» » ҚАРМАҚШЫЛЫҚ ОҚЫРМАНҒА ХАТ

ҚАРМАҚШЫЛЫҚ ОҚЫРМАНҒА ХАТ

Кітап – адам жанының азығы. Кейде күйбең тірлікте жаным жүдеп, өмірден қуат іздегенде кітап оқығанды жақсы көремін. Сондай сәт туды ма, жақында жұмыста отырып, қайынсіңілім сыйлаған «Сүйекші» атты кітапты қолыма алып, бір деммен тоқтамастан, бар жұмысты ұмытып, бастан аяқ оқып шықтым. Әдетте бір кітапты апталап жүріп әрең оқитын едім, бұл жолы кітап мені өткен әлеммен байланыстырды. Рухани азық, өмірлік сабақ алдым. Бір тағдыр, бір отбасындағы жағдай, сол кездегі қазақ халқының тұрмыс-тіршілігі бәрі-бәрі түгел тегіс көз алдымнан өтті. Кітапты оқып болған соң, екі күн сол әлемде жүрдім. Сол тағдырдың тәлкегін талқыладым, автордың ойын зерттедім, кейіпкерлермен ұрыстым (іштей). Содан сол кітап ойыма өлең болып орала бастады. Сосын қолға қағаз алып, жазған дүнием осы болды. Бәлкім, біреуіңіз оқыған шығарсыздар... Оқымағандарыңыз болса, сол шығарманың шағын түрі деп қабылдарсыздар. Мен ауылдан кеткелі, өлең де туған жерде қалды-ау деп едім, қателесіппін. Тағдырыма таңба болып, жаныма серік болған жырларым өзіммен бірге екен. Алайда қазір тіпті басқа салада қызметтемін. Ән мен жырдың ауылы алыс. Мемлекеттік көлік министрлігіндемін. Еліміздің әуе, темір жол, жол қатынастарының дамуына өз үлесімді қосып жүрмін. Естуімше, ауылда менің «Қармақшы таңы» газетіне шыққан әр туындымды сүйсіне оқып,тағатсыз күтіп, қиып, жинап, сақтап жүрген үлкен апаларым бар екен. Естіп қуанып қалдым. Алла сіздерге зор денсаулық, ұзақ ғұмыр берсін. Айтқан тілектеріңіз, берген баталарыңыз қабыл болсын. Туған жерге деген сағынышымды, сезімге толы сырларымды «Қармақшы таңы» газеті арқылы жеткізіп отырайын. Амандықтарыңызды тілеймін!

