» » » Орамал туралы орамды ой

Орамал туралы орамды ой

Орамалдың қадірін білетін екі адам болса, оның бірі – менің анам. Ол 35 жыл ұстаздық жолында еңбек етті. Қазір зейнеттік демалыста. Анам мектепте қызмет істеп жүргенде де орамалын басынан тастамайтын. Күні бүгінге дейін анамның жалаңбас жүргенін көрмеппін. Тіпті ұжымдастары да «мектепте орамал тартатын жалғыз апайымыз» деп әзілдесіп отыратын.
Қазақта: «Әйел орамал тақпаса арын ұмытады, күйеуінің барын ұмытады, шашы тамаққа түседі, үйіне келген қонақтың назары түседі», – деген сөз бар. Иә, ақ жаулықты әжелереміз, ақ орамал таққан жеңгелеріміз әрдайым қазақтың бетке ұстар айнасы болған. Ұлттың арын да, өзін де сақтап қалатын ең әуелі қыздары. Қызымыз текті, тәрбиелі, инабатты болса елді ешқашан жау алмақ емес. Дегенмен осы тектілікті, оның арын, ұлттық белгісін көрсететін қыздың өзі ме? Жоқ, әрине. Қыздың қылығы, жүріс-тұрысы және басына таққан орамалы.
Рас, бүгінде орамалдың қадірі қашып, құны төмендеңкіреп кеткеніне іштей қынжыласың. Орта жастан асып, немере сүйіп отырған кейбір апаларымыз бен самайына ақ шаш түскен әжелеріміздің жалаңбас күйде жүргенін жиі көріп те жүрміз. Осыны көріп келе жатқан жас буын кімге қарап бой түземек?
Ертеректегі ел аузынан тараған аңызға сүйенсек, жаугершілік заманда қыз-келіншектер орамалын көтеріп үлкен даудың алдын алған сәттері де болған. Қолына қару алған батырдың бәрі орамалдың алдында дәрменсіз болған еді. Орамалсыз әйелге тіпті көз жанарын да салмай, ақ орамалдан аттамаған.
Аталы сөзден аттамай, салтын сақтап, дәстүрін дәріптеген, қасиеті қанына сіңген қазақ ұлтының өнегеге толы өмірінің бір бөлшегі – ақ орамал. Сондықтан, «дәстүрдің озығы бар, тозығы бар» деп тоқмейілсімей, күнделікті үй жағдайында, ас әзірлегенде, бала емізгенде орамалды тағуы міндетті.
Орамал таққан әрбір келіншек одан әрі ажарланып, тіпті шашыңызды жасырып, маңдайыңызды жарқыратып жүруіңіз айналаңызға көрсеткен риясыз сыйыңыз. Ұмытпаңыз, орамал – сыйластықтың да белгісі. Кейде үлкен кісіге сәлем берерде басымызда орамалымыздың жоғына ұялып, қипақтап қалатынымыз да өтірік емес. Міне, мұның өзі сыйластық. Әрбірден соң орамал – деннің саулығы. Рас, орамал сіздің денсаулығыңызға әсер етеді. Ең әуелі басыңызды сырттан келетін түрлі аурудан сақтайды.
Бүгінде жастар арасында орамал сәнге айналып бара жатқанын алға тарту керек. Себебі жаңа үлгідегі орамалдардың шығуы жастар арасында орамалға деген қызығушылықты оятқан ба дерсіз. Жалпы нәзікжандылар болмысынан әдемілікке, жылтыр дүниеге құмар келеді ғой. Сондықтан орамал тағудың түрлі әдісі арқылы да орамал сәнге айналып келеді.
«Қыз Жібекті ойласаң нең кетеді, ахау, орамалы тұрады бес жүз жорға» деп әнге қосқан қазақ орамалды қаншалықты бағалағанын осы ән тармақтарынан-ақ аңғарсақ керек-ті. Ақ жаулықты аналарымыз салып кеткен дара жолды жалғап, ұлттық құндылықтарымызды жоғалтып алмасақ игі.
А.АХМЕТ
21 қазан 2024 ж. 83 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№89 (10354)

09 қараша 2024 ж.

№88 (10353)

05 қараша 2024 ж.

№87 (10352)

02 қараша 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 005

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930