» » ІЗДЕНІС ПЕН ІЗГІЛІКТІҢ ИЕСІ

ІЗДЕНІС ПЕН ІЗГІЛІКТІҢ ИЕСІ

Кісі баласын кемел білім мен руханиятқа жетелейтін киелі күш – кітап. Ал сол асыл қазынаны сақтап, ұрпаққа жеткізетін қасиетті мекен – кітапхана. Кітап – адамды ізгілікке, парасатқа бастаса, кітапхана – сол ізгіліктің ордасы, рухани байлықтың қайнар көзі.
Көрнекті мемлекет қайраткері Әбіш Кекілбаев «Мен кітапхананы ақыл-білім, адамгершілік ордасы деп білемін. Ал кітапханашыларды ешқашан жоғалмауға тиісті сол асыл қазынаның сақшысы санаймын» деп бекер айтпаған. Шынында да, кітапханашы тек кітап беріпалушы маман емес, ол – оқырман мен білім арасындағы алтын көпір, рухани әлемнің бағыт берушісі.
Бүгінгі кейіпкеріміз – Ақжар ауылдық кітапханасының кітапханашысы Ақмарал Әміралиева. Ол ауданымыздың тумасы. А.Жанпейісов атындағы №105 қазақ орта мектебін алдыңғы қатарлы үздік оқушылар сапында аяқтаған. Алматыдағы Тұрар Рысқұлов атындағы Қазақ экономикалық университетінде «Салық ісі» факультетін бітіреді.
Еңбек жолын 2011-2014 жылдары «Ораз ахун ЛТД» ЖШС-де есепші болып бастайды. 2014-2020 жылдары «Сәрсенбай Бөртебайұлы атындағы клуб үйі» КМҚК-да есепші қызметін атқарады. 2015-2019 жылдар аралығында Шымкент қаласында Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінде «Кітапхана ісі» мамандығын меңгереді. 2020 жылдан бері Ақжар ауылдық кітапханасында кітапханашы болып еңбек етіп келеді.
– Кітапхана – тек кітап сақталатын орын емес, ол – білімнің, тәрбиенің, рухани дамудың алтын ұясы. Кітапхана маған бала кезімнен қатты ұнайтын. Өзім №105 мектепте білім ала жүріп, мектепке жақын кітапханаға жазылып, үнемі кітап алып оқитынмын. Кітапханада Рахила деген кітапханашы апай бізге, яғни оқырмандарға қызмет көрсетіп, сұраған кітаптарымызды ұсынып отыратын. Кітапханадағы көп кітап, оқырман залы ішіндегі тыныштық, түрлі көздің жауын алар кітап көрмелері жаныма жағымды сезім сыйлайтын. Алматы қаласына оқуға түскенде Ұлттық кітапханаға тіркеліп, сабақтан шыққан соң ең бірінші кітапханаға баратынмын. Онда отырып кештің қалай батып кеткенін байқамай, кітапханашы жұмыс аяқталғанын жеткізіп жабылатынын хабарлағанда бір-ақ білетінмін. Себебі мұнда әрбір оқырман өзіне қажетті ақпаратты тауып, жаңа дүниелермен танысып, ой-өрісін кеңейтеді. Бірақ сол кітапханашы болуды ойламаппын. Бір есімде қалғаны ұстаз оқушының бойынан қандай мамандыққа бейім екенін сезетіні бар, ұстазым Гүлжауһар Раева 11-сынып бітірерде «Ақмарал, сенің бойыңнан келешек мәдениет саласында қызмет атқаратын маман көремін» деп осы саланы таңдауды ұсынған еді. Бірақ балалық болды ма есеп саласын таңдап, оқып шықтым, – дейді ол өткен күндерге көз жүгіртіп.

