АДАЛДЫҚ ПЕН МЕЙІРІМНІҢ ӨЛШЕМІ
Ел ішінде еңбек адамын ұлықтау – ұрпаққа үлгі, қоғамға құрмет. Биылғы «Жұмысшы мамандықтар жылы» осындай қарапайым да қадірлі қызмет иелерінің еңбегін бағалауға мүмкіндік беріп отыр. Солардың бірі – аудандық аурухананың перзентхана бөлімінің кіші аяжаны, өз ісіне берілген жан Алтынкүл Жақыпова.
Перзентхана – өмірдің бастау алатын мекені. Мұнда әр сәт, әр қадам – жаңа өмірдің есік қаққанының белгісі. Сол үлкен жауапкершіліктің ортасында көзге көп көрінбейтін, бірақ бөлімнің тыныс-тіршілігіне, тазалығына жауапты адамдар бар. Соның бірі – кіші аяжан.
Алтынкүл Михайлқызы 1970 жылдың 1 қаңтарында дүниеге келген. 1977-1987 жылдары Шоқан Уәлиханов атындағы №26 орта мектепте білім алады. Ол адам жанын емдеу, күтім жасау, көмек көрсету – өзіне берілген табиғи міндет екенін терең сезінді. Сөйтіп, көп ойланбай, медицина саласына бет бұрды. Осылайша 1987 жылы аудандық аурухананың балалар бөліміне жұмысқа орналасып, алғашқы күннен бастап жауапкершілігімен, қамқорлығымен ұжым сеніміне ие болады. Уақыт өте келе тәжірибесін шыңдап, кейін гинекология бөлімінде еңбек етеді. Одан соң перзентхана бөліміне ауысады. Бұл салада жұмыс істеу – үлкен төзімділік пен ұқыптылықты талап ететін жауапты міндет. Алтынкүл апайымыз осы талаптардың барлығына лайықты маман екенін дәлелдеп келеді. Жылы жүзі мен жұмсақ сөзін босануға келген әрбір келіншек жүрегіне тіреу, жан дүниесіне демеу етеді. Иә, әрбір әйелдің жағдайына түсіністікпен қарап, қажет сәтте жылы сөзбен демеу беру – оның күнделікті дағдысы. Медицина қызметкерлерінің арасында ерекше сыйлы болуы да осы қасиеттерінен.
Қазіргі таңда ол перзентхана бөлімінде адал қызмет етіп, жаңа өмірдің жарыққа келуіне жағдай жасайтын тағдырлы ортада еңбек етуде. Оның әрбір күні – мейірімге толы іс пен жауапкершілікке негізделеді. Ұжымдағы сыйластығы, еңбекке деген ыждағаттылығы, адамдармен тіл табысуы – оның кәсібіне деген шынайы сүйіспеншілігін көрсетеді.
Бір қарасаңыз, оның жұмысы жай ғана тазалау секілді көрінуі мүмкін. Бірақ перзентханадағы әр бұрыштың таза болуы – инфекцияның алдын алу деген сөз. Ол ешкім байқамайтын, бірақ бәріне қажет жұмысты атқарады.
Жылдар бойы жинаған тәжірибесі, өз ісіне деген шынайы сүйіспеншілігі оның кәсіби келбетін айқындайтын басты қасиеттер. Кейіпкеріміз үшін еңбек – абырой, ал адалдық – өмірлік қағида. Ол әр күнін мейіріммен өріп, әр жұмысын жауапкершілікпен атқара білетін жан. Перзентханадағы әрбір сәбидің алғашқы тынысы, әрбір ананың қауіпсіздігі – оның үнсіз атқарған еңбегінің жемісі.
Алтынкүл Жақыпова сынды мамандар – қоғамның көрінбейтін, бірақ ең мықты тіректері. Олардың адалдығы мен жанашырлығы барда тыныштық пен сенім, жаңа өмірге ашқан игілік ешқашан үзілмек емес.
Ақнұр ЕРДҮЙСЕНҚЫЗЫ

















