КӨЗІЛДІРІКСІЗ ГАЗЕТ ОҚИТЫН АТА
Аудандағы руханияттың қарашаңырағы, қазақ журналистикасының дамуына үлесін қосып келе жатқан мерзімді басылым – «Қармақшы таңы» газеті. Қасиетті мекеннің тарихы, шежіресі мен туған топырақтың ғасырға жуық үнжариясы болған ақпарат құралы бірнеше буын өкіліне қызмет етті.
Ұлт көсемі Ахмет Байтұрсынов «Әуелі – газет халықтың көзі, құлағы һәм тілі.
Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек. Газеті жоқ жұрт, құлағы жоқ керең, тілі жоқ мылқау, көзі жоқ соқыр сықылды» деп осыдан көш ілгері уақыт бұрын айтқан сөзі бүгінгі күнге дейін құнын жойған жоқ. Газет ағартушылық, тәрбиелік, тарихи миссиясын абыроймен алып келеді. Оның өміршең де бағалы етіп келе жатқан көзі қарақты, кеудесі зерделі де зейінді оқырмандары. Олардың қатарынан Дүр Оңғар ауылының тұрғыны, ауыл ақсақалы Бегалы Пірдашевті атай аламыз.
Атамыз қазір сексеннің алтауына келген. Өзін сергек сезінеді. Елге қадірлі жан. Бір айтары, қарт оқырманымыз газетті көзілдіріксіз оқиды.
– Бала кезден еңбектің не екенін біліп өскен ұрпақтың өкілімін. Қозғалудан, жұмыс істеуден жалықпадық. Одан жаман да болмадық. Ұзақ жыл елді мекеннің өсіп-өркендеуіне, әлеуметтік-экономикалық дамуына үлесімізді қостық деп айта аламыз. Механизатор, механик болып істедім. Өмірім ауылымның тіршілігімен байланыста. Еңбек – адамның абыройын өсірсе, рухани байлық жан дүниені кемелдендіреді. Материалдық байлық көнереді, тозады, ал рухани байлық ешқашан құнын жоймайды, уақыт өткен сайын бағалы бола түседі. Рухани байлықты сенен ешкім тартып ала алмайды. Оның құндылығы да осында.
Мен ауданның газетін «Коммунизм шамшырағы» кезінен бастап үзбей оқимын. Басылымға жазылып келе жатқанымызға елу жылдан асты десем, өтірік емес. Газет оқуға қалыптасқан отбасымыз. Бұл дағды балаларымызға да дарыған. Үйде үлкендер газет, кітап оқыса, бала да соған бейімделеді. Әрбір азамат қоғамда не өзгерістер болып жатыр, салада қандай жаңалықтар орын алуда, тағы басқа да көптеген ақпаратты біліп отыруға тиіс деген ойдамын. Қазір ақпарат көзінің ашылып кеткен кезі. Әлеуметтік желі деген де бар. Бірақ шынайы, сүзгіден өткен, сұрыпталған ақпарат іздесеңіз – ол мерзімді басылым.
Бірер аптада есігімізден сығалап 2026 жыл да кіреді. Қазір басылымдарға жазылу жүріп жатқанын білеміз. Ауданның айнасы, жаңалықтың жаршысы болған отбасымыздың рухани серігі – «Қармақшы таңы» газетіне жазылып қойдық, – дейді қарт оқырман.
Атамыз Құдай қосқан қосағы Нағима апамен 8 баланы тәрбиелеп өсіріп, олардан тараған немере, шөберенің таудай қуанышына бөленіп отырған ата мен әже.
Сәрсенкүл ЖАУДАТБЕК
















