» » ҰЛТТЫҚ ДӘСТҮР ҰЛЫҚТАЛДЫ

ҰЛТТЫҚ ДӘСТҮР ҰЛЫҚТАЛДЫ

Ұлыстың Ұлы күні Наурыз мейрамын тойлаудың жаңа форматы «Наурызнама» онкүндігі биыл да жалғасын тауып, ауданда 17-наурыз «Мәдениет және ұлттық салт-дәстүр күні» аталып өтті.
Орны бөлек мерекелі күнде халық әндері орындалып, салт-дәстүрден өнегелі көрініс көрсетілді. Жиналған жұртшылық «Бесікке салу», «Қыз ұзау», «Бастаңғы», «Амал күні» бойынша қойылымдарға куә болды. Мәдени мұрамыз, құндылықтарымыз айқын көрініс тауып, көпшілік қошеметіне ие болды.
Мерекелік іс-шараға аудан әкімінің орынбасары Самат Смағұлов, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Асқар Мереков, зиялы қауым өкілдері қатысты. Дәстүр дәріптелген соң, алғы сөз аудан әкімінің орынбасарына берілді.
– Наурызнама онкүндігі бойынша іс-шаралар жоғары деңгейде ұйымдастырылуда. Ежелден барша түркі жұртына және Шығыс халқына ортақ, бесмыңжылдық тарихы бар Наурыз мейрамы – береке мен бірліктің, молшылық пен тоқшылықтың мерекесі. Елімізге тыныштық, жерімізге молшылық, әрбір отбасына бақ-береке, ырыс-құт әкелсін деп тілеймін. Ауданымыз өркендеп дами берсін, – деді аудан әкімінің орынбасары.
Сондай-ақ қоғамдық кеңес мүшесі Шегебай Құндақбаев ардагер қауымның атынан көпшілікке ақ тілегін арнады.
– Наурызды жыл басы ретінде еліміз ежелден тойлап келе жатыр. Былтырдан бері бұл мереке он күн тойланып, әр күніне тәрбиелік мән берілген. Бұл кейінгі ұрпаққа атабабамыздың дәстүр-салтын, мәдениетті халық болғанын санасына сіңіруге үлкен көмек болары анық. Аудан ардагерлері, үкіметтік емес ұйым өкілдері атынан осындай тәрбиелік мәні зор іс-шаралардың басы-қасында жүрген мекеме қызметкерлеріне алғыс айтамыз. Биыл жылдағыға қарағанда елеулі жыл. 9 мамыр күні Ұлы Жеңістің 80 жылдығын тойласақ, Қазақстан халқы Ассамблеясы мен Конституциясына 30 жыл толғанын атап өтеміз. Осы елеулі жылда ерекше жаңалықтарыңыз көп болсын, – деді Шегебай Құндақбайұлы.
Жиналған көпшілік жылы лебізден соң «Жадыра» би тобының ұлттық нақыштағы билерін тамашалады. Мұнан соң ұлттық киім киген көпшілік «Ұлттық шеруге» шықты. Қазақы нақыштағы көркем киімдер сапқа тұрып, салтанат құрғанда айнала көріктене түсті. Алтыбақан аясында топталған жасөспірім, көріністен көңіліне ой түйген балалар бұл күнді ұмытпасы анық.
Түптеп келгенде, қазақтың мәдениеті, өнері мен ұлттық салт-дәстүрі – ұлттың мәдени коды. Осы күні ел жастары құндылыққа құрметпен қарауды, салттан сабақ алуды, мәдениеттен мән іздеу керегін түсінді. Бұл күн – ұлттық құндылықтарымызды ұлықтайтын, салт-дәстүрімізді дәріптейтін, қазақы болмысымызды айшықтайтын ерекше күн болғаны анық.
Ардақ СӘКЕНҚЫЗЫ
18 наурыз 2025 ж. 115 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№20 (10388)

17 наурыз 2025 ж.

№19 (10387)

15 наурыз 2025 ж.

№18 (10386)

08 наурыз 2025 ж.

Оқиғалар

Әженің ашуы
02 қаңтар 2025 ж. 512
Ақсұлу

Ақсұлу

29 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Наурыз 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12
3456789
10111213141516
17181920212223
24252627282930
31