» » АРДАГЕРЛЕР – ИГІ ІСТЕРДІҢ ҰЙЫТҚЫСЫ

АРДАГЕРЛЕР – ИГІ ІСТЕРДІҢ ҰЙЫТҚЫСЫ

Сәрсенбіде «Руханият орталығында» аудандық ардагерлер ұйымының кезекті есеп беру, сайлау конференциясы өтіп, оған аудан әкімі Жандос Еркінбекұлы, аудандық мәслихат төрағасы Әділ Қошалақов, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Дүйсенбаев, белсенді ардагерлер мен кент, ауылдық округ әкімдері қатысты.
Конференцияның алғашқы сөзі аудан әкімі Жандос Еркінбекұлына берілді.
– Өткен жылды сәтті қорытындылап, биылғы жылы өздеріңізбен кездесудеміз. Үлкенді сыйлау, оларға құрмет көрсету – ата-бабадан келе жатқан салтымыз. Біздің халқымыз ежелден адамгершілікті, сыйластық пен сыпайылық қасиеттерді өз бойына сіңіре білген.
Еңбектеріңіздің зейнетін көріп отырған шақта ұрпақтарыңызға игілік пен ізгіліктің, пайым-парасаттың үлгісін танытып келесіздер. Сіздердің өмірлік тәжірибелеріңіз бен ақылкеңестеріңіздің біз үшін орны бөлек. Себебі, ауданымыздың өсіп-өркендеуіне қосқан үлестеріңіз бен еңбектеріңіз аса маңызды. Сондықтан, сіздердің өмір жолдарыңыз бүгінгі ұрпаққа мол қазына.
Ауданымызда аға ұрпақ өкілдерінің әлеуметтік жағдайын жақсарту мақсатында әртүрлі бағытта жұмыстар атқарылып, мәдени-рухани өмірге белсене араласуларыңызға қолайлы жағдай жасалуда. Осы ретте, соңғы жылдары ардагерлерімізге еліміздің рухани астанасы – Түркістан қаласы мен басқа да тарихи-мәдени орындарға саяхат ұйымдастыру дәстүрге айналғанын атап өткім келеді. Бұл игі іс-шаралар біздің ардагерлерімізге көрсетілген құрметтің бір көрінісі. Сондай-ақ әлеуметтік жағынан аз қамтылған қарт адамдар, жалғызбасты зейнеткерлер мен мүгедектер мүддесі, оларға материалдық, әлеуметтік-тұрмыстық және басқа да көмек түрлерін көрсету мәселелері басты назарда келеді.
Мұның барлығы мемлекет пен аймақ басшысымен жергілікті билік органдарының ардагерлерге көрсететін зор қамқорлығы.
көмек көрсетуге дайынбыз. Біздің Қармақшы жұрты қашанда береке-бірлігімен, тату-тәтті тірлігімен ерекшеленеді. Елдің ұйытқысы болып отырған ардагерлеріміздің мерейі үстем бола берсін.
Ардагерлер – халықтың үні, биліктің кеңесшісі, қоғамда туындаған түйткілді мәселелердің сарапшысы. Сіздерге ұзақ ғұмыр, отбасыларыңызға амандық, шаңырақтарыңызға шаттық пен бақ-береке тілеймін. Ел игілігі үшін жасаған еңбектеріңіздің зейнетін көріп, ұрпақтарыңыздың қуанышына кенеліп, әрдайым құрмет биігінен көріне берулеріңізге тілектеспін, – деп аудан басшысы конференция жұмысына сәттілік тіледі.
Отырысты аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Асқар Мереков жүргізді. Конференцияның күн тәртібіне сай екі мәселе ұсынылды. Бірінші мәселе бойынша аудандық ардагерлер кеңесі төрағасының «Қармақшы аудандық ардагерлер ұйымының 2021-2025 жылдары атқарылған жұмыстарының есебі» тыңдалды.
– Қазақ қазақ болғалы қартын сыйлап төрден орын берген, сөйлесе сөзін бөлмеген, жүрсе алдын кеспеген дана халық. Бұл қасиет ұрпақтан-ұрпаққа өсиет, тәрбие, салт-дәстүрмен беріліп, санаға сіңген. Әрине қоғамдағы өзгерістер өз ізін салмай кеткен жоқ. 300 жылдық бодандық ұлттық болмысымызға орасан зиян келтірді. Тәуелсіздік алғаннан бастап, ұлттық құндылықтарымызды іздей бастадық. Ұрпақ тәрбиесіндегі, елдің бірлігін сақтаудағы ақсақалдардың рөлін арттыру қолға алынды. Мемлекеттік емес ұйымдарға басымдық берілді. Ардагерлер ұйымы қатардағы көп ұйымның бірі емес. Ол салиқалы да салмақты мәмілегер құрылым. