ҰЛТТЫҚ ДӘСТҮР ҰЛЫҚТАЛҒАН КҮН
Наурызнама онкүндігі аясында кеше ауданымызда Мәдениет және ұлттық салт-дәстүр күні аталып өтілді. Бұл күн – қазақ халқының ғасырлар бойы қалыптасқан бай мәдениетін, әдетғұрыптарын және ұлттық құндылықтарын дәріптеуге арналған ерекше мереке.
Мерекеге орай «Руханият орталығында» ауқымды іс-шара ұйымдастырылды. Оған аудан әкімінің орынбасары Диас Молдабаев, аудандық ақсақалдар кеңесінің төрағасы Шегебай Құндақбайұлы, әйелдер кеңесінің төрайымы Гүлжауһар Раевалар мен аудан ардагерлері қатысты.
Бірінші кезекте «Мәдениет» ауылының өнерпаздары халқымыздың «Қыз ұзату» дәстүрі бойынша әсерлі қойылым ұсынды. Қойылым барысында қыздың әке-шешесімен, туған-туыстарымен қоштасуы, ананың ақ батасы, жеңгелердің ақжарма тілегі, ауылдың ақсақалдары мен ақ жаулықты аналарының өнегелі сөздері жиналған көпшілікке ерекше әсер сыйлады.
Келесі кезекте «Жыраулар» ауылы сахна төріне шығып, қазақ халқының келін түсіру дәстүріндегі ең маңызды әрі көркем рәсімдерінің бірі – «Беташардың» тамаша үлгісін көрсетті. Домбыраның күмбірлеген әуенімен сүйемелденген беташар жыры жас келіннің жаңа ортаға келіп, ел-жұртымен танысуын, үлкендерге құрмет көрсетуін, әулеттің салт-санасын дәріптейтін мазмұнымен ерекшеленді.
Сонымен қатар, аудандық тарихиөлкетану музейінің қызметкерлері ұлттық құндылықтарды насихаттауға арналған мазмұнды көрме ұйымдастырды. Көрмеге қазақтың тұрмыс-тіршілігіне қатысты көне жәдігерлер, ұлттық бұйымдар, салт-дәстүрге байланысты тұрмыстық заттар қойылып, келушілерге ата-бабадан қалған асыл мұраның маңызы кеңінен таныстырылды.
Аудан кітапханашылары да шараға белсене қатысып, халқымыздың «Бесіксіз үйде береке жоқ» деген нақыл сөзіне негізделген «Бесікке салар» дәстүрін сахналық көрініс арқылы көрсетті. Жас нәрестені бесікке бөлеу рәсімі, аналар мен әжелердің ізгі тілектері, бесік жыры мен тәрбиелік мәні зор дәстүрдің мазмұны көрермендерге әсерлі түрде жеткізілді. Бұл көрініс арқылы ұлттық тәрбиенің бастауы отбасынан басталатыны, бесіктің қазақ өміріндегі қасиетті орны айқын көрініс тапты.
Ал «Әжелер» ансамблінің мүшелері көпшілікке қазақтың көне ғұрыптарының бірі – «Арқаластыру» дәстүрін және халықтық емдік, ырымдық мәні бар «Бәдік жырының» үлгісін сахналап көрсетті. Ақ жаулықты аналардың орындауындағы бұл көріністер ұлттық салттың терең мағынасын танытып, көрермендерді қазақтың бай мәдени мұрасымен тағы да жақындата түсті. Әжелердің шынайы орындауы мен дәстүрдің мәнін түсіндіре жеткізуі шараның мазмұнын байытып, ұлттық рухты асқақтатты.
Жиын соңы аудандық Тұрымбет Салқынбайұлы атындағы өнер мектебінің оқытушыларының орындауында «Беу, айдай» әнімен қорытындыланды.
Ақнұр САҒЫНТАЙ

















