» » ТӘЛІМНЕН ТАҒЫЛЫМ ТҮЙГЕН

ТӘЛІМНЕН ТАҒЫЛЫМ ТҮЙГЕН

Бала болып жүгіріп жүргеніміз кеше ғана сияқты еді, бүгін ел ағасы болдық. Сенбейін десең уақыт осы жасқа келіп тұр, сенейін десең қалай өмірдің тез өткеніне таңғалыс бар. Сөйтіп отырғанда, ақылыңа жүгінесің. Ақылы бар адам не нәрседен де тұшымды ойға тіреледі. Артыңдағы ұрпағыңды еске салады, жасаған тірлігіңді танытады, соған шүкіршілік етесің. Уақыт адамға емес, адам уақытқа бағынатынын бір мойындап қоясың.
Хош делік. Өмірде адам дос табады, дұшпан сені өзі келіп табады. Оны іздеудің керегі жоқ. Адам баласы жақсымен жанасса ұтады. Оның шарапаты жұғады. Қазақтың «Би бол, би болмасаң, би түсетін үй бол» деуінде дала философиясының кемел келбеті жатқаны анық. Би түссе, ол үйге данышпандық келді дегенмен бірдей. Данышпанды көріп, оны тыңдап өскен құймақұлақ бала болса, ол да ертең ел бастайтын көшбасшы болады. Адамның кемелденуі тыңдау мен әр оқиғаны болжау, оқу, іздену арқылы қалыптасады. Ас ішіп, аяқ босатар бала болса, оның хайуаннан артықшылығы көп бола бермейді. Өкінішке орай, қазіргі таңда өресі тар, оқымайтын, ізденбейтін адамдар көбейіп кетті. Ондай адамдар көбіне «мен де сенен кем емеспін» деп, көкірегі кекірек атып тұратыны бар. Иә, осы ғұмырда жаманды да, жақсыны да көрдік. Адамның сыртқы келбеті қандай әртүрлі болса, рухани дүниесі де бір-біріне ұқсамайтын жаратылыс. Жақсы адамдарды көрмей қалсаң, елегізіп іздейсің. Жаман адамның қасында көп тұрмай, кетіп қалуға тырысасың. Себебі, онда сенімен бөлісетін ештеңесі жоқ. Ештеңесі жоқ дегенде меңзеп тұрғанымыз зат емес, оның бойындағы сенің жан дүниеңді тұшытатын айтар ақылы, берер кеңесі жоқтығында.
Құдайға шүкір, көп қараның ішінде ағараңдап өзгеше келбетімен кісілік қасиеті бар адамдар кездеседі. Бұндай адамдар – елдің байлығы. Жақсы адамың болмаса, жақсы ұлт та жоқ. Сондай мен сыйлайтын азаматтардың бірі – Шегебай Құндақбайұлы туралы бір үзік сыр жазғым келіп отыр. Шәкеңді мектепке алғаш ұстаз болып келгеннен білем. Ол кезде аудандық білім бөлімінде білдей қызмет атқарып жүрген кезі. Аудандық білім бөлімінің міндетін атқарушы болып та бір жылдай қызмет атқарды. Жаңа ұстаз болып келген бізге Шәкеңнің қасына жақындау да қиын болатын. Кейіннен Қуаңдария аулы орталығындағы №186 орта мектепке директор болып қызметке ауысты. Коммунистік партияның дүрілдеп тұрған шағы ғой. Одан соң сол кеңшарда партия ұйымының хатшысы, партия жауынгері болып шыға келді. Ол жерде Шәкең үшін жақсы өмір мектебі болғаны рас. Әрине, Шәкеңнің кінәсінен емес, дүрілдеген партия тарқап тынды ғой. Кеңес үкіметі келмеске кетіп бара жатты. Бұдан соң Шәкең заман ағымына ілесіп, шаруашылықта кәсіпорын ашып, техника, мал алып, оған басшылық етті. Ол кезде мен мектепте мұғалім едім. Бір күні ауданнан Қуаңдария ауылындағы №186 орта мектепке кешенді тексеру жүргізетін құрамға мені қосыпты. Тексеру деген жақсы ғой. Кешке дейін құжат тексересің, сабақтарға қатысасың. Тексерушіні кім жақтыра қойсын, дегенмен білдіртпейді, барынша сыпайылықпен сұраған құжаттарыңды ұсынып тұрады. Бірыңғай істейтін жұмыс болса, жаман емес екен деген ойға да келіп қаласың. Кешке бір үй дастарқан жайып, қонақ қылады. Сол үш күнде Шәкең бізбен бірдей жүрді. Білдей шаруашылық меңгерушісі.
Біз Шәкеңнің негізгі сүйегі білім саласынан екенін білеміз. Содан еркін әңгімелесіп, білім мен тәрбие туралы өзекті мәселелерге де ден қоямыз. Қонақ болғасын, бірінші сөйлейміз, Шәкең елдің егесі есебінде қорытындылап, батасын береді. Бір күні сондай отырыста Шәкең сөз бастамас бұрын, маған қарап – Дастанды бұрын көп білмеуші едім. Сөздерін тыңдап сүйсініп отырмын. Ойы жатық, тұшымды, санаға қонатын пікір айтады. Келешегі бар жігіт екен, – демесі бар ма? Мақтағанды кім жек көрсін, бір көтеріліп, марқайып қалғаным бар. Жоқ, теріс түсініп қалмаңыздар, өзін айтып кетті деп. Бұл жерде Шәкеңнің сөзге мән беретінін, адамды көру арқылы сынай да білетін қасиеті бар екенін айтқым келген.