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, «Ардагерлер ұйымы Үкімет пен халықтың арасын байланыстыратын звеналардың бірі» дегендей, билік пен халықтың арасындағы алтын көпір десек жаңылыспаймыз. Ауданда 5397 зейнеткер болса, оның 4717-сі бастауыш ұйымдарында тіркеуде тұр. Өткен конференцияда 53 бастауыш ұйым болса, бүгін 67 бастауыш ұйым жұмыс жасауда. Есепті кезеңде 2 пленум, 13 алқа мәжілісі өтті. Ауданда 65 тыл ардагері, 86 жалғызбасты қарт есепте тұрады. Жалғызбасты, мүмкіндігі шектеулі қарттар мемлекет тарапынан белгілеген жәрдемдермен, көмекшілермен қамтылған. Бастауыш ұйым төрағаларына өз ұйымында беделді, әділ, керек кезінде аталы сөз айта алатын азаматтарды ұсындық. Осының арқасында ардагерлеріміз бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып бірлікпен, қоғамға өз үлестерін қосып келеді. Өткен ғасырдың 20-жылдары ұлт ардақтысы Ахмет Байтұрсынов былай деген екен: «Қазақ білімді болу керек, бай болу керек, күшті болу керек. Білімді болу үшін оқу керек, бай болу үшін кәсіп керек, күшті болу үшін бірлік керек». Бірлік болған кезде қазақтың орны төр болады. Міне 100 жыл өтсе де бұл сөз мағынасын жойған жоқ. Аудандағы ілкімді істердің темірқазығы аудан халқының бірлігі. Міне біздің ардагерлердің бүгінгі міндеті осы бағытта болса біз адаспаймыз. Аудандық ардагерлер кеңесі облыстық ардагерлер кеңесімен қоянқолтық жұмыс атқарады. Әр жыл сайын жұмыс жоспары түзіліп, облыстық ардагерлер кеңесімен келісіп, сол бағытта жұмыс жасалады. Облыста өткен мәдени-спорттық көпшілік шараларға қатысып, біздің ардагерлеріміз жүлделі орындардан көрініп, аудан атын жоғары биіктен көрсетіп келеді.
Соңғы үш жылда «Ардагерлерді ардақтайық» атты әлеуметтік жобаға қаржы бөлініп, ардагерлеріміз Түркістан, Марал баба, Қорқыт ата жатқан қасиетті мекендерге зиярат етсе, Байқоңыр ғарыш айлағына барып, көкке көтерілген ракеталарды, Космос музейлерін тамашалап, үлкен әсерге бөленіп қайтты. Балық аулаудан, шахматтан ардагерлер арасында жарыстар өткізілуде. Қарттар күніне орай мерекелік концерт, мерекелік дастарқан жайып, ақсақалдардың батасын алу үрдіске айналды. Сол сияқты аудан әкімі Жандос Еркінбекұлы тарапынан мерейлі 80-90-100 жасқа келген ардагерлерімізді құттықтап, сыйлықтар беріп, олардың батасын алу дәстүрлі түрде жалғасуда. Осы жылы 1 ардагер 100-ге, 1 ардагер 95 жасқа, 8 ардагер 90 жасқа толғалы отыр. 1-қаңтар күні 100 жасқа толған Батыр ана Алмагүл Кенбаева анамыздың үйінде болып, ғасыр жасаған анаға құрмет көрсетілді. Сондықтан бүгін сіздердің қатысуларыңызбен Жандос Еркінбекұлына аудан ардагерлерінің атынан рақмет айта отырып, әрбір ісіне табыс тілеймін.
Енді ардагерлер кеңесінің 2025 жылғы негізгі атқарған жұмыстарына тоқталып өтейін. Өздеріңіз білетіндей, былтыр ауданда «Руханият» орталығы салынып, ардагерлер кеңесіне екі бөлме берілді. Жұмыс жасауға өте қолайлы. Аудандық ардагерлер кеңесі аудан әкімшілігімен, білім бөлімімен, жастар ұйымымен, қоғамдық даму бөлімімен, әйелдер кеңесімен тығыз жұмыс істеуде. Өткен жылы біздің кеңестің алқа мүшелері білім ошақтарында 36 рет болып, түрлі бағытта оқушылармен, ата-аналармен кездесу ұйымдастырылды. Оқушылар арасындағы топтық төбелестің алдын алу, мамандық таңдау, тәрбие мәселесі, ата-аналар жиналыстарына үнемі қатысып, ақылкеңестерін беріп отырады. Өткен жылдан бастап аудандық ардагерлер кеңесінің жанынан «Әжелер алқасы» құрылып, жұмыс жүргізуде. Маусым айында аудандық «Аялы әже» форумы ұйымдастырылды. Кент орталығынан барлық елді мекендерден әжелеріміз, келіп қатысып өз өнерлерін көрсетіп, көпшілікті