ҚОЛӨНЕРДІҢ ҚАСИЕТІН ҰЛЫҚТАҒАН ӘУЛЕТ
Қазақ халқы үшін қолөнер – тек кәсіп емес, ұлттың жаны, тұрмысының айнасы, тәрбиесінің тамыры. Әсіресе тігіншілік өнер – ғасырлар бойы жалғасқан нәзік те мәнді дәстүр. Осындай асыл өнерді өмірінің өзегіне айналдырған жанның бірі – Қызылтам елді мекенінің тұрғыны, өміріне ине мен жіпті серік еткен Гүлжан Әлібаева.
Бүгінде Гүлжан Әбжанқызы тек шебер тігінші ғана емес, тұтас бір әулеттің өнерін өрге сүйреген ұйытқы ана. Қасында келіні мен төрт бірдей немере қызы бар. Барлығы бірігіп, ұлттық дәстүрді жаңғыртып, қыз жасауының сан алуан бұйымдарын дайындап, елдің алғысына бөленіп отыр.
Гүлжан анамыз тігіншілікке бала кезінен қызыққан. Анасының жанында отырып, жүн түтіп, киіз басып, қолмен тігіс тігуді ерте меңгереді. Ол кезеңде бүгінгідей дайын киім көп болмағандықтан, әр үй өз қажетіне қарай киім-кешегін өзі әзірлейтін.
– Біздің бала кезімізде бәрі қолдан жасалатын. Анама қарап отырып үйрендік. Қарапайым жамаудан бастап, күрделі киім тігуге дейін біртіндеп машықтандық. Қазір ойласам, сол кездің тәрбиесі бізді төзімділікке, ұқыптылыққа баулыды, – дейді ол.
Жас күнінде бастаған ісі уақыт өте келе үлкен тәжірибеге ұласты. Ауыл тұрғындары арнайы іздеп келіп, киім тіктіретін, қыз жасауын жасататын сенімді шеберге айналды. Қазақта «Қыз жасауы – қыздың барған жердегі абыройы» деген сөз бар. Бұл тек материалдық дүние емес, тәрбие мен дәстүрдің көрінісі. Гүлжан апа осы ұғымды ерекше қадірлейді.
– Жасау деген жай ғана төсек-орын емес. Оның әр тігісінде ананың ақ тілегі, әр өрнегінде ұлттық рух жатады. Сондықтан біз әр бұйымды бар ықыласпен, ерекше жауапкершілікпен тігеміз, – дейді ол.
Қазіргі таңда Гүлжан апа дайындайтын жасау түрлері сан алуан. Оның ішінде көрпетөсек, жастық тыс, құрақ көрпелер, ұлттық нақыштағы сәндік бұйымдар бар. Әсіресе, құрақ құрау өнеріне ерекше мән береді. Түрлі түсті маталардан құрастырылған өрнектер тек әсемдік емес, терең мағынаға ие.
Гүлжан апаның ең үлкен жетістігі – өз өнерін кейінгі буынға үйрете білуі. Бүгінде оның келіні мен төрт немере қызы тігіншілікті бірге меңгеріп, шағын отбасылық шеберханаға айналған. Айгерім, Гүлсезім, Ұлжан, Ұлдана есімді немере қыздары әже мен ана үлгісін алып, қолөнерге құштар болып өсіп келеді.
– Мен үшін ең үлкен қуаныш – немерелерімнің осы іске қызығуы. Қазір олар өздері де түрлі бұйымдар ойлап тауып, заманауи үлгілермен үйлестіріп жатыр. Бұл – өнердің өлмегені, – дейді апа мақтанышпен.
Немере қыздары да әжелерінің еңбегін бағалайды. Олар үшін тігіншілік тек үйреншікті іс емес, шығармашылықтың көзі. Алдағы уақытта дәрігер, ұстаз болуды армандайтын бұрымдылар қолөнерді де қалыс қалдырмайтынын жеткізді.
– Әжеміз бізге тек тігін тігуді ғана емес, сабырлықты, ұқыптылықты үйретеді. Әрбір істі сүйіспеншілікпен жасау керектігін үнемі айтып отырады, – дейді Гүлсезім есімді немересі. Қазіргі заманда тігіншілік те өзгеріске ұшырап, жаңа технологиялармен толықты. Дегенмен, Гүлжан апа дәстүрлі тәсілді сақтай отырып, заман талабына бейімделудің маңызын түсінеді.
«Қазір жастар жаңашылдыққа жақын. Біз де соған бейімделуіміз керек. Бірақ ұлттық нақышты жоғалтпау – ең бастысы. Қандай жаңа үлгі болса да, қазақы өрнек пен мән-мағына сақталуы тиіс. Мен бұрынғы тігін машинаммен жұмыс жасасам, келінім арнайы тігін машинасымен түрлі оюларды салады. Немерелерім оюларды өлшеммен кесіппішуді үйреніп алды. Осылай бәріміз біріге іс қыламыз, – дейді ол.
Қазіргі уақытта тігіншілік тек өнер ғана емес, табыс көзіне де айналып отыр. Гүлжан апаның отбасы ауыл ішінде ғана емес, көрші елді мекендерден де тапсырыс қабылдайды.
– Еңбек етсең, табыс табылады. Бірақ біз үшін ең бастысы – халықтың ризашылығы. Бір қыздың жасауын жасап, оны қуанышпен ұзатып жатқанын көру – біз үшін үлкен бақыт. Қолөнер – біздің тарихымыз. Егер біз оны сақтамасақ, келер ұрпақ не көреді? Сондықтан әр ана қыздарына, келіндеріне осыны үйретуі керек, – дейді Гүлжан анамыз.
Қарап отырып көз сүйсінетін құрақ көрпеше мен қыз жасауларына тамсанып, одан береке мен бірлігі жарасқан әже, ана, қыздарды көріп бір марқайып қалдық. Қызылтамдағы қарапайым ғана бір шаңырақта ұлттық өнердің оты сөнбей, қайта лаулап тұр. Олар үшін ине мен жіп – жай құрал емес, ұлттың рухын жалғайтын алтын көпір іспетті. Осындай еңбекқор жандардың арқасында дәстүр үзілмейді, өнер өшпейді.
Ардақ СӘКЕНҚЫЗЫ

















