ЖЕҢІС ЖОЛЫНДАҒЫ ӘДІСКЕР
Білім – ұлт болашағының берік тұғыры десек, сол тұғырдың сапалы қалануына өлшеусіз үлес қосатын жандар – әдіскерлер. Олар ұстаз бен шәкірт арасындағы алтын көпір іспетті. Заманауи білім беру үдерісінде әдіскердің кәсіби шеберлігі, жаңашылдығы мен ізденісі айрықша маңызға ие.
«Көкжиек-Горизонт» баспасы мен ҚР Оқу-ағарту министрлігінің республикалық ғылыми-педагогикалық кітапханасы І Республикалық «Әдіскер Life – 2026» байқауын ұйымдастырған еді. Бұл тағылымды іс-шара әдіскерлердің кәсіби әлеуетін танытып қана қоймай, үздік тәжірибелердің кеңінен таралуына жол ашты. Еліміздің әр өңірінен жиналған білікті мамандар өзара тәжірибе алмасып, білім беру жүйесіндегі тың идеялар мен тиімді әдістерді ортаға салды. Байқау шартына сәйкес қатысушылар ұзақтығы бір минутқа дейінгі қысқа бейнеролик арқылы өздерінің кәсіби қызметін, жұмыс тәсілдерін, жеткен жетістіктерін, сондайақ білім берудегі инновациялық бағыттарын таныстырды. Қысқа уақыттың ішінде мазмұнды ой жеткізу нағыз шеберлікті талап ететіні анық.
Осындай бәсі биік додада аудандық білім бөлімінің әдістемелік кабинетінің әдіскері Айгүл Қосанованың есімі үздіктер қатарынан көрінді. Бұл – аудан абыройын асқақтатып, өңір мерейін үстем еткен қуанышты жаңалық. Ол «Креативтілік үшін» номинациясымен марапатталып, кәсіби біліктілігі мен шығармашылық қабілетін тағы бір мәрте дәлелдеді.
Білікті әдіскердің өмір жолына тоқталсақ. Ол осы ауданның тумасы. Мектеп қабырғасынанақ білімге құштарлығымен көзге түскен талапты жас О.Шораяқұлы атындағы №30 орта мектепті аяқтап, Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетін тәмамдап, тарих пәні мұғалімі мамандығын иеленді. Еңбек жолын 2004 жылы «Жас өркен» жазғы тынығу лагерінде тәрбиеші қызметінен бастаған жас маман уақыт өте келе тәжірибесі толысып, кәсіби тұрғыда шыңдала түсті.
2005-2013 жылдары аудандық оқушылар үйінде «Жас тарихшы» үйірмесін жүргізіп, жас буынның тарихи танымын қалыптастыруға өлшеусіз үлес қосты. Оның шәкірттері түрлі байқауда топ жарып, жетекшінің еңбегін ақтай білді. 2013-2020 жылдары аудандық білім бөлімінде кадр инспекторы қызметін атқара жүріп, ұйымдастырушылық қабілетімен, жауапкершілігімен ерекшеленді. Ал 2020 жылдан бастап аудандық білім бөлімінің әдістемелік кабинетінде әдіскер ретінде еңбек етіп келеді. Бүгінде ол тарих және құқық пәні мұғалімдеріне әдістемелік қолдау көрсетіп, білім беру үдерісінің сапасын арттыруға өз үлесін қосып отыр. Сонымен қатар білім алушыларды оқулықпен қамтамасыз ету, мектеп кітапханашыларына бағыт-бағдар беру, құжаттарды мұрағатқа жүйелі түрде өткізу, түрлі білім беру жобаларын үйлестіру секілді маңызды жұмыстарды абыроймен атқаруда.
Ол білім беру жүйесіне заманауи технологияларды енгізіп, тиімді әдіс-тәсілдерді қолдануға ерекше мән береді. Әрбір ісінде жүйелілік пен жауапкершілікті ұштастыра білген әдіскер өз әріптестері арасында зор құрметке ие. Қоғам дамуының басты көрсеткіші – сапалы білім десек, сол білімнің сапасын арттыру жолында әдіскерлердің еңбегі ерекше. Осындай кәсіби біліктілігі жоғары, ізденімпаз мамандардың жетістігі – ел болашағына салынған берік негіз.
Айгүл Әлібекқызы – қызметте ғана емес, отбасында да үлгілі жан. Ол – төрт баланың аяулы анасы, үлкен әулеттің берекесін кіргізіп отырған ибалы келін. Отбасы мен қызметті қатар алып жүрген жанның табандылығы мен еңбекқорлығы көпке үлгі. Ел болашағы білімді ұрпақтың қолында десек, ал сол ұрпақты тәрбиелеуде аянбай еңбек етіп жүрген әдіскерлердің еңбегі әрдайым құрметке лайық.
Ардақ СӘКЕНҚЫЗЫ
















