Топ-баннер
» » ТАҒДЫР ЖЕҢІМПАЗЫ

ТАҒДЫР ЖЕҢІМПАЗЫ

Біздің кейіпкеріміз Нұрмұрат Ерманов кезінде облыстық мәслихаттың төрт дүркін депутаты болды, жоғары білімді инженерзаңгер. Атқаратын қоғамдық жұмысы бір басына жетерлік. «Барыс», «Құрмет» орденінің иегері. «Бабас» ЖШС-ның төрағасы.
Бүгінгі әңгімеде осы азаматтың өмір жолынан білетінімізді оқырманға жеткізуді парыз тұттық.
Әлгі әзірде туған ауылы «Жаңажолдан» оралған беті екен. Тағдырдың тауқыметін бастан өткізген азамат әлі құйылған қорғасындай шымыр. Бабалары жатқан «Бабас» зиратына барып, дұға оқып қайтқанын әңгімеледі. Орда бұзар отыз жасында көлік апатына ұшырап, оң қолынан айырылды. «Шүкір, қуаттымын. Қайратым жетерлік, бабалар аруағы әрдайым қуат берді. Сүйікті жарым Қалимаш жігерімді қайрап, сүйеу болды. Екі ұл, екі қыз өсіріп, немерешөберелердің қызығын көрудемін. Осылар маған қуат беріп, шуақ шашып келеді» деп өткен күндерін еске алып отырады.
Сол кезде алып тұлғалы азамат ауруханада ұзақ жатты. Оң қолы иықтан бастап жарамсыз болып қалды. Отбасына оралды. Бірер ай үйде жатты, аулада серуендеді, есік алдындағы орындыққа отырып, ой шырмауына түсті. Осындай қиын күндерді басынан өткерген азаматты мойнына мейірлене асылатын Алматы мен Қайыржаны жігерлендірді. Сол сәттерде Нұрмұрат қырандай самғап ұшатын қуатты бойына жинағандай болады.
Сүйікті жары Қалимаш азамат бойындағы қажыған қайратына демеу беріп, әлсін-әлсін жігерін қайрап отырды.
– Орныңнан тұр, Нұрмұрат! Жастық қайратыңды бойға жина. Базарға шығып, тіршілік етейік…
– Базарға дейсің бе, Қалимаш? Не істемекпіз. Бұл тірлік қолдан келе ме?
– Көкөніс сатамыз, қауын-қарбызды көтере арзанына алып өткізейік, қор жинаймыз. Пайғамбарымыз тіршілікті саудадан бастап, бағы жанған емес пе? Көтер басыңды, жігеріңді қайра!
Сонымен ерлі-зайыпты екеу базарға шықты. Бірер жыл болмай жатып, біраз пұлдың қоры жиналғандай болды. Нұрмұрат жалға бір үй алып, есік, терезе жасайтын цех, ал Қалимаш «Торғын» атты тігін шеберханасын ашып, дөңгеленте бастады.
Қазір сол бір күндер артта қалды. Нұрмұрат «Бабас» атты жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің төрағасы.
Қаладағы үлкен ғимаратты мұнтаздай жөндеп, сан алуан кәсіптің көзін ашты. Оны айтасыз, көп ұзамай қала іргесінде жылқы, түйе асырайтын қожалықтың іргесін қалады. «Бабастың» адамдары сонау Қармақшының «Жаңажол» ауылынан жер алып, біраз жыл күріш өсірді, 20-ға жуық адамның еңбек етуіне жол ашқаны бар. Қала орталығында базары жұмыс істейді.
Қайсар жүректі азамат Нұрмұрат Ермановтың еңбегін бағалаған жұрт оны кезінде төрт дүркін облыстық мәслихаттың депутаттығына сайлады. Жұрт аманатын орындады. Қала көшелерін, туған ауылындағы мектеп пен балабақшаларды жөндетуге қаржы бөлуге ықпал етіп, жұртшылық игілігіне қызмет етті. Қала іргесіндегі Маханбетов ауылынан амбулатория ашуға, оны іске қосуға көп күш-жігер жұмсағанын ауылдастар жиі әңгімелейді. Жоқ-жұқа жандарға, студенттерге, мүгедектердің жұмысқа орналасуына, басқа да қаржылай көмек бергенін тізбелеп айтқысы жоқ екенін байқатты.
