КІТАПХАНА ІСІНІҢ ЖАНАШЫРЫ
Қай кезеңде де адамзаттың ой-санасын байытып, білім мен мәдениеттің шамшырағына айналған кітапхананың қоғамдағы орны ерекше. Расында да, көрнекті жазушы Оралхан Бөкей айтқандай, «Адамға ауа қандай қажет болса, кітапхана да сондай қажет». Ғасырлар алмасып, заман өзгергенімен, кітаптың құндылығы ешқашан кемімек емес.Бүгінгі таңда еліміздің әр аймағында кітапханалар жүйелі түрде жұмыс істеп, рухани мұраларымызды сақтап қана қоймай, оны келер ұрпаққа насихаттауда аянбай еңбек етіп келеді. Осындай игілікті істің алдыңғы қатарында жүрген мамандардың бірі – Жаңагүл Жұмабекқызы.
Ол – аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінде ұзақ жыл бойы табысты қызмет атқарып келе жатқан білікті маман. Жаңагүл Жұмабекқызының кітапхана саласына деген қызығушылығы ерте оянған. 1989 жылы Жетісай мәдени-ағарту училищесінің «Кітапхана ісі» бөлімін тәмамдап, кәсіби білімнің алғашқы баспалдағына қадам басады. Кейін білімін тереңдетіп, 2009 жылы Орталық Азия университетінің «Кітапханатану және библиография» мамандығын игереді.
Еңбек жолын 1990 жылы қалалық және балалар кітапханасында кітапханашы болып бастаған ол, уақыт өте келе тәжірибесін шыңдап, түрлі жауапты қызметтерді абыроймен атқарады. Атап айтқанда, кітап қорын толықтыру және өңдеу секторының редакторы, әдістеме-библиография бөлімінің редакторы қызметтерін атқарып, саланың қыр-сырын жетік меңгереді. 2007 жылдан бастап аудандық кітапхананың кітап қорын толықтыру және өңдеу секторының жетекші кітапханашысы ретінде қызметін жалғастырып келеді.
Кейіпкеріміз тек тәжірибелі маман ғана емес, үнемі ізденіс үстінде жүретін, кәсіби біліктілігін арттыруға ерекше мән беретін жан. Ол 2010 жылы облыстық кадрлар біліктілігін арттыру және технологиялар институтында ұйымдастырылған арнайы курстарға қатысып, кітапхана қызметін ұйымдастырудың жаңа тәсілдерін меңгерген. Сонымен қатар мемлекеттік қызметшілер мен бюджеттік сала қызметкерлеріне арналған өңірлік орталықта білімін жетілдіріп, заманауи кітапханалық қызмет көрсетудің тиімді жолдарын игерген.
Кәсіби шеберлік пен тынымсыз еңбектің нәтижесі әрдайым өз бағасын алады. Жаңагүл Оразалиеваның да жетістіктері аз емес. 2006 жылы «Жылдың үздік мәдени қызметкері» атағын иеленсе, 2022 жылы «Қазақстанның Құрметті кітапханашысы» төсбелгісімен марапатталды. Сонымен қатар облыстық мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасы басшысының және аудан әкімінің Алғыс хаттарына ие болуы – оның еңбегіне берілген жоғары баға.
Бүгінгі ақпараттық технологиялар дәуірінде кітапхана жұмысы жаңа сипатқа ие болып келеді. Дегенмен, оның басты миссиясы – адамды білімге, ізденіске, парасаттылыққа жетелеу өзгеріссіз қалмақ. Ал осы жолда аянбай еңбек етіп жүрген кітапханашылардың еңбегі әрдайым бағалануы тиіс.
Ерсін СӘДУҰЛЫ
















