МЕНІҢ ОТАНЫМ – ҚАЗАҚСТАН
16 желтоқсан – қазақ халқының сан ғасырлық арманы орындалып, азат ел атанған тарихи күн. Бұл – ел жадында мәңгі сақталатын, еркіндік пен елдіктің, бірлік пен батылдықтың символына айналған мереке. Осы атаулы күнге орай аудандық балалар кітапханасында «Менің Отаным – Қазақстан» атты интеллектуалды ойын өткізілді.
Тәуелсіздік рухын дәріптеуге, жас ұрпақтың тарихи санасын қалыптастыруға бағытталған тағылымды шараға А.Жанпейісов атындағы №105 мектеплицейінің 6 «ә» сынып оқушылары мен сынып жетекшісі Нұргүл Құттыбаева қатысып, белсенділік танытты.
Іс-шараның басты мақсаты – 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасы кезінде орталықтың әміршіл-әкімшіл солақай саясатына қарсы алғаш рет бас көтеріп, демократия жолында құрбан болған қазақ жастарының ерлігін жасөспірімдерге кеңінен түсіндіру, олардың алаңға не себепті шыққанын, қандай мақсат көздегенін тарихи тұрғыда зерделеу, сондай-ақ оқушылардың отансүйгіштік сезімін арттыру. Тәуелсіздік – бір күнде келген олжа емес, ол – талай боздақтың көз жасы мен қанының, қайсар рухы мен қайтпас жігерінің нәтижесі екені шара барысында кеңінен айтылды.
Жүргізуші Қазақстан халқы үшін 16 желтоқсанның маңызына тоқталды. 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасының қалай басталғанына тоқтала келе, сол кезеңде Қазақстанның Кеңес Одағы құрамында болғанын, республика басшылығына жергілікті халықтың пікірін ескермей, сырттан келген Геннадий Колбиннің тағайындалуы қазақ жастарының наразылығын тудырғанын атап өтті. Әділетсіз шешімге қарсы шыққан жастардың «Әр халыққа – өз басшысы» деген ұранмен Алматы алаңына жиналып, бейбіт түрде өз ойларын білдіргені, алайда бұл талаптардың күшпен басыпжаншылғаны, студенттердің қудалауға ұшырап, қамалғаны, оқудан шығарылғаны оқушыларға әсерлі жеткізілді.
Сондай-ақ оқушыларға «Желтоқсан желі» атты бейнеролик көрсетіліп, қатысушылар сол бір зұлмат күндердің ауыр атмосферасын терең сезінді. Интеллектуалды ойын аясында кітапхана қызметкерлері ұйымдастырған «Азат елдің ақ таңы» атты кітап көрмесі де оқушылар назарына ұсынылды. Көрмеге Қазақстан тарихы, тәуелсіздік жылнамасы, Желтоқсан оқиғасына арналған көркем және деректі әдебиеттер қойылып, оқырмандарға таныстырылды. Бұл көрме жасөспірімдердің кітапқа деген қызығушылығын арттырып, тарихи деректермен тереңірек танысуына мүмкіндік берді.
Ойын барысында қатысушылар екі топқа бөлініп, бірнеше кезең бойынша өзара сайысқа түсті. Негізгі тарихи сұрақтар кезеңінде оқушылар Қазақстанның тәуелсіздік алған жылы мен күні, мемлекеттік рәміздер, Конституция, Желтоқсан оқиғасына қатысты мәліметтер бойынша білімдерін ортаға салды. «Ойлан, тап» кезеңінде тәуелсіздіктің әр халық үшін маңызы, ана тілін білудің қажеттілігі, Отанды сүю ұғымы, бірлік пен татулықтың мәні жайлы ой қозғап, өз пікірлерін еркін жеткізді. «Жұмбақ бейне» кезеңі ерекше де қызықты өтті. Мемлекеттік Ту, Әнұран, Елтаңба, Отан, Тәуелсіздік, Президент, Астана, Домбыра, Қыран секілді ұлттық құндылықтарға қатысты жұмбақтар оқушылардың қызығушылығын арттырып, ұлттық символдардың маңызын тағы бір мәрте ұғындырды.
Іс-шара барысында ұлттық өнер де назардан тыс қалмады. 7-сынып оқушысы Мұхтар Бексұлтанның орындауындағы «Желдірме» күйі мен Сәлімхан Санжардың «Ертұран» күйі көрермендерге ерекше әсер сыйлады. «Кім жылдам?» кезеңінде оқушылар жылдам ойлап, нақты жауап беруге тырысты. Шығармашылық кезеңде оқушылар «Менің Отаным – Қазақстан» тақырыбында шағын өлеңдер құрастырып, туған елге деген сүйіспеншіліктерін жыр жолдарымен жеткізді. Ал «Жаңарған Қазақстан» атты топтық сурет салу жұмысында Бәйтерек, кең-байтақ дала, көк Ту, Елтаңба, қыран құс бейнелері арқылы балалар болашаққа деген сенім мен жарқын ел бейнесін көрсете білді.
Жиын соңында жүргізуші бүгінгі интеллектуалды ойынның басты мақсаты – жеңіс пен жеңіліс емес, Отан тарихын білу, тәуелсіздіктің қадірін түсіну екенін атап өтті. Тәуелсіздік – бейбіт өмірдің, дамудың, еркін ойдың негізі екені, ал ел болашағы – білімді, саналы, отансүйгіш ұрпақтың қолында екені ерекше айтылды. Сөз кезегі сынып жетекшісі Нұргүл Құттыбаеваға беріліп, оқушылардың тәртібі мен білімге деген қызығушылығы ұстаз еңбегінің жемісі екенін тілге тиек етті.
Бұл интеллектуалды ойын жас ұрпақтың бойына патриоттық рух дарытып, тарихи санасын қалыптастыруға бағытталған мазмұнды да тағылымды шара ретінде есте қалды. Тәуелсіз елдің ұрпағы үшін мұндай рухани кездесулердің маңызы зор.
Жаңагүл ҰЗАҚБАЕВА,
аудандық балалар кітапханасының қызметкері
















