КІТАП ОҚИ ЖҮРЕЙІК!
«Бұл күнгі жастар газет-журнал, кітап оқымайды» деген пікірді аға буыннан жиі естіп жатамыз. Дегенмен жастардың бір шоғыры кітапты сүйіп оқитынын да елей бермесек керек-ті. Кітап оқитын жастар жоқ емес, бар. Тіпті кітап жастанып оқитындарды да кезіктіріп жатамыз. Өз басым студент болып жүрген кезімде Қытай елінен елге оралған қандас бауырыммен бір бөлмеде тұрдық.
Қашан көрсең, қолынан кітабы түспейтін. Тіпті кітапты жастанып оқып тауысатын. Аптасына бір келетін жексенбі күнімізде біз ұйқы қандырумен өткізсек, әлгі қыз таңертеңгілік кітапханаға кететін. Оның бойындағы осы бір қасиетіне ерекше тәнті болып, жанында жүріп мен де кітапты қолыма жиі алатын болдым. Екеуміз бір курс та оқитын болғандықтан берілетін көркем шығарма да бірдей еді. Ал кітапханаға кім бірінші барса, кітап соның қолында кетеді. Біздің мамандықта оқитын студенттер көп болған соң, кітап кейде жетпей қалатынды. Сонда жаңағы бөлмелес қызбен кітапты бөлісіп, бірге кезектесіп оқитын едік. Мұнымен не айтқысы келді деп отырған боларсыз, кітап оқуға қызықтыратын, кеңес беретін кітапқұмар дос не болмаса әдеби орта керек секілді. «Адамды досына қарап таны» деген қанатты сөз бар емес пе? Сондықтан кітап оқитын достармен бірге жүріп, рухани дүниемізді байытып отырғанымыз абзалырақ.
Дей тұрғанмен әдеби ортадан жырақ жүрсе де бос уақытын кітап оқумен өтікізетін жастар да жетерлік. Бос уақыт демесек те, тіпті жұмысбасты болса да кітап оқуға уақыт табатындар бар. Олардың көп бөлігі қазақ әдебиетінің немесе қазақтілді кітаптардан гөрі шетел басылымдарын, детектив, мотивациялық, психологиялық жанрдағы кітаптарды оқып жататындығына куә болып жүрміз. Иә, талғамға талас жоқ, осы орайда мынадай сұрақ туындайды.
«Көп жасаған білмейді, көп оқыған біледі» деген қазақтың ұлы жазушысы Мұхтар Әуезовтың сөзі бар. Расында кітаптан бас алмай оқитын адаммен сөйлесе қалсаңыз, олардың өздері жасап алған керемет әлемі бар ма деп қаласың. Кітап оқымайтындарды түсіне алмайтын адамдар бар. Олар – нағыз кітап кеміргіштер. Әсілі кітап дұрыс ойлауды және жасалған әрекеттерді қайта ой елегінен өткізуге үйретеді. Сондықтан ұлтымыздан ойшыл кемеңгерлер мен дана көшбасшылар, оқымысты ғалымдар шықсын десек, алдымен өзімізді кітап оқитын қауымға айналдырайық. Көргенін істейтін өскелең ұрпаққа іспен көрсетсек, олар да білмегенін кітаптан іздейтін оқырман елге айналар.
А.САҒЫНТАЙ