Бір сәт Нұрмұрат одан әрі өткен күндерден әңгіме қозғап, бізді еріксіз тыңдауға мәжбүр етті.
– Өмір шіркін, адамға тақтайдай тегіс күйінде кездеспейді. Әлгіде 1979 жылы көлік апатына ұшырап, талай кәсіптің басын ұстауға тура келгенін айттым ғой. Бірер әңгімені ұмыт қалдырып барады екенмін, соны ойға оралтайын. Осы күнгі «Бабас» ғимаратының төменгі қабатын ағаш өңдеп, есік-терезе жасайтын цех етіп аштық. Талай еңбеккердің жұмысқа орналасуына мүмкіндік жасаған сәттер естен кетпейді.
– Әңгіме қыза түскендей болды. Алматыға оқу іздеп барған сәттеріңізді тағы бір еске алып жіберсеңіз?
– Бәрі есімде. Ауылдағы №107 мектепті 32 бала бітірдік. Оқуға аттанған балалардың көбісі конкурстан өте алмай қалды. Алматы ауылшаруашылық институтының механика факультетіне түсу үшін бір орынға 12 бала таластық. Емтихан қорытындысында «Ерманов Нұрмұрат кім?» деген дауыс шықты. Байқаймын, институт ректоры екен.
– Мен деп орнымнан тұрдым.
– Ерманов математика жазбашасынан «5», ауызша физикадан «4» деген баға алдың. Студент болып қабылдандың, – деп ректор бұйрықты оқып, қолымды қысты.
Содан диплом алып, жолдамамен Қармақшыға келдім. Аудандық агропромға орналастым. Бірер жылдан соң «Жаңақала» кеңшарына бас инженер болып, нағыз еңбекте шынығу мектебінен өттім. Одан кейін Қызылорда ағаш өңдеу зауытына конкурс арқылы келіп бас инженер, кейін зауыт директоры қызметін атқардым.
– Ата-аналарыңыз туралы айтсаңыз…
– Бұл ұзақ әңгіме. Қысқарта айтайын. Әкем Наят 10 ағайынды, мен сегіз ағайындымын. Әкем асыра сілтеудің дәуірлеп тұрған заманында «халық жауының» қызына үйлендің деген айыппен он жылға сотталып, кейін 1954 жылы елге оралды. 82 жыл ғұмыр кешті. Анам Әбила 11 бала өсіріп, 80 жасында пәни дүниеге аттанды. Ұлдың үлкені менмін… Ол осылай бір сәт өткен күндерді еске алып, ой елегінен өткізіп отыр. Жүзі жайдары. Ұшқыр шетелдік көлігімен талай жерді шарлап қайтты. Лондон, Дубайда болғанын жыр етіп айтады. Өскен, өнген отбасы. Ұлы Алмат судья, Қайыржан дипломат, Торғын, Гүлжанат бір отбасының қамқоршысы.
– Ұзақ жасаңыз, ұрпақ қызығын көре беріңіз! – деген тілекпен біз де жиналдық.
– Үлкен рақмет! – деп азамат бас изеп, арнайы ат басын бұрып келгенімізге шынайы пейіл байқатты.
Қайырбек МЫРЗАХМЕТҰЛЫ,
Қазақстанның құрметті журналисі
03 наурыз 2026 ж. 49 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№17 (10484)

03 наурыз 2026 ж.

№16 (10483)

28 ақпан 2026 ж.

№15 (10482)

24 ақпан 2026 ж.

Хабарландыру

ХАБАРЛАНДЫРУ!

ХАБАРЛАНДЫРУ!

18 қараша 2025 ж.
Шұғыл хабарландыру!

Шұғыл хабарландыру!

04 қараша 2025 ж.

Оқиғалар

Әженің ашуы
02 қаңтар 2025 ж. 2 539
Ақсұлу

Ақсұлу

29 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

ҚЫС КӨРІНІСІ
10 қаңтар 2026 ж. 348

Жаңалықтар мұрағаты

«    Наурыз 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031