АНА ӨМІРДІҢ ЕҢ АСЫЛ ГҮЛІ
Сейсенбіде аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің қолдауымен, Ш.Төлепова атындағы аудандық мәдениет үйінің ұйымдастыруымен «Аналарды ардақтайық» жобасы аясында саналы ғұмырын ұрпақ тәрбиесі мен біліміне арнаған жоғары дәрежелі ұстаз, тыл ардагері, ардақты ана Ақбалыш Жалғасованы ұлықтауға арналған «Ұстаз-ана» тақырыбында облыстық жыр-мүшәйрасы өтті.
А.Жалғасова 1930 жылы Қармақшы ауданы, Қосарық ауылы, Ворошилов ұжшарында дүниеге келген. 1949 жылы Ворошилов мектебінде мұғалім болып, еңбек жолын бастаған. 1955 жылы Н.Гоголь атындағы жоғары оқу орнын қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі мамандығы бойынша бітіреді. 1949 жылдан бастап Тұрмағамбет, Ақжар, Жаңақала ауылдарында мұғалімдік қызмет атқарып, тәжірибелі ұстаз, озат мұғалім атанды. Еңбек жолының соңғы он жылында Ү.Томанов атындағы №183 орта мектепте қызмет етіп, құрметті еңбек демалысына шықты. Аяулы жанның тылда атқарған еңбегі бір төбе.
Тағылымды шара «Анаға тағзым» ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, асыл аналарға құрмет көрсетуден бастау алды. Оған облыс әкімінің орынбасары, Қазақстан Республикасы Президентінің «Байқоңыр» кешеніндегі арнаулы өкілі Қайрат Нұртай, аудан әкімі Жандос Еркінбек, Қармақшы ауданының құрметті азаматы, мемлекеттік қызмет саласының ардагері Рзақұл Нұртаев қатысты.
Жыр додасын облыс әкімінің орынбасары Қазақстан Республикасы Президентінің «Байқоңыр» кешеніндегі арнаулы өкілі Қайрат Нұртай ашып, облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың жазба ақындар мүшәйрасына қатысушыларға арнаған ізгі лебізін жеткізді. Сонымен қатар бақ сынамаққа бел буған барша ақынға сәттілік тіледі.
Аудан тұрғындары, ардагерлер мен жастар, кеш қонақтары мен ұлағатты жанның ұрпақтары, жалпы жырсүйер қауым тамашалаған рухани іс-шараның мақсаты – Ақбалыш Жалғасқызының өнегелі өмір жолын дәріптеу, елдік рух пен тарихи сананы жаңғырту, түркілік мұраны таныту, эпикалық дәстүрді, елдік, бірлік, мемлекетшілдік идеяларын насихаттау, ұстаз тұлғасын халықтық рухпен сабақтастыру. Оған қоса, Оғыз-қаған жырларының рухани желісін қазіргі поэзияда жаңғырту, тарихи сана мен ұлттық тамырды жалғау, жас буын ақындарды эпикалық поэзияға баулу болып табылды.
Жыр бәйгесі екі кезеңнен тұрды. Біріншісінде, ұстаз анаға арнау өлең болса, екінші кезең «Оғыз-жыр» деп аталды.
Мүшәйраға белгілі жырау, Қазақстан Республикасы Мәдениет қайраткері Берік Саймағанбетов, Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі Нұрлан Көбегенұлы, аудандық «Қармақшы таңы» газетінің бас редакторы Сәрсенкүл Райымбаевалар қазылық етіп, бағасын берді. Қазылар алқасы ақындар өлеңіндегі тақырыптың мазмұндық ашылуы, тарихи таным тереңдігі, көркемдік қуат, ұлттық рух пен идеялық салмақ, тіл шеберлігі, поэтикалық жаңашылдық, сөз тапқырлығы мен қиял ұшқырлығын назарға алды.
Рухани кеш қорытындысында аудан әкімі Жандос Еркінбек үздік шыққан ақындарды диплом, алғыс хатпен марапаттап, қаржылай сыйақы табыстады.
Атап айтқанда, бас жүлдені сырдариялық Ақтөре Ибрагим жеңіп алса, I орынға қызылордалық Бексұлтан Санақұл ие болды. II орынды жалағаштық Шадман Теміршеқызы мен қызылордалық Ғабит Кәдірбай өзара бөліссе, III орынды аралдық Айдар Сайлауов, қармақшылық Нұркелді Өтепберген және жалағаштық Мейіржан Қартбай иеленді.
Іс-шара соңында «Қармақшы» мейрамханасында Ақбалыш Жалғасованың рухына арналып ас берілді.
Айта кетейік, биыл жыр бәйгесі дәстүрлі түрде жетінші мәрте өткізіліп отыр.
Сәрсенкүл АҚКІСІ
















