» » Қылмысқа тосқауыл қойған ауыл

Қылмысқа тосқауыл қойған ауыл

Соңғы жылдары ауданымызда қоғамдық қауіпсіздік пен құқықтық тәртіпті сақтау бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіліп келеді. Соның нәтижесінде қылмыссыз ауылдар қатары жыл санап артып, ел ішінде тыныштық пен тұрақтылықтың негізі берік қалануда. Осындай үлгілі елді мекендердің қатарында Иіркөл ауылы да бар. Ауылда соңғы үш жылда бірде-бір қылмыстық деректің тіркелмеуі – бұл кездейсоқ жетістік емес, тиянақты еңбек пен ауызбіршіліктің айқын көрінісі.
Иіркөл ауылының қылмыссыз аймаққа айналуында ауыл әкімі Жағыппар Төлегенов пен учаскелік полиция инспекторы Сағындық Макешовтің бірлескен жұмысы ерекше атап өтуге тұрарлық. Ел тыныштығын басты құндылық санайтын қос маман тұрғындармен етене араласып, алдын алу шараларын үздіксіз жүргізуде.
Ауыл әкімі Жағыппар Төлегенов бұл қызметке сайланғалы бері елдің тұрмыс-тіршілігін жақсартуға, ең бастысы, тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге басымдық беріп отырғанын айтады.
– Қай әкім де елдің амандығын, жұрттың бірлігін ойлайды. Ал мен үшін бұл ауыл тіпті жақын. Себебі өзім осы жердің тумасымын. Мұндағы әр тұрғынды жақынымдай көремін, ешкімді бөліп-жармаймын. Ауылдың тыныс-тіршілігі үнемі назарымда. Халықпен жиі кездесіп, олардың мұң-мұқтажын тыңдаймыз, ұсыныс-пікірлерін ескереміз. Мемлекет басшысы бекіткен «Заң мен тәртіп» тұжырымдамасын басшылыққа алып, тұрғындарды заңды құрметтеуге, құқықтық мәдениетті арттыруға шақырып келеміз. Сонымен қатар аймақ басшысы мен аудан әкімінің және құқық қорғау органдары басшыларының тапсырмасын орындау қылмыстың азаюына, қоғамдық сенімнің нығаюына және әлеуметтік тұрақтылыққа оң әсер етуде, – дейді ауыл әкімі.
Расында да, ел ішіндегі тыныштық бір күнде орнай салмайды. Қазіргі алмағайып заманда ұры-қары мен түрлі құқықбұзушылықтардан ауылды сақтап қалу – үлкен жауапкершілік пен қырағылықты талап етеді. Осы тұрғыда Иіркөл ауылында учаскелік полиция инспекторы Сағындық Макешовтің еңбегі ерекше.
Екі жылдан астам уақыттан бері осы ауылда қызмет етіп келе жатқан тәжірибелі сақшы ауылдағы әрбір үйдің, әрбір көшенің тынысын жақсы біледі. Ауылға кіріп-шығып жүрген бөтен адамдар, көліктер – барлығы бақылауда. Қылмыстың алдын алу – оның күнделікті қызметінің басты бағыты.
– Біздің міндет – тыныштықты сақтау, қылмыстың алдын алу және оған жол бермеу. Күшейтілген профилактикалық жұмыстардың нәтижесінде ауылда қылмыс тоқтады. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табады. Жасөспірімдер арасындағы бұзақылықтың алдын алу үшін мектеп мұғалімдерімен бірлесіп түнгі рейдтер ұйымдастырдық. Сағат 23.00-ден кейін бейберекет жүрген оқушылар мен олардың ата-аналарына ескерту берілді. Қазір қоғамда өршіп тұрған қылмыстың бірі – алаяқтыққа жол бермеуге тұрғындармен кездесіп, үгіт насихат жұмыстары жүргізілді. Одан бөлек мал ұрлығының алдын алу мақсатында ауылға кірген-шыққан көліктердің құжаттары мұқият тексеріліп отырды. Сонымен қатар фазендалар да назардан тыс қалған жоқ, – дейді полиция майоры.
Бұдан бөлек, жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында да бірқатар маңызды шаралар қолға алынған. Үлкен тас жол бойында қараусыз жүрген мал иелеріне ескерту жасалып, жол-көлік оқиғаларының алдын алу үшін әрбір жылқы мен сиыр малының мойнына түнгі жарыққа шағылысатын қарғы баулар тағылған. Мұның өзі қарапайым болғанымен, адам өмірін сақтауда үлкен рөл атқарып отыр.
Иіркөл ауылының тағы бір ерекшелігі – мұнда тәрбиенің терең тамыры сақталған. Ауылда ақылман ақсақалдардан құралған қариялар институты қалыптасқан. Олардың сөзі – заң, өнегесі – үлгі. Осы қариялардың ықпалымен өткен жылы ауылда алкоголь өнімдерін пайдалану мен сатуға толықтай тыйым салынған. Нәтижесінде Иіркөл бүгінде «арақсыз ауыл» деген атпен де көпшілікке танылып отыр.
Бұл бастама тұрғындардың денсаулығына ғана емес, қоғамдық тәртіптің нығаюына да оң әсерін тигізді. Арақсыз ауылда жанжал да, құқықбұзушылық та азаятынына өмірдің өзі дәлел.
Жыл қорытындысында Иіркөл ауылында құқықбұзушылықтың алдын алу, қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету бағытында атқарған белсенді еңбектері үшін ауыл әкімі Жағыппар Төлегенов пен учаскелік полиция инспекторы Сағындық Макешов аудан прокурорының арнайы Алғыс хаттарымен марапатталды. Бұл – тек екі азаматтың ғана емес, бүкіл ауыл тұрғындарының ортақ жетістігі.
Иіркөлдің бүгінгі келбеті – ынтымақ пен жауапкершіліктің, тәртіп пен тәрбиенің нақты нәтижесі. Мұндай ауылдар көбейсе, елдің ертеңі де еңселі болары сөзсіз. Қылмыссыз, арақсыз, тыныш ауыл – әрбір қазақстандықтың арманы. Ал Иіркөл сол арманның шынайы үлгісіне айналып отыр.
Ерсін СӘДУҰЛЫ
07 ақпан 2026 ж. 89 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№10 (10478)

07 ақпан 2026 ж.

№9 (10477)

03 ақпан 2026 ж.

№8 (10476)

31 қаңтар 2026 ж.

Хабарландыру

ХАБАРЛАНДЫРУ!

ХАБАРЛАНДЫРУ!

18 қараша 2025 ж.
Шұғыл хабарландыру!

Шұғыл хабарландыру!

04 қараша 2025 ж.

Оқиғалар

Әженің ашуы
02 қаңтар 2025 ж. 2 372
Ақсұлу

Ақсұлу

29 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

ҚЫС КӨРІНІСІ
10 қаңтар 2026 ж. 230

Жаңалықтар мұрағаты

«    Ақпан 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
232425262728