» » ӨНЕРЛІ БАЛА – ӨРЕЛІ БАЛА

ӨНЕРЛІ БАЛА – ӨРЕЛІ БАЛА

Ғасырдан-ғасырға адамзатпен бірге жасасып келе жатқан шығармашылық дүниенің бірі – өнер. Ол қоғамның эстетикалық талғамын биіктетіп, тәрбиесі мен мәдениетін қалыптастыратын құндылық. Өнер түрлі салаға бөлінеді десек, ондағы аспаптар түрлі дыбыстар шығарып, рухани жан-дүниеміздің қылын шертеді. Әрбір аспап – өзінше бір әлем.
Солардың арасында баланың интеллектуалдық дамуына, логикалық ойлауы мен есте сақтау зейінін қалыптастыруға, сол және оң қолды біріктіре ойнау арқылы ми жұмысын күшейтіп, оқу дағдысы мен талдау қабілетін дамытуға септігін тигізетін фортепиано аспабының орны бір бөлек. Өткен сенбіде аудандық Т.Салқынбайұлы атындағы аудандық өнер мектебінде «Фортепиано – баланың жан-жақты дамуының көпірі» тақырыбында ұжым ұстаздары мен өнер мектебінде білім алып жүрген оқушылардың ата-аналарының қатысуымен лекция-концерт өтті. Оны фортепиано сыныбының мұғалімі, көптеген халықаралық, республикалық, облыстық өнер байқауларының жеңімпаз, жүлдегері, өзі де бүгінде шәкірт тәрбиелеуде жетістіктерге жеткен Азат Ысқақ жүргізді.
Басқосуды өнер мектебінің директоры Дәулет Байғараев ашып, өнер ошағының өткен тарихымен таныстырып, оған басшылық жасаған, саналы өмірлерін аудан мәдениетінің өркендеуіне арнаған ардагерұстаздардың еңбегіне тоқталды. Сонымен қоса өнер ұжымының қол жеткен табыстары мен алға қойған мақсатын айта келе, бұл ісшараның ата-ана мен мектеп ұжымы арасында әсерлі диалог болатынына сенім білдірді.
Лекция-концертте слайд арқылы «Баланы фортепианоға берудің артықшылығы», «Эмоциялық мәдениет және тәрбие», «Ұсақ моторика және координация», «Оқушының музыкалық дарынын ашу», «Шығармашылық және сахна мәдениеті» және «Музыкамен байланысты қысқа теориялық блок» тақырыптарында жан-жақты түсіндірмелер жүргізілді. Осы бағытта өнер ордасының фортепиано сыныбы бойынша сабақ беретін ұстаздар тартымды хабарламалар жасап, ата-аналармен диалог құрды. Атап айтқанда, Нағашыбек Бижанов, Қаршыға Науанова, Иннэса Пак, Ақтоты Жорғабаевалар бала ойөрісін дамытудағы бірнеше жолды: зияткерлік дамуға әсері, эмоциялық және психологиялық пайдасы, тұлғалық қалыптасуындағы жауапкершілік пен тәртіп, эстетикалық тәрбие, қоғамдық және коммуникативтік дағдылар жайында кеңінен сөз қозғап, аспаптың күрделілігі, басқа аспаптар бес жыл оқытылып үйретілетін болса, фортепиано аспабын меңгеруге жеті жыл уақыт кететінін тілге тиек етті.
Жиында жас пианистердің орындауында концерт тамашаланды. Жұлдыз Амангелдиева Е.Брусиловскийдің «Колхоздағы той», Айзере Қаршыға А.Сағатовтың «Көзімнің қарасы», әпкелі-інілі Айару, Айсұлтан Сәрсеновтер С.Джоплиннің «Артист эстрады», Кәусар Аралбаева Д.Штейбельттің «Сонатина», Арзу Зиядинова Д.Скарлаттидің «Ария» шығармаларын орындап, қатысушылардың қошеметіне ие болды.
Ата-аналар атынан сөз сөйлеген Сәрсенкүл Райымбаева өнер жолында ауданымызда абыройлы еңбек етіп, жасөспірімдер мен балаларды вокалға, хорға, аспаптарға баулып жүрген бірегей ұжымға алғысын білдірсе, өнер мектебі директорының орынбасары, республикаға белгілі ақын, сазгер, ұлағатты ұстаз Жарқынбек Тұрымбетов ата-аналар мен балалардың өнеріне ризашылығын білдіріп, іс-шараны қорытындылады.
Әр нәрсенің өзегі болады. Біз де, ата-аналар лекция-концерттен түйгеніміз – фортепиано аспабын таңдау, тек баланың музыкалық қабілетін ғана емес, оның ақыл-ойын, тәртібін, шығармашылығын, мәдениетін қалыптастыратын мектеп екені.
Сәрсенкүл АҚКІСІ
24 желтоқсан 2025 ж. 40 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№98 (10466)

23 желтоқсан 2025 ж.

№97 (10465)

20 желтоқсан 2025 ж.

№96 (10464)

16 желтоқсан 2025 ж.

Хабарландыру

ХАБАРЛАНДЫРУ!

ХАБАРЛАНДЫРУ!

18 қараша 2025 ж.
Шұғыл хабарландыру!

Шұғыл хабарландыру!

04 қараша 2025 ж.

Оқиғалар

Әженің ашуы
02 қаңтар 2025 ж. 2 128
Ақсұлу

Ақсұлу

29 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңарған Жосалы
02 қыркүйек 2025 ж. 779

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
293031