ЕЛГЕ ҚЫЗМЕТ ЕТКЕН ЕҢБЕКТІҢ БИІК БЕЛЕСІ
Аудан әкімі Жандос Еркінбектің төрағалығымен елге еңбегі сіңген азамат, Қазақстан Республикасы «Білім беру ісінің үздігі», саяси ғылымдарының кандидаты, білім беру саласы мен мемлекеттік қызметте ұзақ жыл бойы абыройлы еңбек еткен Мусахан Басшыбаевтың 70 жасқа толуына арналған салтанатты қабылдау өтті.
Бұл тағылымды іс-шара саналы ғұмырын ұлт болашағы саналатын білім мен ел басқару ісіне арнаған тұлғаға көрсетілген зор құрметтің айғағы болды. Салтанатты қабылдауға ауданның зиялы қауым өкілдері, ардагерлер, білім саласының майталмандары мен әріптестері жиналып, мерейтой иесінің өнегелі өмір жолы туралы сөз қозғады.
Іс-шара барысында аудан басшысы Жандос Еркінбек Мусахан Айтбайұлының ел дамуына, өңірдің өркендеуіне қосқан елеулі үлесін ерекше атап өтіп, жүрекжарды лебізін білдірді.
– Мусахан Айтбайұлы – бүкіл саналы ғұмырын елге қызмет етуге арнаған парасатты тұлға. Ол өзінің еңбек жолын ұстаздықтан бастап, аудандық және облыстық білім саласында, мемлекеттік қызметтің түрлі жауапты лауазымдарында абыроймен қызмет атқарды. Жаңажол ауылындағы мектеп директоры, аудандық білім бөлімінің меңгерушісі, аудан әкімінің орынбасары қызметтерін нәтижелі атқарып, кейін Қызылорда облысы әкімі аппараты мен Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты аппаратында сарапшы, сектор меңгерушісі ретінде мол тәжірибесін ел игілігіне жұмсады. Оның білімі мен білігі, іскерлігі мен азаматтық ұстанымы өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына, жас кадрларды тәрбиелеуге зор үлес қосты, – деді аудан әкімі.
Салтанатты қабылдау барысында мерейтой иесіне ауданның жоғары марапаты «Құрмет» грамотасы табысталып, еңбегіне лайықты құрмет көрсетілді.
Жиын барысында аудандық мәслихат төрағасы Әділ Қошалақов, аудандық ардагерлер кеңесінің мүшесі Шегебай Құндақбаев, білім саласының ардагері Дәмелі Жалғасбаева сөз сөйлеп, Мусахан Айтбайұлының адамгершілік болмысы, кәсіби біліктілігі мен өнегелі ұстаздық жолы жайлы жылы естеліктерімен бөлісті. Олар мерейтой иесінің әрдайым әділдік пен жауапкершілікті ту еткенін, талай жас маманға бағыт-бағдар берген тәлімгер болғанын атап өтті.
Шара соңында сөз алған мерейтой иесі Мусахан Айтбайұлы өзіне көрсетілген зор құрмет пен шынайы лебіздерге алғысын білдіріп, елге адал қызмет ету – әрбір азаматтың басты парызы екенін атап өтті.
«ҚТ» ақпарат

















