ЕРЛІКТІ ҰМЫТПАУ – ПАРЫЗ
Сейсенбі күні аудан әкімдігінде Тәжік-Ауған шекарасында қызмет атқарған қазақстандық жеке құрамдағы атқыштар батальонының шығарылғанына 25 жыл толуына орай аудан әкімінің орынбасары Самат Смағұлов қиын кезеңде ерлік көрсеткен жауынгер-ардагерлермен кездесіп, алғысын білдірді.
– Тәжікстан Республикасы Ауғанстанмен шекарасын қорғау мақсатында көршілес мемлекеттерден көмек сұрап, нәтижесінде 1992-2001 жылдары Қазақстан, Ресей, Өзбекстан және Қырғызстан мемлекеттері тәжік-ауған шекарасын күзетуге белсене қатысты.
1993 жылғы 15 сәуір – тәжік-ауған шекарасы құрылған күні – Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің «Тәжік-ауған учаскесіндегі ТМД-ның сыртқы шекарасын күшейту туралы» қаулысына сәйкес қазақстандық әскери қызметшілерден жеке құрама атқыштар батальоны жасақталды. Ұрыс қимылдарына қатысқан жауынгерлер бейбітшілік пен тұрақтылықты қорғауда табандылық пен батылдықтың үлгісін көрсетті. Сондықтан батырларымыздың есімін ұлықтап, олардың ерлігін ұрпақ жадында мәңгі сақтау – қасиетті парыз болып саналмақ.
Тоғыз жыл бойы ұрыс алаңына қатысып, Отан алдындағы борышын абыроймен өтеген ауданымыздың 46 ардагері бүгінде түрлі салада еңбек етіп, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына үлестерін қосып жүр. Сонымен қатар олар жас ұрпаққа патриоттық тәрбие беруде белсенді. Сіздердің ел тыныштығын қамтамасыз ету жолында көрсеткен ерліктеріңіз бен жанқиярлық қызметтеріңіз уақыт өткен сайын өз маңызын арттыра беретіні анық, – деп батырлардың ерлігін атап өтті ол.
Қабылдауда тәжік-ауған соғысының ардагерлері – Алтынбек Қашақбаев, Мирамбек Үрістемов, Жанболат Қосқожаев, Сайлаубек Мырзағалиевтер аудан әкімінің алғыс хатымен марапатталып, құрмет көрсетілді.
Сондай-ақ аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы Әбдірахман Құлдүйсенов, «Бәйтерек» газетінің бас редакторы Нұрбай Жанәділов, аудандық әйелдер кеңесінің төрайымы Гүлжауһар Раева және «Тәжік-Ауған шекарасында жауынгерлік қимылдарына және әскери қақтығыстарына қатысушылардың» республикалық қоғамдық бірлестігінің аудандық филиал төрағасы Жанболат Қосқожаевтар жылы лебізі мен ұсыныспікірлерін жеткізді.
Сәрсенкүл ЖАУДАТБЕК
