тәнтті етті. Әжелер алқасын құру мақсаты жастардың бойында жаңа қазақстандық патриотизм рухында тәрбиелеуді көздей отырып, жаңа ғасырдың талабына сай тәуелсіздіктің қадір-қасиетін жан жүрегімен түсінетін, отаншыл, елжанды аға буынның өмірлік тәжірибесін пайдалану. Ұмыт болып бара жатқан ұлттық салт-дәстүрлердің жандануына атсалысу. Жасыратыны жоқ соңғы кезде бүгін үйленіп той жасап, ертең ажырасып жатқандар көбейіп барады. «Үйлену оңай, үй болу қиын» деген қағиданы, отбасылық құндылықтарды насихаттау әжелер алқасының басты міндеті болмақ. Осы ретте үйленгендеріне 50-60 жылдан асқан ерлі-зайыптыларды, жаңадан үйленген жастармен кездестіру кеші өте әсерлі өтті. Өткен жылы облыстық ардагерлер кеңесінің ұйымдастыруымен Сырдария ауданында ас беру, жаназа кезіндегі ысырапшылдыққа жол бермеуді мақсат еткен семинар-кеңес өткізілді. Осыны басшылыққа ала отырып, аудандық мәдениет үйінде аудан, ауыл имамдары, ардагерлер кеңесінің төрағалары, ру белсенділері, әйелдер кеңесінің төрайымдарын қатыстыра отырып, осы мәселе төңірегінде сөз қозғадық. Қонақасы, жыртыс, шапан тарату қайғыдан қан жұтып отырған әулет үшін үлкен шығын. Дүниеден өткен аруақтың жақсы істерін айтудың орнына, еттің қатты-жұмсағын айтып отыру – рухани төмендіктің белгісі. Бұл жиын халық арасында қолдау тауып, ретсіз шығындардан бас тартты. Дегенмен, кейбір ауылдар ескі сүрлеуден шыға алмай келеді. Бұл ауыл ақсақалдарына, ауыл имамдарына ойланатын мәселе.
Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алуда аудан прокуратурасымен меморандумға отырып, ішкі істер бөлімінде есепте тұрған 34 жанұямен жұмыс жүргізілді. Қолайсыз отбасылардың ағайындарын қатыстыра отырып, үйінде сұхбат жүргізіп, оларға түсіндіру жұмыстары жасалды. Әрбір қолайсыз отбасында біздің келешегіміз – бала бар. Ата-анасы ажырасса олар баласының бақытын ұрлайтынын ескермейді. Ардагерлердің денсаулығын қадағалау мақсатында орталық аурухана басшылығымен мәмілеге келе, жыл сайын мамыр айында 3 күн қатарынан Ашық есік күні өткізілуде. Арухананың бас дәрігері Бақытжан Нысанбаевтан бастап қажетті дәрігерлер жылы қарсы алып, кезексіз, тегін қызмет көрсетті. Бұл азаматтарға алғыстан басқа айтарымыз жоқ. Іскерлік және жанашырлық бағдарламасы бойынша 5 ауылшаруашылық ұжымымен, 2 мекемемен келісімшартқа отырып, ардагерлерге қолдан келген көмектерін беруде. Азық-түлік, малдың жем-шөбі, мектепке жол акциясы, қыстық отын, үй жөндеу, мерзімді баспасөзге жаздыру мәселелерін шешіп беріп отыр.
«Жақсының жақсылығын айт» дейді ғой. Олар – Тұрмағамбет ауылынан Нұржан Пірмантаев, Ақжар ауылынан Жомарт Жалғасбаев, Ақтөбе ауылынан Хамит Аралбаев, Нұрлан Іздібаев, Дүр Оңғар ауылынан Орынбасар Төлепов, аурухананың бас дәрігері Бақытжан Нысанбаев, «Бәйтерек» газетінің редакторы Нұрбай Жанәділовтер. Біздің ардагерлеріміз тазалық акциясына үлкен құлшыныспен қатысып, үлестерін қосып келеді. Кентте тұратын ардагерлер кент ішіндегі ағаш егу мәселесімен қоса, Қорқыт ата музейіндегі өздері еккен саялы ағаштарды жыл сайын күтімге алып, ретке келтіріп отырады. Биылдан бастап кент орталығындағы Ардагерлер аллеясын біздің белсенді ардагерлеріміз өз қамқорлықтарына алуды жоспарлап отыр. Тазалығына, күтіміне өздері бас-көз болып, бар дүниені ұқыпты пайдалануға ықпал жасайды. Жастар біздің болашағымыз дейтін болсақ, әскер қатарына аттанып бара жатқан сарбаздарға ақ жол тілеп, үлкеннің батасымен шығарып салу да дағдыға айналды.