Ақмарал Сағатқызы 2008 жылы Ақжар ауылына Көптілеу есімді азаматқа тұрмысқа шығады. «Үйлену оңай, үй болу қиын» дегендей, отбасының бірлігі, татулығын сақтап отыруына ата-анасы мен ата-енесінің берген мол тәрбиесі екенін әркез естен шығармайды. Жолдасымен бірге екі ұл тәрбиелеп отыр. Үлкені Еркін 11-сыныпта, ал Рамазаны 9-сыныпта оқиды. Екеуі де мектеп үздіктері.
– Екі балам дүниеге келіп, балабақшаға барғаннан соң жұмысқа орналасып, 10 жылдай есепші қызметін атқардым. Ақжар ауылдық кітапханасының оқырманы едім. Сол кітапханаға барсам көңілім жай, бір керемет сезімде боламын. Кітапханашы Күләш Ақмаханова апай өте керемет жан. Барғанда оқырманға қызмет көрсетуі жоғары деңгейде болатын. Сол ойлана келе жаныма жақын мамандық кітапханашы екенін түсініп, кітапхана саласына оқуға түстім. Солай кітапханаға деген қызығушылығымның арқасында өмір жолым осы салаға бұрылды, – дейді ол.

Кейіпкеріміз еңбегі мен мамандығына деген адалдығы түрлі деңгейдегі марапаттар мен алғыс хаттар арқылы жоғары бағаланып келеді. Ол мәдениет пен руханият саласындағы белсенді қызметі үшін бірнеше мәрте құрметке ие болған. Атап айтар болсақ, әр жылдары Ә.Тәжібаев атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасы басшысының Алғыс хаты, аудан әкімінің Алғыс хаты, «Кітапхана – мақтанышым, кітапханашы – мамандығым» атты жас кітапханашылардың аудандық байқауында І орын, «Шәкәрім оқулары» республикалық байқауына шәкірттер дайындағаны үшін Қазақстан Республикасының Ұлттық академиялық кітапханасының директорының Алғыс хаты, Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің «Рухани қазына – 2023» фестивалінен Вице-министрдің Алғыс хатын алған.
– Қазіргі ақпараттық технологиялар дәуірінде жастардың кітапқа деген қызығушылығын арттыру – өзекті мәселелердің бірі. Смартфон мен әлеуметтік желілер уақытты көп алатын заманда кітап оқудың маңызын түсіндіру, оны күнделікті әдетке айналдыру – кітапханашының кәсіби әрі рухани міндеті. Кітап адамның ой-өрісін кеңейтіп, дүниетанымын қалыптастырады, сөздік қорын байытады. Сол себепті жастарды кітап оқуға баулу арқылы біз олардың саналы, білімді, елжанды азамат болып қалыптасуына жол ашамыз. Сондықтан кітапхана тек кітап сақтайтын орын ғана емес, ол – рухани тәрбие мен білімнің ордасы. Жастарды кітапқа тартудың тиімді жолдарының бірі – қызықты әрі заманауи форматтағы іс-шаралар ұйымдастыру. Мысалы, әдеби кештер, пікірталас клубтары, кітап оқу марафондары, буктрейлер байқаулары жастардың қызығушылығын оятады. Жастарды кітап оқуға баулу – болашаққа салынған инвестиция. Кітапқа жақын өскен ұрпақ – саналы, білімді, рухы биік ұрпақ. Ал осындай ұрпақты тәрбиелеуде кітапханашының рөлі айрықша екені рас. Сондықтан әрбір кітапханашы өз ісіне шығармашылықпен қарап, жастардың кітапқа деген қызығушылығын арттыру жолында үздіксіз еңбек етуі қажет деп ойлаймын, – дейді Ақмарал Сағатқызы.


21 сәуір 2026 ж. 61 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№29 (10497)

21 сәуір 2026 ж.

№28 (10496)

18 сәуір 2026 ж.

№27 (10495)

14 сәуір 2026 ж.

Оқиғалар

Әженің ашуы
02 қаңтар 2025 ж. 2 935
Ақсұлу

Ақсұлу

29 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

ҚЫС КӨРІНІСІ
10 қаңтар 2026 ж. 573

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
27282930