Еш себепсіз сүйе білгін өмірді

(Дулат Исабековтің «Сүйекші» атты кітабын оқығаннан кейінгі ойтүйін)
Сол бір кітап көңіліме мұң берді,
Сол бір кітап көмейіме жыр берді.
Қанша тағдыр болды екен-ау өмірде,
Қанша үміт жанып-сөніп үлгерді.
О, тіршілік, ұнатасың күйбеңді,
Сол заманда екі бейбақ үйленді.
Әке де жоқ, шеше де жоқ қос жетім,
Өздерінің өміріне үйренді.
Қос ғашықтың жанарында сыр тұрды,
Берілмеді, алға қарай ұмтылды.
Шаңыраққа бақыт бір күн сығалап,
Сүйікті жар атқа мінер ұл туды.
Әкесі жүр, нан табам деп жырақта,
Сүйіншілеп, шақырмады қонақ та.
«Тұңғыш болсын» деп сәбиге ат берді,
Сұм тағдырын білмеп еді бірақ та.
Әлгі сәби ел қатарлы ер жетті,
Көз қуаныш қаяу жанға ермек-ті.
Молда көрсін, сауат ашсын деп әке,
Жырақ жүріп, жүдеу жанын терлетті.
Сорлы әке күнде үйін сағынды,
Бұл пендеден қашан сынақ арылды?
Бай баласын өлтірді деп бір күні,
Сол байғұсқа ауыр жала жабылды.
Қатал тағдыр аямады-ау шынымен,
Өмір енді тоқтасын ба мұнымен?
Ердің құнын өтеу үшін мал таппай,
Бас бостанын өтеді ол ұлымен.
Бала кетті бөтен елге шырылдап,
Ал ананың шыбын жанын кім ұғат?
Жалғыз ұлды азат етем деп әке,
Байқамады өткен күнді зырылдап.
Ал бала ше, бала байғұс нағылды?
Бар тіреуі ата-анасын сағынды.
«Тұңғыш» деген аты өшіп өмірде,
«Аманат» деп оған таңба тағылды.
Жалшы болды, мал да бақты далада,
Үйге қайтсам деген ой тек санада.
Туа салып, неге азап көрді екен?
Сонша сынақ берілді ғой балаға.
Әке бірақ ешбір тыным таппады,
Балам деумен айды өткізді, аптаны,
Қара жұмыс қойсын ба оны бір күні,
Мертікті де, жүрегі кілт тоқтады.
Е, пақыр-ай, не көріп-ең жалғанда?
Жетпедің ғой сен ойлаған арманға.
Жүкті әйелің енді жалғыз қалды ғой,
Жан айқайын жеткізе алмай бар маңға.
О, жарықтық, қайтсін олар күніңді?
Уақыты да өтпей қойды-ау бүгінгі.
Әкең өлді, енді құнды кім төлер?
Деп жауыздар бұл баладан түңілді.
Аямады-ау, құртты-ау бала көңілін,
Естіді ол әкесінің өлімін.
Қанішер-ау, жаннан малың артық па?
Бүйтіп сүрген құрып кетсін өмірің.
Сорлы бала ұмытқан-ды күлкіні,
Өте берді алмасумен күн-түні.
Қыстың аяз қаһарына қарамай,
Анасы оны іздеп келді бір күні.
Қайтсін енді, екеуі де құсалы,
Қандай ыстық анасының құшағы.
Сағынысып, сарсаң болған пенделер,
Екеуінің тағдыры да тұсалы.
Бұл азапқа төзер ме екен тек пенде?
– Апа, бізді әкем тастап кеткен бе?
– Жоқ құлыным, әкең тірі, жұмыста,
Сені алып кетеміз біз көктемде.
Деп анасы уәдесін береді,
Бұл сөзіне сәби көңіл сенеді.
Қимастықпен қалды бала мұңайып,
Бұдан да сор таусылмады-ау көрері.
Тағдырыңның шара бара ма ісіне?
Ештеңені алмадың-ау түсіне.
Анасы мен інісі оның аязда,
Үсіп өлді тастанды үйдің ішінде.
Тағдыр оны тастағандай пышақтап,
Шыбын жанын турағандай ұсақтап.
Ата-ана да, бауыр да жоқ енді оған,
Жалғыз қалды қос қабірді құшақтап.
Өмір тағы артқа қарай бұрылды,
Жауыздар да шығарды көп ұруды.
Орда бұзар отыз жасқа келгенде,
Қашып кетті құрсауынан бұрынғы.
Дала кезді, аш, жалаңаш күн-түні,
Солай болды-ау, тағдырының үкімі.
Әбден әлі біткен кезде ол түзде,
Диуананы кезіктірді бір күні.
Жанары пәс диуанамен сырласты,
Қайғы шертіп, көп отырып мұңдасты.
Бала байғұс өз-өзіне сенбеді,
Өміріне кездескенде бір жақсы.
Диуана боп кетті сосын ел кезіп,
Бұл кәсіпті берді бірақ келте қып.
Өмір сүру қиындады тағы да,
Жан жүдетіп келген кезде елге жұт.
Өмір қашан оған жомарт болыпты?
Көрген талай аштықты да қорлықты.
Жапан түзде жан сауғалап жатқанда,
Көр қазатын сүйекшіге жолықты.
Кете алмайды тағдырынан безіне,
Жәй емес қой қалғандары кезіге.
Екі қолға бір күректі алды да,
Хас сүйекші болып шықты өзі де.
Жылдар өтті, жасы да оның ұлғайды,
Қатын, бала білмейді ол ондайды.
Есі ауысқан, үндемейтін кісі деп,
«Үндемес» деп ат қойды оған ыңғайлы.
Үндемес те үндемеді өмірге,
Жазылмайтын жарасы бар көңілде.
Көр қазумен амал етіп жүргенде,
Байқамады келгенін де елуге.
Солай жүріп, денсаулығы сыр берді,
Қарттық оған ерте келіп үлгерді.
Өткен шағы еске оралып түсіндей,
Көз ілместен өткізді де түндерді.
Тағы таңды армандаумен атырды,
Бір кісі кеп, көріп оны аһ ұрды.
Әкесіне жала жапқан қатігез,
Кешірсін деп бай алдына шақырды.
Мақұл деумен ілесті оның соңынан,
Басқа оның не келеді қолынан?
Әлгі опасыз сайрап, сарнап келеді,
Ай мен күні туғандайын оңынан.
– Енді азап көрмейсің сен тегінде,
Отбасын құр, әпереміз келін де.
Мынау сенің туып-өскен мекенің,
Ертегідей күн кешесің еліңде.
Бір таймады сол күйінен паңқыған,
Деді дағы өзім бәрін қатырам.
Қуаныштан жарылды ма жүрегі,
Сұлап түсті әлгі байғұс атынан.
Күңіренді, түңіренді атырап,
– Неге өлмедің, бір тепкіде жатып-ақ,
Күнәміздан арыламыз деп едік,
Неге бүгін ажал құштың ақымақ?!
Солай оның сұм тағдыры тоқтады,
Жанды да өшті, бір ұшқындай оттағы.
Жаны рахат тапты ма екен сорлының,
Жала жапқан тек опасыз жоқтады.
Оқып шығып, еріксіз жас төгілді,
Болмашыға бұрыппыз-ау көңілді.
Шүкір дейік барлығына адамдар,
Еш себепсіз сүйе білгін өмірді...
ГҮЛНҰР БЕКТҰРАРҚЫЗЫ
03 қазан 2025 ж. 98 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№79 (10447)

18 қазан 2025 ж.

№78 (10446)

14 қазан 2025 ж.

№77 (10445)

11 қазан 2025 ж.

Хабарландыру

ХАБАРЛАНДЫРУ

ХАБАРЛАНДЫРУ

15 қыркүйек 2025 ж.
Хабарландыру

Хабарландыру

02 қыркүйек 2025 ж.

Оқиғалар

Әженің ашуы
02 қаңтар 2025 ж. 1 695
Ақсұлу

Ақсұлу

29 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңарған Жосалы
02 қыркүйек 2025 ж. 436

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қазан 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031