КҮРЕ ЖОЛ БОЙЫНДАҒЫ КӘСІП
Егемендіктің алғашқы жылдары елімізде халықтың тұрмыстық деңгейінің қандай болғанын қазіргі үлкендер жақсы біледі. Қиыншылықтар, алда қандай жағдай болады... Бір үміт, бір күдік. Мекемелер тарап, күнкөріс қамымен әркім өзінше қадам жасады. Бұған дейін сауда-саттықпен арнайы мекемелер ғана айналысса, енді бұл тіршілік қарапайым халықтың басына түсті. Әсіресе, әйел-аналар ала дорба асынып, қала, ел асты. Осы бір шақта тәуекел етіп, кәсіп бастағандардың бірқатары бүгінгі күні де несібесін осы саладан табуда. Кәсіп тек ауыл-ел ішінде ғана емес, көлік қатынасы тынбайтын күре жолдың бойында да жандана түсті. Осындай үй-отбасынан жырақта өз ісін бастағандардың қатарында – «Маргарита» кафесінің иесі Тен Маргарита Чарлиевна да болды.
Маргарита Жосалы кентінің тумасы. Аудан орталығындағы №250 орыс мектебінің түлегі. Орта білімнен соң Қызылорда қаласындағы арнайы оқу орнынан «Даяшы» мамандығына оқиды. Дәмді тағам мен тәттілер пісірудің шебері мамандығын кәсіпке айналдырып, 1995 жылы жол бойынан тамақ өнеркәсібін ашты. Ол кәсібін қазірге дейін жалғастырып отырған табанды кәсіпкерлердің бірі десек артық емес. Алыс-жақын шетел мен қазақ жерін тоғыстырған тоғыз торапты жолдың бойынан ашылған кафе қазір де ұзақ жолдан арып-ашқан жолаушыларға сапалы қызметін көрсетуде. Мұндағы ас мәзірі мен келушілерге қызмет көрсету де өз деңгейінде.
– Бала кезімнен тамақ пісіргенді, дәмді асты жақсы көремін. Даяшы мамандығын таңдауыма да осы себеп болды. 1995 жылы трассаның бойынан жалға жер алып, вагон қойып, кәуап, манты сата бастадық. 3 жылдай жалдамалы түрде кәсіп еттік. Заңдылыққа сай, салыққа тіркеліп, жұмыс жүргіздік. Жарығын орнаттық. Кейіннен «Маргарита» кафесін (бұрынғы) салып, күре жолдың бойында тамақ өндірісі бойынша адал қызметімізді көрсеттік. 2016 жылға дейін сол жерден нәпақамызды айырдық. 2021 жылы заман талабына сай, жаңадан қайта жер алып, кафемізді заманауи үлгіде салып шықтық. Оған бізге «Даму қоры» көмекке келді. Төмен пайызбен несие алып, кәсібімізді жаңғырттық. Бізде жолаушыларға жақсы жағдай жасалған. Шомылу орны, тіскебасар, ыстық тағамның түр-түрі ұсынылады. Келген адамдарымыз қазақы дәстүрге сай шай үстелде немесе биік столда отырып та ас-тағамдарын қалауларынша іше алады. Сонымен қатар мүмкіндігі шектеулі жандарға да бірқатар жағдай жасалған. Барынша қызметіміздің тұтынушыларға қолайлы әрі жайлы болғанын қалаймыз, – дейді кәсіпкер.
Маргаританың қазақ тілінде жақсы сөйлейтінінен жергілікті тұрғындар хабардар. «Қазақшаңыз судай, таза сөйлеуіңіздің сыры неде?» деп сұрағанымызда, «мен қазақ отбасының келінімін» деп қарапайым ғана жауап қатты. Ол бүгінде төрт бала мен бес немеренің әжесі. Отбасылық кәсіптерін әрі қарай дамытуда алға қойған мақсаттарымен де бөлісті.
– Кәсіп бір жерде тұрып қалғанға көнбейді. Жоспар, мақсатыңыз болуы шарт. Тамақ өндірісі бұл – өте нәзік іс. Ас мәзірін жаңалап отыру, қауіпсіздігін қадағалау, сапалы қызмет көрсету, тұтынушының көңілінен шығу – үлкен жауапкершілікті талап етеді. Осы ретте отбасылық кәсібімізді әрі қарай дамытып, жолаушылар аялдайтын қонақүй салсақ па деген мақсатымыз бар алда, – дейді ол жоспарымен бөлісіп.
Мемлекетіміз даму үстінде. Халықтың да соған сәйкес талғамы мен талап-тілегі де өсе түсуде. Түптеп келгенде, адамды абыройға жетелейтін де, биікке көтеретін де – адал еңбегі. Кәсіп бір күнде жеміс бере қоятын дүние емес. Оның да қиындығы аз емес. Осындай күрделі кезеңде елдің еңсе тіктеуіне үлесін қосқан аудан кәсіпкерлерінің еңбегі қашанда айтуға тұрарлық.
Сәрсенкүл РАЙЫМБАЕВА

















