ТӘЖІК-АУҒАН ШЕКАРАСЫНДАҒЫ БАТЫРЛЫҚ ПЕН ЕРЛІК
Биыл Тәжік-Ауған шекарасында қызмет атқарған қазақстандық жеке құрамдағы атқыштар батальонының құрылғанына 25 жыл. Осыған орай аудан әкімдігінің мәжіліс залында аудан әкімінің орынбасары Самат Смағұловтың төрағалығымен қиын кезеңде ерлік көрсеткен ардагерлерді қабылдау рәсімі өтті.
1992–2001 жылдар аралығында Қазақстан құрамында құрылған атқыштар батальоны аймақта бейбітшілік пен тұрақтылықты қамтамасыз етуге үлес қосқан, көптеген әскери қызметшілер отан алдындағы борышын адал атқарған. Соның ішінде тоғыз жыл бойы ұрыс алаңына айналған өңірде Отан алдындағы борышын абыроймен атқарған Қармақшы ауданының 46 ардагері тәуелсіз Қазақстанның қалыптасуы жолындағы өз ерліктерін танытты.
Самат Қыдырбекұлы: «Сіздердің ерліктеріңіз – жас ұрпаққа патриоттық тәрбие берудің негізгі үлгісі. Ел тыныштығын қамтамасыз етуде көрсеткен жанқиярлықтарыңыз мәңгі есте қалады», – деп атап өтті.
Жиында бірқатар ардагерлерге аудан әкімінің «Алғыс хаты» табысталып, құрмет көрсетілді.
Сондай-ақ аудандық қоғамдық кеңесінің төрағасы Әбдірахман Құлдүйсенов, аудандық әйелдер кеңесінің төрайымы Күлжауһар Раева және Тәжік-Ауған шекарасында қызмет атқарған аудандық бірлестік төрағасы Жанболат Қосқожаев ардагерлерге өз жылы лебіздерін білдірді.
Қармақшы ауданы әкімінің баспасөз қызметі
















