ТӘУЕЛСІЗДІКПЕН БІРГЕ ТҮЛЕГЕН ҰРПАҚ
1991 жыл – қазақ халқы үшін тағдырлы, тарихи жыл. Бұл жыл еліміздің ғасырлар бойғы арман-аңсары орындалып, Қазақстан өз тәуелсіздігін жариялаған қасиетті кезең ретінде ел жадында мәңгі сақталды. Тәуелсіздік құрдастары бүгінгі Қазақстанның жаңа бейнесін қалыптастырып келе жатқан жас буын. Олар – егемен елмен бірге өсіп, еркіндік рухын бойына сіңірген ұрпақ. Бұл буын үшін тәуелсіздік – тек тарихи ұғым емес, өмір салты, болашаққа деген сенім.
Бүгінде тәуелсіздік құрдастары еліміздің әр саласында еңбек етіп, мемлекет дамуына өз үлестерін қосуда. Ғылымда, білімде, спортта, мәдениет пен өнерде жетістікке жетіп жүрген жастар – тәуелсіз елдің айқын дәлелі. Олар әлемдік деңгейде Қазақстанның атын танытып, көк байрағымызды биікке көтеріп жүр.
Тәуелсіздік құрдасы болу – үлкен жауапкершілік. Себебі елдің ертеңі, мемлекеттің болашағы осы ұрпақтың қолында. Тарихтан тағылым алып, ата-баба аманатына адал болып, ел бірлігі мен татулығын сақтау – олардың басты міндеті.
Ғарышкерлер қаласындағы академик С.Жиенқұлов атындағы Байқоңыр жоғары колледжі директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Сырғаш Қуатқызы – тәуелсіздікпен тағдырлас, егемен елдің құрдасы. Ол тәуелсіз Қазақстанмен бірге өсіп, қалыптасқан, азат ойлы, жаңашыл көзқарасты маман. Оның кәсіби жолы ел тәуелсіздігімен қатар өріліп, бүгінгі таңда білім мен тәрбие саласында жемісті еңбегімен көрініп келеді. Сондай-ақ жастарға патриоттық тәрбие беруді, ұлттық құндылықтарды бойына сіңіруді басты міндет деп санайды.
Адам өміріндегі ең қастерлі ұғымның бірі – тәрбие десек, осы жолда аянбай тер төгіп, колледждегі тәрбие жұмысының жүйелі жүргізілуіне сүбелі үлес қосып келе жатқан ол 2008-2012 жылдары Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінен география мамандығын алып шықты.
Мұғалімнің жетістігі оның жұмысының нәтижесі десек, Сырғаш Қуатқызы өткен жылы Байқоңыр қаласының жастарын әлеуметтендіруге зор үлес қосқаны үшін басқарма басшысының Алғыс хатымен, еліміздің жас жеткіншектерін оқытып тәрбиелеу жолында үлес қосқаны үшін Қызылорда облысының Орталық директорының Құрмет грамотасымен, колледждің 20 жылдығына орай облыстық білім басқармасының Алғыс хатымен, тәуелсіз еліміздің өркендеуіне үлес қосқаны үшін «Қоғамдық келісім» КММ директорының Алғыс хатымен марапатталды.
Ал биыл облыстық және Ресей Федерациясының Байқоңыр қалалық білім басқармасы басшысының Алғыс хатына ие болды.
– Тәуелсіздік мен үшін – бұл ең алдымен еркіндік пен жауапкершілік ұғымы. Еркін ойлау, өз тілімде сөйлеу, ұлттық құндылықтарды қастерлеу және болашаққа сеніммен қарау мүмкіндігі. Тәуелсіз елде өмір сүру – өз тағдырыңды өзің шешу, білім алып, еңбек етіп, ел дамуына үлес қосу деген сөз. Бұл көк байрағымыздың желбіреуі, әнұранымыздың асқақтауы, халқымыздың бірлігі мен тұтастығы. Ал Тәуелсіздіктің құрдасы болу – еркін елдің жаңа ұрпағының өкілі болу, бейбіт аспан астында білім алып, арман құру, өз мүмкіндігімді туған елімде жүзеге асыру деген сөз. Мен үшін тәуелсіздік құрдасы болу – мақтаныш қана емес, ел сенімін ақтау, ұлттық құндылықтарды сақтау, Қазақстанның жарқын болашағы үшін еңбек ету, – дейді Сырғаш Қуатқызы.
Иә, тәуелсіздік құрдастары – азат елдің айнасы, жарқын болашақтың кепілі. Олар тәуелсіздіктің қадірін терең түсініп, Қазақстанды мәңгілік ел ету жолында аянбай еңбек ете бермек.
Қымбат БЕРДЕШ
















