ҰШҚЫР ОЙ, ӨТКІР СӨЗ ТОҒЫСТЫ
Ғарыш пен тарих тоғысқан қасиетті Байқоңыр қаласында дәстүрлі түрде ұйымдастырылып келе жатқан «Ұшқыр ойлар» республикалық ақындар айтысы өтті. Ұлттық руханиятты ұлықтауды мақсат еткен сөз сайысы биыл Байқоңыр қаласының 70 жылдық мерейтойы аясында өткізіліп, айтыс сүйер қауым үшін мәдени оқиғаға айналды.
2003 жылдан бері тұрақты түрде ұйымдастырылып келе жатқан бұл өнер бәйгесі қазақтың суырыпсалма поэзиясын насихаттап, жас ақындарды қанаттандыруда, ұлттық құндылықтарды дәріптеуде айрықша рөл атқарып келеді. Биылғы айтыс та мазмұны мен деңгейі жағынан ерекшеленіп, көрерменге рухани серпіліс сыйлады. Айтыстың ашылу салтанатында облыс әкімінің орынбасары, Қазақстан Республикасы Президентінің «Байқоңыр» кешеніндегі арнаулы өкілі Қайрат Нұртай құттықтау сөз сөйлеп, сөз сайысының ел руханияты үшін маңыздылығына тоқталды. Сонымен қатар ұлттық өнерді дамытуға сүбелі үлес қосып жүрген бірқатар өнер жанашыры мен айтыскер ақындарға алғыс хаттар табысталды. Дәстүрлі өнер додасына Шымкент қаласы, Батыс Қазақстан, Жамбыл, Түркістан, Ақтөбе облыстары мен Қызылорда өңірінен келген барлығы 10 ақын қатысып, суырыпсалма өнердің үздік үлгілерін көрсетті. Ақындар ел мен жер, тарих пен тағдыр, тәуелсіздік пен бірлік тақырыптарын арқау етіп, өткір ой, ұтқыр сөз арқылы өзара бақ сынасты. Айтыстың бас жүлдесін белгілі айтыскер, Сыр елінің сөз шебері Мұхтар Ниязов жеңіп алды. І орынға Батыс Қазақстан облысының ақыны Жансая Мусина лайық деп танылды. Ал ІІ орын Жамбыл облысынан келген Алтынкүл Қасымбековаға бұйырды. ІІІ орынды Арал ауданының тумасы Бексұлтан Орынбасаров пен Түркістан облысының ақыны Тұрар Тілеулиев иеленді. Жоғары деңгейде өнер көрсеткен Шымкент қаласынан Нұрлан Есенқұлов, Жамбыл облысынан Нұрлыбек Құрманов, Ақтөбе облысынан Нұрбол Жауынбаев, сондай-ақ Сыр елінің ақындары Мөлдір Айтбай мен Бекзат Серіковке арнайы алғыс хаттар табысталып, барша қатысушыға сыйақы берілді. Ғарыш айлағы орналасқан, тарихы терең Байқоңыр төрінде өткен бұл айтыс ұлттық сөз өнерінің өміршеңдігін тағы бір дәлелдеді. Елдік сана мен рухани жаңғыруды ұштастырған сөз додасы алдағы уақытта да дәстүрлі түрде жалғасын тауып, қазақ айтысының мерейін асқақтата бермек.
Ақнұр ЕРДҮЙСЕНҚЫЗЫ

















