ЖАСТАР – ҚОҒАМ ДАМУЫНЫҢ ҚОЗҒАУШЫ КҮШІ
Әрбір елдің болашағы жастармен сабақтас екені талассыз ақиқат. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев соңғы жылдары жастар мәселесіне айрықша мән беріп, олардың қоғамдағы орнын нығайтуға, білімін көтеруге, әлеуметтік жағдайын жақсартуға бағытталған бірқатар ауқымды реформалар қабылдады. Президенттің «Қазақстанның жастары – жасампаз. Тың идеялар, игі бастамалар бар. Еліміздің келешегі ойы ұшқыр, заманауи көзқарастағы жастардың қолында» деген сөзі жас буынның әлеуетіне ерекше серпін бергендей.
Қармақшы – жастар саны жағынан аймақтағы алдыңғы қатарлы аудандардың бірі. Бүгінде аудан халқының 29,3 пайызын 14-35 жас аралығындағы 15558 жас құрайды. Бұл – әлеуметтік, мәдени, экономикалық дамудың негізгі қозғаушы күші. Сондықтан аудан әкімдігі мен Жастар ресурстық орталығының жастарға бағытталған саясатты күшейтуі – уақыт талабы, қоғам қажеттілігі.
Аудан жастарының дамуына бөлінген қаржы көлемі жыл сайын артып келеді. 2025 жылы жастар саясатын іске асыруға 38,4 млн теңге бөлінді. Бұл – өңірде жастардың әлеуметтік инфрақұрылымын дамытуға, жобалар мен бағдарламаларды іске асыруға нақты қаржылай негіз жасайды. Жастар ресурстық орталығының құрылымында жеті маман қызмет етсе, әр ауылдық округте жастармен жұмыс істейтін жеке мамандар бар. Жастармен жұмыс бір орталықта ғана емес, бүкіл аудан аумағында бірдей деңгейде жүргізілуде.
Соңғы жылдары ел көлемінде өзекті мәселеге айналған NEET санатындағы жастармен жұмыс біздің ауданда да кешенді түрде іске асуда. «Отбасының цифрлық картасы» арқылы анықталған 441 жастың әлеуметтік жағдайы қайта зерделеніп, нақты 372 жас бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр. Бірқатары өзге өңірлерге қоныс аударған, кейбірі жалдамалы жұмысшылар, ал бір бөлігі мүлде тіркелген мекенжайында тұрмайтын болып шыққан. Жастардың ең әлсіз топтарын қамту үшін әрқайсысымен жеке байланыс орнатылып, үй аралау жұмыстары жүргізілді. Олардың ішінде студенттер де, жұмыссыздар да, бала күтіміндегі аналар да бар. Тіпті Түркияға көшіп кеткен жастардың да құжаттық мәртебесі анықталып, тиісті органдармен бірлескен жұмыс жолға қойылған. NEET және маргинал жастар мәселесіне салғырт қарамай, аудан әкімдігінің жанынан арнайы жұмыс тобы құрылып, бұл топқа құқық қорғау органдарының өкілдері, бөлім басшылары, ауыл әкімдері және жастар орталығының мамандары енген. Нәтижесінде маргинал топқа жатқызылған 1192 жастың 1088-інің нақты статусы анықталып, олардың әрқайсысына бағытталған жұмыс басталды. Мұның өзі аудандағы жастар саясатының формальды емес, нақты әрекеттерге сүйенетінін көрсетеді. Жастарды жұмыспен қамту – ауданның басты басымдығының бірі. Жыл басынан бері 342 жас тұрақты жұмыспен қамтылған. Жұмысқа орналасқан жастардың басым бөлігі әлеуметтік жұмыс орындары, жастар практикасы, қоғамдық жұмыс және тұрақты қызметке жолданғандар. Мұнымен қатар «Жасыл ел» жобасы бойынша жұмыстар толығымен жүзеге асырылып, мамыр-тамыз айлары аралығында 110 жас маусымдық жұмыспен қамтылған. Олардың жалақысы 100 мың теңгеге дейін көтерілді. Бұл бастама жастардың еңбек мәдениетін қалыптастырып қана қоймай, жаз айларын тиімді өткізуге мүмкіндік береді.
Жастар кәсіпкерлігін қолдау мақсатында берілетін мемлекеттік гранттар да аудан жастары арасында үлкен қызығушылық тудырып отыр. Биыл жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға 37 грант беріліп, оның 16-сы жас кәсіпкерлерге бұйырды. Ауданда бүгінде 1394 жас кәсіпкердің тіркелуі аудан жастарының бизнеске деген ынтасының жоғары екенін және мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдаудың нәтижелі екенін көрсетеді.