Кейіннен Шәкең ауданға жұмыс барысымен ауысып келді. Аудандық мәслихаттың тексеру комиссиясының төрағасы болды. Бұл жұмыс та кезінде білімді адам мен білікті азаматқа ғана бұйыратын жұмыс болатын. Одан кейін де жауапты басшылықта қызметтер атқарды. Атап айтсақ, ішкі саясат бөлімінің басшысы, аудандық газеттің бас редакторы, №105 орта мектеп директоры, оқушылар үйінде әдіскер болды. Қай жұмыста жүрсе де сыпайы мінезі, білімі мен білігі оны абыройға бөледі. Кейіннен ағамыз аудан әкімінің баспасөз хатшысы болды. Сол кезде де Шәкеңмен бірнеше жыл қатар жұмыс жасадық. Қазақстан Журналистер одағының мүшесі. Кез келген тақырыпта жазу жағына келгенде Шәкеңнің ойы ұшқыр, қаламы жүйрік екенін ел біледі. Еңбек адамын суреттеу, туған жер туралы толғаныстар, тарих қатпарына терең ену, көргенін көсем тілмен, білгенін байыпты баяндай білетін азамат. Жазғандарын қалың жұрт сүйсіне оқиды. Бұл да терең ақыл мен дүниені жете тану тәмсіліне келетін қасиет.
Шәкең менің Владимир ағаммен (Шерғазин) бірге оқыған. Бала кезінен бірге ойнаған, өмір жолында иықтаса өскен адамдар. Дос болғасын бірбірінің үйіне барып, қонақ болып кездесіп тұрады. Сол жерге мен де барамын. Достардың жас балаша әзілдері мен зілсіз қулықтарына да талай куә болғанмын. Ағамызды ақтық сапарға шығарып салғанда (топырағы торқа болсын) Шәкең барлық істің басында болып, досына адал қызмет атқарып еді. Бұл да оның адами қасиетінің жоғары, досқа лайықты тұлға екендігін көрсетіп берді.
Енді, Шәкеңнің өскен ортасы туралы тоқталып өтсек. Көпбалалы үйде дүниеге келген екен. Анасы он екі құрсақ көтерген. Әкесі Құндақбай мал баққан, анасы осынша баланы өмірге алып келіп тәрбиелеген. Тағы бір таңданатының төрт рет егіз бала дүниеге келген. Не деген керемет күш, табиғи болмыс, аналық құдірет деп таңғаласың.
Әкесі діни сауатты, қатал емес, не істі де байыппен шешетін ақылды адам болса керек. Оның үстіне есті әңгімені көп білетін, қисса-дастан, батырлар жырын, ертегіні майын тамызып айтады екен. Балаларын жастайынан сөз түсінуге, ақылды болуға осылай тәрбиелесе керек. Отан – отбасынан басталатынын ескерсек, балаларға тәлімді тәрбие беріп, өмір жолына салған ата-ана еңбегі өлшеусіз.
Шәкең Алматы қаласында жоғары оқу орнын бітірді. Өмірлік жары Шәкәркүл Исаевамен қосылып, шаңырақ көтерді. Тәңір берген бес балалы болды. Барлығын оқытып, қызды ұзатып, ұлды үйлендіріп дегендей, өз міндеттерін ұрпақ алдында абыроймен атқарды. Ауыл жақта балаларға арналған ойын алаңы бар. Сол жерге немерелерін ертіп келіп, аталық қамқорлығын көрсетіп жүрген жайы бар. Қоғамдық жұмыстарға әлі де белсене араласады. Қанда қалған қасиеті болса керек. Аудан орталығында құрылған Ақсақалдар кеңесінің төрағасы. Бұл да Шәкеңе көрсетілген құрмет пен сенім екендігі шындық.
Жалпы, Шегебай Құндақбайұлы жайлы түгел жаза алмаймыз. Өйткені бір мақаламен азаматтың жан-жақты қырын ашу мүмкін емес. Біз тек өмірінің кейбір тұстарын баян еттік. Өмірде адамға тәлім болатын жайлар көп. Өйткені, күнделікті жағдайда небір оқиғамен беттесесің. Жаманы да, жақсысы да болуы мүмкін. Ғұмырды сынақ алаңы деп жатады. Бұған дау жоқ. Кімде-кім болған істен тәлім алып, оны өзінің ойына, келешекке тағылым етіп пайдалана алса, сол адамның азаматтық тұлғасы толыға түсетіні анық.
Шәкеңнен бір байқағаным осындай қасиеті бар. Не нәрседен де бір түйін жасап отырады. Кейбір өзекті мәселені талқылағанда, асықпай тыңдап, байыпты пікір айтады. Осыдан адамның жан дүниесінің байлығы байқалады. Шәкең ағамыздың осындай бойында ұлағаты, аузында дуасы бар. Ол осындай өнегелі өмір жолынан өтіп, жақында 75 жасқа толды. Қолынан келген ісі мен қабілетін еліне арнады. Шәкеңді мерейтойымен құттықтап, денсаулық тілейміз. Ел аман болып, ұрпақ бақытын көріп, апамызбен бірге жүз жасқа қарай қадам баса беріңіз.
Дастан МЫРЗАБЕКҰЛЫ
14 сәуір 2026 ж. 102 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№27 (10495)

14 сәуір 2026 ж.

№26 (10494)

11 сәуір 2026 ж.

№25 (10492)

07 сәуір 2026 ж.

Оқиғалар

Әженің ашуы
02 қаңтар 2025 ж. 2 871
Ақсұлу

Ақсұлу

29 желтоқсан 2024 ж.

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

ҚЫС КӨРІНІСІ
10 қаңтар 2026 ж. 533

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
27282930