БІЛІМ БӘЙГЕСІ – ҰСТАЗ ҰЛАҒАТЫНА ТАҒЗЫМ
Мемлекет басшысы әрдайым ұлт болашағы білімді ұрпақ қолында екенін айтып келеді. Шын мәнінде бүгінгі жас – ертеңгі елдің мызғымас тірегі, келешек келбеті. Сол себепті олардың білімді, бәсекеге қабілетті, жан-жақты болуы ел дамуындағы аса маңызды рөл атқаратыны анық.
Бейсенбі күні аудан орталығындағы А.Жанпейісов атындағы №105 мектеплицейінде Ұлы Отан соғысының ардагері, ұлағатты ұстаз Үсен Қошалақов атындағы математикадан дәстүрлі ХVІІІ аудандық пәндік олимпиада өткізілді.
Бұл олимпиаданың басты мақсаты – Ұлы Отан соғысының ардагері, ел ағасы, ұстаздардың ұстазы болған Үсен Қошалақовтың өмірін кейінгі ұрпаққа үлгі ету, өмір жолын насихаттау және оқушылардың математика пәніне деген қызығушылығын арттыру. Мұндай игі бастама елімізде алғыр да дарынды, білікті ұрпақтың өсуіне ұйытқы болмақ.
2007 жылдан бастау алған бұл олимпиада жыл сайын дәстүрге айналып, аудан жастарының математикалық қабілетін шыңдап, ардагер ұстаздың есімін ұрпақ жадында жаңғыртуда. Салтанатты жиынға аудан әкімінің орынбасары Диас Асылбекұлы арнайы қатысып, атаулы күнмен құттықтады. Өз сөзінде аудан әкімінің орынбасары:
– Тұрақты түрде өткізілетін шараға ардагер ұстаздың көзін көрген замандастарын, шәкірттерін қатыстыру бүгінгі күні жалғасын табуда. Оның ұрпақтары республика көлемінде жемісті еңбек етіп жүргенінің өзі де өнегелі өмірдің лайықты мұрагерлері екенін білдіреді. Бүгінгі ұйымдастырылып отырған тағылымды жарысқа өз алғысымды білдіріп, игі іс-шаралар жалғасын таба берсін дегім келеді,– деп атап өтті.
Сондай-ақ аталған жиында олимпиаданың қорытындысы жарияланып, үздік нәтиже көрсеткен оқушылар марапатталып, бағалы сыйлықтарға ие болды. Нақтылай кетсек, 8-сыныптар бойынша І орынды №111 мектеп оқушысы Айғаным Ұлықова иеленсе, 9-сыныптар бойынша №105 мектеп-лицейінің оқушысы Жанерке Серік жеңіп алды. Ал 10-сыныптар бойынша І орын №80 мектептің оқушысы Дильназ Отарбайға бұйырса, 11-сыныптар бойынша №279 мектептің оқушысы Нұрдәулет Қайырбекұлы лайық деп танылды. Жалпы командалық есеп бойынша І орынды №80 мектеп алса, ІІ орынды №279 мектеп, ІІІ орынды №105 мектеп-лицейі қанжығасына байлады.
Он сегізінші рет өткізіліп отырған дәстүрлі олимпиадаға төрелік еткен комиссия мүшелері болса, қорытынды шешім шығарудың, орындарды бөлудің оңай болмағанын тілге тиек етеді.
– Біздің ауданға Ү.Қошалақов атындағы олимпиадаға төрелік етуге ұсыныс түсті. Бұл ұсынысты зор қуанышпен қабыл алдық. Олимпиададағы тапсырмалар деңгейі жоғары. Орын беру нәтижесіне келгенде біраз қиындық туындады. Қармақшы өңірінде Ү.Қошалақов атындағы олимпиаданың ұдайы өткізіліп тұратынынан болса керек, аудан оқушыларының білім деңгейі әлдеқайда жоғары. Үсен атаның салып кеткен жолының арқасында аудан математика бойынша біраз белесті бағындырған екен. Мұнда ұстаздардың да тынымсыз еңбегін ескерген жөн. Балалардың есеп шығарудағы қабілеттері, жылдамдықтары керемет. Біз бұған қуана да, қызыға да қарадық. Алдағы уақытта мұндай олимпиадалар облыстық, республикалық деңгейде өткізілсе, құбақұп болар еді. Себебі математика – ақылойдың жемісі. Өрелі өрендеріміз, білімді оқушыларымыз көп болсын, – дейді Қазалы ауданынан келген комиссия төрағасы Құдайберген Төлепберген.
Сонымен қатар, іс-шараға арнайы шақырылған ардагер ұстаздар ізгі лебізін білдіріп, барша жасқа математика саласындағы алғашқы баспалдақтарына сәттілік тіледі. Жиын соңында Ұлы Отан соғысының ардагері, ұлағатты ұстаздың ұрпақтары атынан аудандық мәслихат төрағасы Әділ Үсенұлы сөз сөйлеп, олимпиаданы дәстүрлі түрде жоғары деңгейде өткізіп жүрген ұстаздар қауымына алғысын білдірді.
Бұл игі бастама өңірімізде тек қана Қармақшы ауданы мен Байқоңыр қаласының оқушыларына мүмкіндік береді. Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл доданың көздегені – өңіріміздің математика саласында дарынды шәкірттерді қолдап, білімді де алғыр оқушылардың ортасын қалыптастыру. Дәстүрге айналған олимпиада жыл сайын қатысушылардың білімін шыңдап, білімді жастардың қатарының артуына айтарлықтай үлес қосып келеді. Мұндай игі сайыстар легі алдағы уақытта да жалғасын табатыны сөзсіз.
Ардақ СӘКЕНҚЫЗЫ
















