» » «ЖҰЛДЫЗ ГҮЛДЕРІ» – ҚУАНЫШ ПЕН ШАБЫТТЫҢ МЕКЕНІ

«ЖҰЛДЫЗ ГҮЛДЕРІ» – ҚУАНЫШ ПЕН ШАБЫТТЫҢ МЕКЕНІ

Кез келген қуанышты сәтімізде, әртүрлі іс-шарада гүл іздеп кететініміз анық. Жалпы гүл сыйлау – сезімдерімізді сөзсіз көрсететін керемет дәстүр. Осыдан 2-3 жыл бұрын кентімізден шоқ гүлдерді жиі кездестіре бермейтінбіз. Арнайы мерекеге бірер күн бұрын қаладан тапсырыс беріп, оны көлікпен алдыратынбыз. Онлайн тапсырыс болғандықтан кейбірі көңілден де шыға бермейтін. Ал қазір кентімізде гүл дүкенінің саны артып, сапа жағынан бәсеке көбейді. Жақында заманауи жабдықталған тағы бір гүл дүкені тұтынушыларға есігін ашты.
Кәсіп иесі – кент тұрғыны Жұлдыз Зарлықова. Осындағы №183 мектептің 9-сыныбын аяқтап, Қызылордадағы «Қызмет» колледжінде «Құқықтану-заңгер» мамандығын меңгеріп шығады. Әрі қарай жоғары білімді Қазақ гуманитарлық заң университетінен алады. Алғашқы еңбек жолын аудандық Әділет басқармасының АХАТ бөлімінде бастайды. Осы салада 13 жыл қызмет атқарып, 2024-2025 жылдары Халыққа қызмет көрсету орталығында жұмыс істейді.
– Өткен жылдың басында жеке кәсіппен айналысу ойыма келді. Алла қолыңнан келмейтін дүниені ойыңа салмайтыны анық қой. Содан осы гүл саласы бойынша іздене бастадым. Ең бірінші болып жолдасым мен құрбыларым қолдау білдірді. Түрлі шеберлік сабақтарына бардым. Солай ізденіп жүргенде жалағаштық кәсіпкер, бірнеше гүл дүкенінің иесі, батыр ана Эльмира Маралханқызымен таныстым. Ол кісі маған бұл кәсіптің қыр-сырын түгел айтып, бағыт-бағдар берді. Бір қызығы, мен ол кісіні осы уақытқа дейін мүлде танымаймын. Сонымен қатар ол кісі осындай кеңестері үшін менен ешқандай ақы да алмады. Көңілі кең кәсіпкерден шабыт алып, шілде айында шағын ғимаратта кәсібімді бастап кеттім, – дейді кәсіпкер Жұлдыз Пазылханқызы.
Негізі гүл сату кәсібі табысты әрі тәуекелі көп сала екені белгілі. Гүлдер уақытылы өтпесе тез солып, жарамсыз болып қалады. Тәуекелдің жоғары болуы да сондықтан. Кәсіпкеріміз шағын дүкенмен тоқтап қалмай, қаладағыдай стильді, заманауи гүлдер дүкенін ашуды мақсат етеді. Отбасының қолдауымен бұл мақсатқа да жетіп, жақында жаңа дүкеннің ашылу салтанаты өтті. Оған арнайылап Жалағаш ауданының депутаты, «Жалағаш сушар» мекемесінің басшысы Ғани Шаймерденұлы мен жары, кәсіпкер, Жалағаш аудандық әйелдер кеңесінің төрайымы Эльмира Маралханқызы келіп, ақ тілегімен «Жұлдыз гүлдер» дүкенінің лентасын қиды. Дүкен іші жарық әрі кең. Кәсіпкерлікке қадам басқанына көп уақыт болмаса да, кәсіпкердің талғамы тым бөлек. Мұнда шоқ гүлдерінен басқа арнайы ыдыстар, гүлді құнарландыратын қоспалар, түрлі сыйлықтар, бөлме гүлдері, тәтті торттар, қуанышты еселеуге арналған түрлі заттарды табуға болады. Осылай іздеген затыңыздың барлығы бір дүкеннен табылса, керемет емес пе?
– Қазірде туған күн, мереке, той-думан гүлсіз өтпейді десем, артық айтқаным емес. Бұл саланың артықшылығы көп, бірі күнделікті табысында болса, екіншісі әйел қауымына қуаныш сыйлай аласыз. Күйбең тірліктен әйел адамы нәзіктігін жоғалтып алып жатады, сол себепті жиі гүл беріп қуантып тұрған дұрыс. Әйел қауымының гүл алғандағы қуанышын көріп өзім қуанамын. Жалпы кез келген кәсіпті бастағанда түрлі кедергілер болып тұрады. Сондай сәттерде мақсатыңыздан бас тартпай алға жүргеніңіз дұрыс. Армандаңыз, сол арманыңызға қарай әрекет жасаңыз. Қазір кәсібім көпке қуаныш сыйлаумен қатар, үш жанды жұмыспен де қамтып отырмыз, – дейді кәсіпкер.
Өз ісіне жүрек қалауымен келген кәсіпкер Жұлдыз Пазылханқызы аз уақыттың ішінде талғамы жоғары, заманауи талаптарға сай гүл дүкенін қалыптастырып, кент тұрғындарының ыстық ықыласына бөленіп үлгерді. Әрбір гүл шоғын үлкен жауапкершілікпен әзірлеп, тұтынушының көңілінен шығуға ұмтылуы оның кәсібіне деген шынайы махаббатын аңғартады. Ең бастысы – гүл арқылы адамдардың көңіл күйін көтеріп, ерекше сәттердің сәнін келтіріп келеді. Осындай бастамалар ауданымыздың дамуына, кәсіпкерлік көкжиегінің кеңеюіне үлес қосары анық. Арманға сеніп, әрекет еткен жанның еңбегі еш кетпейді. «Жұлдыз гүлдері» алдағы уақытта да талай қуанышты сәттердің куәсі болып, өз тұтынушыларын әсемдік пен шаттыққа бөлей берсін. Себебі олардың әрбір гүл шоғында махаббат, үміт, жақсылыққа бастаған ізгі ниет бар.
Ардақ СҮЛЕЙМЕНОВА
21 қаңтар 2026 ж. 99 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№5 (10473)

21 қаңтар 2026 ж.

№4 (10472)

17 қаңтар 2026 ж.

№3 (10471)

13 қаңтар 2026 ж.

Хабарландыру

ХАБАРЛАНДЫРУ!

ХАБАРЛАНДЫРУ!

18 қараша 2025 ж.
Шұғыл хабарландыру!

Шұғыл хабарландыру!

04 қараша 2025 ж.

Оқиғалар

Әженің ашуы
02 қаңтар 2025 ж. 2 279
Ақсұлу

Ақсұлу

29 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

ҚЫС КӨРІНІСІ
10 қаңтар 2026 ж. 159

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қаңтар 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1234
567891011
12131415161718
19202122232425
262728293031