Орталықта жастардың бос уақытын тиімді өткізу, олардың тәні мен жанын тәрбиелейтін әлеуметтік-мәдени ісшаралар да кеңінен қолға алынған. Жыл басынан бері 80-нен аса түрлі бағыттағы іс-шаралар өткізіп, оған 5000-нан астам жас қатысты. Жастар ресурстық орталығы психолог, заңгер, еңбек мамандары, медицина қызметкерлерімен бірлесе отырып 126 ақпараттық-кездесу ұйымдастырды. Бұл кездесулер жастарды мазалайтын мәселелерді шешуде үлкен рөл атқаруда.
Сонымен қатар орталық тың бастамалармен де жүйелі жұмыс жүргізіп келеді. Мәселен, жастарды рухани-мәдени тұрғыдан дамытуға бағытталған «Qadam kenes», «Qadam mura», «Қармақшылық» жобалары аудан үшін жаңа тың серпін болды. Белгілі азаматтармен өткен 21 кездесуге 1200-ден астам жас қатысып, өз саласының майталмандарының өмірлік тәжірибесін тыңдады. Ал «1.2.3 Start» кәсіби бағдар беру жобасы биыл ерекше белсенді өтті. Еліміздің жетекші бес жоғары оқу орнымен ұйымдастырылған тікелей эфирлер 10 мыңнан астам қаралым жинап, жасөспірімдер үшін маңызды кеңес алаңына айналды.
Тазалық тақырыбы да жастардан тыс емес. Олар әрбір сенбілікке белсене қатысады. Онымен қоса «Таза Қазақстан – 2025» акциясы аясында ұйымдастырылған «Таза ауыл – таза болашақ» челленджіне 1500 жас қатысып, ауылдардың тазалығын арттыруға үлес қосты. Орталық бастамасымен өткен «Тазалық сақшысы» бейнеролик байқауы да аудан жастарының табиғатқа деген жауапкершілігін арттырып отыр.
Құқықбұзушылықтың алдын алу жұмыстары да жыл сайын күшейтіліп келеді. Полиция бөлімімен бірлесе отырып 78 кездесу өткізіліп, түнгі рейдтер жүйелі жүргізілуде. Лудомания, топтық төбелес, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бойынша әлеуметтік желілерде 395- тен астам ақпарат жариялануы – жастармен жұмыстың жаңа форматта жүргізіліп жатқанының дәлелі.
Аудандағы жаңа бастамалардың бірі – 2023 жылдан бастап NEET, жұмыссыз, маргинал жастарды қоғамға қайта бейімдеу мақсатында аудан әкімінің қолдауымен шағын гранттар берілуі. Бұл игілікті істің нәтижесінде үстел теннисі, домбыра үйірмелері, жылжымалы кинотеатрлар және спорт үйірмелері ашылып, жастардың белсенділігін арттыруға оң әсерін тигізді. Сондай-ақ жас мамандарды ынталандыру мақсатында әкім сыйлықтары тағайындалып, талантты жастардың жұмысына серпін берілуде.
Тағы бір айта кетерлігі, Жастар ресурстық орталығы тек іс-шара өткізіп қоймайды. Олар орталыққа келген әрбір жасқа көмектесуге асығады. Тіпті компьютермен кез келген қажетіңізді жазып, оны шығарып немесе ксерокөшірме жасап алуға болады. Ол үшін жастар қауымы ақы төлемейді. Сондай-ақ оқимын деген жанға кітап бұрышы, ойымды сергітемін деген жандарға арналған үстел ойындарын да орталықтан табуға болады. Жалпы Жастар ресурстық орталығы олар үшін жайлы мекен. Орталық басшысы да жастар үшін қолға алынып жатқан бастамалардың көп екенін алға тартады.
– Жастар – ауданның ең қуатты ресурсы. Біз оларды тек қолдап қана қоймай, қоғамның белсенді мүшесіне айналдыруды басты мақсат санаймыз. Соңғы екі жылда NEET және маргинал жастармен жүргізілген адрестік жұмыстардың нәтижесі айқын көрініп отыр. Әр жас – бір тағдыр. Біз ол тағдырдың тамаша болуын қалаймыз. Аудан жастары кәсіпкерлікте, мәдениетте, спортта, қоғамдық бастамаларда белсенді. Бұл – берілген мүмкіндікті дұрыс пайдалана білгеннің жемісі. Алдағы уақытта да жастардың жаңа идеяларын қолдауға, олардың білімін, дағдысын, өмірлік жолын дамытуға барлық мүмкіндік жасай береміз, – дейді Жастар ресурстық орталығының директоры Нұржұман Пірназаров.
Аудан жастары – ауданның бүгінгі тірегі, ертеңгі үміті. Жастар ресурстық орталығы жасап отырған жүйелі жұмыс, аудан басшылығының қолдауы, мемлекеттік бағдарламалардың нәтижелі жүзеге асуы – ауданның болашағын айқындайтын басты факторлар. Жастардың белсенділігі артқан сайын аудан да жаңғырады, өседі, өркендейді. Жаңғыру жолындағы табысты еңбек алдағы уақытта да өз жалғасын табатыны сөзсіз.
Ардақ СӘКЕНҚЫЗЫ
















