ШЕБЕР ҚОЛ – СӘН ӘЛЕМІНЕ ЖОЛ
Жақында Байқоңыр қаласында академик С.Жиенқұлов атындағы Байқоңыр жоғары колледжінде «Шебер қол – сән әлеміне жол» тақырыбында тігінші мамандығының апталығы өтті. Студенттердің шығармашылық қабілетін дамытып, сән өнерінің қыр-сырын меңгеруге бағытталған апталық барысында оқушылар сән үлгілеу, бұйым дайындау, тігін технологияларын меңгеру, ұлттық нақыштағы қолөнер бұйымдарын жасау сияқты түрлі іс-шараларға қатысып, шеберліктерін ортаға салады.
Оның мақсаты – тігін өндірісі мамандығының беделін арттыру, болашақ мамандардың кәсіби дағдысын нығайту, өнерге деген қызығушылығын ояту.
Апталық аясында ұйымдастырылған көрме, сән көрсетілімдері, шеберлік сағаты мен байқаулар студенттердің өз қолымен жасаған дүниесін көпшілікке танытуға үлкен мүмкіндік берді. Апталық аясында «Шебердің қолы алтын» тақырыбында арнайы пән оқытушысы Шәрікүл Ералиева ІІ курстар арасында шеберлік сағатын көрсетсе, арнайы пән оқытушысы Гүлсім Шүкіралиева І-ІІ курс студенттерінің қатысуымен «Қолөнерден сыр ұққан шебер қыздар» атты сайыс сабақ өткізді. Ал «Түс және оның қасиеттері» атты ашық сабақты арнайы пән оқытушысы Жанат Жанұзақова АТ-124 оқу тобымен өткізіп, ерекше әсер қалдырды.
Сонымен қатар «Шебер қол – сән әлеміне жол» атты апталық қорытындысында мектеп оқушылары мен жетекшілерінің қатысуымен қолөнер жұмыстарын жасау бойынша байқау ұйымдастырылды. Байқауға өңірдегі 8 мектептен қатысушылар келіп, бақтарын сынады. Қазылар алқасында «World Beauty Kazakhstan» және Fashion house International өңірлік өкілі, «DARALACE» сән үйінің директоры Светлана Цой, І санатты жалпы пән оқытушысы Зауре Калышова, арнайы пәндер бірлестігінің жетекшісі Баян Қожанова болды.
Оған №272 мектептен 7-сынып оқушысы Нұрислам Серіков пен жетекшісі Айгерім Бисембаева, №273 мектептен 9-сынып оқушысы Гаухар Сүлейменова мен жетекшісі Ақерке Есбаева, №274 мектептің 9-сынып оқушысы Серік Қожахат пен жетекшісі Әбдіжәлел Сәтов, Е.Көшербаев атындағы №279 мектеп-лицейдің 9-сынып оқушысы Арайлым Асылбекқызы мен жетекшісі Шаттық Кеулімжаева, Т.Жүргенов атындағы №80 мектеп-гимназиясының 9-сынып оқушысы Айша Бақытбаева мен жетекшісі Оксана Лекерова, №85 мектептің 9-сынып оқушысы Айжан Сарсенбаева мен жетекшісі Жаңагүл Төлегенова, №99 мектептің оқушысы Алуа Абнабиқызы мен жетекшісі Ләззат Пұшпақбаева, №269 мектептің 9-сынып оқушысы Асылзат Қарасай мен жетекшісі Гүлмира Арықова қатысты.
Байқау шарты бойынша әр оқушы жетекшісімен жұптасып еркін тақырыпта бір қолөнер жұмысын бір сағатта жасап көрсету керек болды. Әр жұмысты орындау техникасы (орындаудағы күрделілік), сапа және эстетикалық көрініс, креативті көркемділігі, жұмыстың тақырыбына сәйкестігі, ұсыну мәдениеті секілді критерийлері ұштасқан қолөнершілердің жұмыстары алдыңғы шептен көріне білді. Байқау нәтижесінде жүлделі І орынмен №85 мектептің 9-сынып оқушысы Айжан Сарсенбаева мен жетекшісі Жаңагүл Төлегенова, II орынмен №273 мектептің 9-сынып оқушысы Гаухар Сүлейменова мен жетекшісі Ақерке Есбаева, III орынмен Т.Жүргенов атындағы №80 мектепгимназиясының 9-сынып оқушысы Айша Бақытбаева мен жетекшісі Оксана Лекерова марапатталып, арнайы диплом мен бағалы сыйлықтарға ие болды. Барлық қатысушы алғыс хаттармен марапатталды.
Бұл байқау оқушылар үшін тәжірибе алаңы ғана емес, қолөнерге деген сүйіспеншілікті арттыратын рухани байқау болды. Бұл апталық әр қатысушы үшін талғам мен талпыныстың, еңбексүйгіштік пен өнерге деген сүйіспеншіліктің көрінісі болып табылды. Шебер қолдар ұсынған әр бұйым – олардың ізденісі мен кәсіби өсу жолының айғағы.
Қымбат БЕРДЕШ,
Байқоңыр қаласы















