АУМАҚТАН ТЫС (ЭКСАУМАҚТЫҚ) СОТТЫЛЫҚ ИНСТИТУТЫ: ҚҰҚЫҚТЫҚ ТАБИҒАТЫ МЕН ҚОЛДАНУ ТЕТІКТЕРІ
2021 жылғы 20 желтоқсанда Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің 32-бабына енгізілген өзгерістер азаматтық сот ісін жүргізу саласына елеулі жаңашылдық әкелді. Аталған өзгерістер 2022 жылғы 1 тамыздан бастап күшіне енді және соттылық институтының мазмұнын жаңа қырынан толықтырды.
Кодекстің 32-бабының қолданыстағы редакциясына сәйкес, тараптар өзара келісім бойынша істі сот талқылауына дайындау сатысында осы іс үшін, оның ішінде соттың іс жүргізуінде жатқан істер бойынша аумақтық соттылықты өзгерте алады, эксаумақтық соттылықты таңдай алады. Алайда Кодекстің 31-бабында белгіленген айрықша соттылықты тараптардың келісімімен өзгертуге жол берілмейді.
Эксаумақтық (аумақтан тыс) соттылық – бұл тараптардың келісімі негізінде істі әдеттегі аумақтық юрисдикциядан тыс, яғни басқа өңірдегі соттың қарауына беру мүмкіндігі. Бұл институт сот төрелігінің ашықтығын қамтамасыз етуге және сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін төмендетуге бағытталған маңызды тетік болып табылады.
Қазіргі таңда сотқа келіп түскен іс ақпараттық жүйе арқылы автоматты түрде нақты бір судьяға бөлінеді. Ал тараптар сот талқылауына дайындық сатысында аумақтан тыс соттылықты қолдану туралы жазбаша өтініш білдіреді. Өтінішті қанағаттандыру нәтижесінде судья істі аумақтан тыс соттылығы бойынша беру туралы ұйғарым шығарады және электрондық іс сол күні ақпараттық жүйе таңдаған сотқа жолданады.
Мысалы, талап қоюшы мен жауапкер Атырау қаласында тұрғанымен, олардың ісі Талдықорған немесе Астана қаласының сотында қаралуы мүмкін. Бұл сот төрелігінің бейтараптығын қамтамасыз етуге және тараптардың сотқа деген сенімін арттыруға ықпал етеді.
Эксаумақтық соттылық институтының оң перспективалары бар. Біріншіден, бұл сот жүйесінің ашықтығын арттырады. Екіншіден, судьяларды таңдау мүмкіндігін болдырмай, автоматтандырылған бөлуді күшейтеді. Үшіншіден, тараптардың процестік құқықтарын кеңейтеді және олардың теңдігін қамтамасыз етеді.
Қорытындылай келе, аумақтан тыс соттылық институты азаматтық процестегі демократиялық қағидаттарды нығайтуға бағытталған заманауи құқықтық құрал болып табылады. Оның тиімді қолданылуы сот төрелігінің әділдігі мен бейтараптығына деген қоғамдық сенімді арттыруға мүмкіндік береді.
Ж.Тажимбетова,
Байқоңыр қалалық сотының әкімшісінің басшысы














