіне қант салады, өзі де кеседен шай ішеді. Бәрі сөзсіз түсінікті болады. Бұл – кешірімнің белгісі еді. Қонақтар баскиімін киіп, үнсіз шығып кетеді. Кешкісін бұл хабарды бүкіл ауыл естиді.
Тау халқында ақсақалдардың жалаңбас күйде ауыл ішінде жүруі – ең үлкен ұят саналған. Егер әлгі қариялар бөріксіз көшеге шықса, бүкіл ауылға таңба болар еді. Ал бөрікті тек ерекше жағдайда, яғни қан кешірім сұрағанда ғана шешетін болған. Үй иесі осы үш бөріктің қадірі үшін жүрегіндегі ауыр қайғыны жеңіп, кешірген. Бұл оқиға – жай ғана әңгіме емес. Бұл – ұлттың рухани биіктігін көрсететін үлкен сабақ.
Қазақта «Бөрік кигеннің намысы бір» деген сөз бар. Бұл – баскиімнің жай ғана тұрмыстық зат емес, намыс пен ардың белгісі екенін білдіреді. Бөрік – ер адамның абыройы, оның мәртебесі. Сол сияқты әйел адамның орамалы – оның ұяты мен инабатының көрінісі. Бүгінде біз осы мәнді ұмытып бара жатқандаймыз. Баскиімді тек суықтан қорғану үшін киетін қарапайым бұйым ретінде ғана қабылдай бастадық. Ал шын мәнінде, ол – ұлттық кодтың бір бөлігі.
Иә, ұлттық құндылықтар ұсақ-түйектен басталады. Баскиімді қадірлеу – үлкенге құрмет, өзіңе жауапкершілік, қоғамға деген сыйластықтың белгісі. Егер біз осындай қарапайым көрінетін дәстүрлерді қайта жаңғырта алсақ, онда ұлттық рухымыз да нығая түсер еді.
Қариялардың төрде баскиімімен отыруы тек сыртқы көрініс емес, үлкен тәлім-тәрбие дер едік. Ол – кейінгі ұрпаққа үнсіз берілетін үлгі. Ал жалаңбас отыру кей жағдайда жауапсыздық пен немқұрайлылықтың белгісі ретінде қабылдануы мүмкін. Сондықтан бүгінгі қоғамға ой салатын бір сұрақ бар: біз ұлттық болмысымызды сақтауда қаншалықты жауаптымыз?
Егер әрқайсысымыз өзімізден бастап, дәстүрімізге құрметпен қарайтын болсақ, онда жоғалтқанымызды қайта табуға мүмкіндік бар. Бөрікті қадірлеу арқылы біз тек бір киімді емес, тұтас ұлттың намысын көтереміз.
Мұратбек МУСАЕВ
22 сәуір 2026 ж. 103 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№29 (10497)

21 сәуір 2026 ж.

№28 (10496)

18 сәуір 2026 ж.

№27 (10495)

14 сәуір 2026 ж.

Оқиғалар

Әженің ашуы
02 қаңтар 2025 ж. 2 939
Ақсұлу

Ақсұлу

29 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

ҚЫС КӨРІНІСІ
10 қаңтар 2026 ж. 577

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
27282930