“ТАЗА БЕЙСЕНБІ”: ТҰРҒЫНДАР ТАЗАЛЫҚ ШАРАСЫНА ЖҰМЫЛДЫ
Қармақшы ауданында «Таза бейсенбі» экологиялық акциясы ұйымдастырылып, игі шараға тұрғындар белсенді қатысты.
Ауданның көркеюіне бағытталған бұл шараға «AMANAT» партиясы Қармақшы аудандық филиалына қарасты бастауыш партия ұйымының мүшелері жұмыла кірісіп, Жосалы кенті орталығындағы А.Иманов және А.Құнанбаев көшелерінің бойын тазалап, қоршаған ортаны абаттандыруға өз үлестерін қосты.
Акция барысында аталған көшелер бойындағы 0,7 тонна күл-қоқыстар тазартылып, 150 түп ағаштардың түбі қопсытылды.
Осындай ортақ еңбек – тек тазалықты сақтап қана қоймай, тұрғындардың туған жерге деген жанашырлығын арттыра түсетіні анық.
Іс-шараға қатысқан Қармақшы аудандық мәслихатындағы “AMANAT” партиясы депутаттық фракция мүшесі Марат Асылов бұл бастаманың маңыздылығына тоқталып өтті.
«Тазалық – бұл бір күндік шара емес, ол – әрбір азаматтың күнделікті дағдысына айналуы тиіс. Бүгінгі акция – соның жарқын дәлелі. Қармақшы жұртшылығының белсенділігі бізді қуантады. Осындай бірлік пен жанашырлықтың арқасында ауданымыз одан әрі көркейе беретініне сенімдімін. Әр тұрғын өз ауласынан бастап тазалықты сақтаса, еліміздің де келбеті айшықтала түседі», – деді депутат.
«Таза бейсенбі» акциясы – тек тазалық шарасы ғана емес, ол – экологиялық мәдениетті қалыптастыратын, қоғамды ортақ іске жұмылдыратын маңызды бастама.
