Жыл сайын жұмыс жоспарын жасағанда 30-дан аса жұмыс көлемі көрсетіледі. Бүгін негізгілеріне ғана тоқталып отырмыз. Бұл әрине жалғыз менің ғана жасаған жұмысым емес. Аудандық ардагерлер кеңесі алқасының 11 мүшесінің ортақ жұмысы. Сондықтан қоғамдық жұмысқа белсене араласып, өз үлестерін қосып келген алқа мүшелеріне алғыс білдіремін. Баяндамамды аяқтай келе, айтарым – кез келген ұйымды ұйыту басшының іскерлігіне байланысты. Осы залда барлық 67 бастауыш ұйымның төрағалары отырсыздар. Бізге керегі елдің бірлігі. «Байлық – байлық емес, бірлік – байлық» деп аталарымыз бекерге айтпаған. Сол бірлікті сақтайтын аталы да баталы сөзді айтатын Сіздер.
«Жүгіріп шығар төбе көп,
Шыңға шығу тым қиын.
Қартайған шал елде көп,
Ақсақал болу тым қиын», – дегендей, ақсақал деген қадірлі атқа дақ түсірмей, елдің бірлігін сақтау, ата жолынан ауытқымай, тәуелсіз еліміздің болашағы – жас ұрпаққа дұрыс бағдар көрсету біздің бүгінгі парызымыз болмақ, – деді Асқар Мереков.
Аудан ардагерлерімен атқарылған жұмыстардың есебінен соң баяндама кең көлемде талқыланды. «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері, ауданның Құрметті азаматы Әбдірахман Құлдүйсенов, аудандық білім саласының ардагерлер ұйымының төрайымы Талмаш Жұмабаева, Қармақшы ауылы ардагерлер ұйымының төрағасы Мұхтар Таңбаевтар оң бағасын беріп, ұсыныс-пікірлерін айтты.
Күн тәртібіндегі екінші мәселеде аудандық ардагерлер ұйымы жұмысын ұйымдастыру, аудандық ардагерлер ұйымының Пленум, Алқа мүшелерін, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы мен орынбасарын, сонымен қатар облыстық ардагерлер кеңесінің кезекті ІХ конференциясына делегаттар сайлау мәселесі қаралды.
Дауыс беру нәтижесінде аудандық ардагерлер кеңесінің төрағалығына Асқар Мереков, орынбасарлығына Кенжебек Таңбаев сайланды.
Ардагерлер ұйымы Орталық Кеңесінің бекіткен кестесіне сәйкес, алдағы уақытта облыстық ардагерлер ұйымының кезекті ІХ есеп беру, сайлау конференциясы өтпек. Сол іс-шараға қатысуға 4 ардагерге – Асқар Мереков, Қаршыға Есдәулетов, Сабытбек Жолмаханов, Есет Назарқұловқа ұсыныс түсіп, олар толық қолдауға ие болды.
Конференцияда облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Әбішұлы сөз сөйлеп, қоғамдағы ардагерлердің, жалпы аға буын өкілдерінің орнына тоқталды.
Іс-шарада мемлекеттік қызмет саласының ардагері Оңалбай Бодыбаев, ішкі істер органдарының ардагері Сағындық Тойбазаров, білім саласының ардагері Керекжан Құлмырзаев аудан әкімінің алғыс хатымен марапатталса, мемлекеттік қызмет саласының ардагері Әбдірахман Құлдүйсенов «Қызылорда облысының Құрметті ардагері» төсбелгісіне ие болды. Бұдан бөлек, Ақтөбе ауылдық округі ардагерлер кеңесінің төрағасы Исабек Көміршиев облыстық ардагерлер кеңесінің Құрмет грамотасымен, Алдашбай ахун ауылдық округі ардагерлер кеңесінің төрағасы Қартабек Айтмаханов облыстық ардагерлер кеңесінің Алғыс хатымен мадақталды.
Сәрсенкүл АҚКІСІ
16 қаңтар 2026 ж. 43 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№4 (10472)

16 қаңтар 2026 ж.

№3 (10471)

13 қаңтар 2026 ж.

№2 (10470)

10 қаңтар 2026 ж.

Хабарландыру

ХАБАРЛАНДЫРУ!

ХАБАРЛАНДЫРУ!

18 қараша 2025 ж.
Шұғыл хабарландыру!

Шұғыл хабарландыру!

04 қараша 2025 ж.

Оқиғалар

Әженің ашуы
02 қаңтар 2025 ж. 2 247
Ақсұлу

Ақсұлу

29 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

ҚЫС КӨРІНІСІ
10 қаңтар 2026 ж. 124

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қаңтар 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1234
567891011
12131415161718
19202122232425
262728293031