» » Бала болмысына бойлаған жан

Бала болмысына бойлаған жан


Кітап – адамзаттың баға жетпес қазынасы. Ал қазіргі ақпараттық қоғамда кітапхананың, соның ішіндебалалар кітапханасының орны ерекше. Ол – тек кітап сақталатын орын ғана емес, бала бойындағы шығармашылықты оятып, ізденіске жетелейтін, рухани дамуға жол ашатын білім мен мәдениеттің ордасы. Осындай киелі ордаға еңбек жолын арнаған жанның бірі – Жаңагүл Ұзақбаева.
Ол 1991 жылы Жосалы кентінде дүниеге келген. Ш.Уәлиханов атындағы №26 мектепте білім алып, кейін Көкшетау қаласындағы Ақан сері атындағы мәдениет колледжінің «кітапхана ісі» мамандығы бойынша білім алады. Одан кейін Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінде жоғары білімін жалғастырады. Оқуды бітіріп келген жас маман 2012 жылы аудандық балалар кітапханасында кітапханашы ретінде жұмысқа қабылданады. Содан бері осы қызметте аянбай еңбек етіп келеді.
– Кітапханашылық жолды таңдаған себебім – бұл мамандық ішкі құндылық пен қызығушылықтарыммен терең үйлеседі. Қазіргі ақпараттық қоғамда білім мен мәдениетті тарату, адамдардың рухани дамуына үлес қосу өте маңызды деп санаймын. Кітапхана – бұл адамдардың өз білімдерін кеңейтіп, жаңа дүниелерді үйренетін ерекше орта. Ал кітапханашы болу – тек кітаптарды сақтау емес, сонымен қатар қоғамның ақпаратқа деген қажеттіліктерін қанағаттандыру, адамдарды ізденуге, жаңалық ашуға ынталандыру. Кітапханашы ретінде мен оқырмандарға ақпараттық ресурстарды тиімді пайдалану жолдарын көрсету, жаңа кітаптар мен ресурстарды таныстыру арқылы олардың әлемге деген көзқарасын кеңейтуге мүмкіндік аламын. Бұл салада жұмыс істегенде, тек бір кітапты беру ғана емес, адамды ақпаратты іздеуге, түсінуге және жаңа идеялармен танысуға бағыттау да маңызды.
Кітапхана тек кітаптардың ғана емес, сондай-ақ білім мен мәдениеттің кеңістігіне айналғандықтан, мен осы ортада өз үлесімді қосуға қуаныштымын. Мұнда жұмыс істеу арқылы шығармашылық әлеуетімді дамытып, түрлі көрмелер мен іс-шараларды ұйымдастыру арқылы оқырмандарға жаңа дүниелерді таныстыра аламын, – дейді ол.
Жаңагүл Жеңісбекқызы еңбек еткен жылдарында кітап арқылы тек білім ғана емес, рухани құндылықтарды да тарата алатынын жете түсінгенін айтады. Осы жылдар ішінде еңбегі еленіп, аудан, облыс, республика көлемінде бірнеше Алғыс хаттармен марапатталады. Атап айтқанда, 2020 жылы Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы аудандық филиалының, 2021 жылы аудан әкімінің, 2022 жылы Ә.Тәжібаев атындағы облыстық кітапхана басшысының, «Аманат» партиясы аудандық филиалының Алғыс хаттарымен марапатталған. Сонымен қатар 2023 жылы Астана қаласында өткен «Жас кітапханашы – 2023: жаңа мүмкіндіктер уақыты» атты республикалық форумға қатысып, жаңа бағыттармен танысып, білімін жетілдіреді.
Кітап – бұл тек ақпарат көзі ғана емес, ол – баланың ішкі дүниесін байытатын, адамгершілік пен парасаттылыққа бастайтын сара жол. Әр бала кітапты оқу арқылы болашаққа деген сенімін қалыптастырады.
– Кітапханашы болу мені жаңа технологияларды меңгеруге, цифрлық жүйелерді дамытуға мүмкіндік береді. Қазіргі уақытта кітапхана ісі тек дәстүрлі кітаптармен шектелмейді, электронды ресурстар, онлайн кітапхана, ақпараттық жүйе – бұның бәрі біздің жұмысымызға жаңа міндеттер мен мүмкіндіктер қосады. Мен бұл салада шығармашылық тұрғыдан дамып, жаңа тәсілдер мен жобаларды жүзеге асыру арқылы оқырмандарға қызмет еткім келеді. Сонымен қатар, кітапханашылықтың маңызы тек білім беру мен ақпаратты таратуда ғана емес, ол қоғамдағы барлық адамдардың бірдей мүмкіндікке ие болуын қамтамасыз етуге бағытталған. Өзімді осы салада адамдарға көмек көрсетіп, қоғамға пайдалы қызмет етіп жүрмін деп сезінемін. Осылайша, кітапханашылық жолды таңдау мен үшін тек мамандық емес, бұл қоғамның мәдениетіне, білім беру жүйесіне және жаңа ұрпақтың ой-өрісін кеңейтуге деген жауапкершілік. Кітапханашы болу арқылы мен тек кәсіби білімімді ғана емес, өзімнің адамгершілік, рухани дамуыма да үлес қосамын деп санаймын, – дейді кейіпкеріміз.
Балалар кітапханашысының еңбегі – көзге көрінбейтін, бірақ жүрекпен сезілетін еңбек. Бала кітапханадан тек кітап алып қана қоймайды, ол шабыттанады, ойлайды, армандайды. Ал бұл сезімдерді балаға сіңіру – кітапханашының шынайы еңбегінің жемісі.
Осы салада қызмет етіп жүрген Жаңагүл Ұзақбаеваның басты арманы – кітап арқылы бала жүрегіне жол табу. Себебі бүгінгі бала – ертеңгі ел тізгінін ұстар азамат. Олардың рухани жағынан бай, жан-жақты, білімді болып өсуіне үлес қосу – нағыз бақыт.
Ақнұр САҒЫНТАЙ
11 қазан 2025 ж. 204 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№80 (10448)

21 қазан 2025 ж.

№79 (10447)

18 қазан 2025 ж.

№78 (10446)

14 қазан 2025 ж.

Хабарландыру

ХАБАРЛАНДЫРУ

ХАБАРЛАНДЫРУ

15 қыркүйек 2025 ж.
Хабарландыру

Хабарландыру

02 қыркүйек 2025 ж.

Оқиғалар

Әженің ашуы
02 қаңтар 2025 ж. 1 733
Ақсұлу

Ақсұлу

29 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңарған Жосалы
02 қыркүйек 2025 ж. 463

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қазан 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031