ІІІ ИНТЕРНАЦИОНАЛ АУЫЛЫНДАҒЫ СПОРТ МЕКТЕБІНЕ - 20 ЖЫЛ
Қармақшы ауданының ІІІ Интернационал ауылында орналасқан №16 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің 20 жылдық мерейтойына арналған салтанатты шара өтті. Іс-шараға аудан әкімінің орынбасары Диас Молдабаев, сала ардагерлері, спорт мектебінің басшылары мен жаттықтырушылары және жас спортшылар қатысты.
Мерейтой жас таеквондошылардың көрсетілім өнерімен ашылды.
Шара барысында аудан әкімінің орынбасары Диас Асылбекұлы бүгінгі маңызды күнмен құттықтап:
– Президентіміз атап өткендей, «Дені сау ұлт – мықты мемлекеттің кепілі». Сіздердің еңбектеріңіздің арқасында Қармақшы ауданында спорт саласы кең қанат жайып, жас ұрпаққа үлгі болар чемпиондар өсіп келеді. Бұл игі істер алдағы уақытта да өз жалғасын таба беретініне сенімдімін.
Баршаңызға мықты денсаулық, отбасылық амандық, биік белестер мен жаңа жеңістер тілеймін!
Спорт мектебіміздің абыройы арта берсін! Еліміздің мәртебесі биік болсын!, – деді.
2005 жылы құрылған бұл спорт мектебі алғаш рет халықаралық дәрежедегі спорт шебері Алмат Қодаровтың жетекшілігімен жұмысын бастаған.
Осы уақыт ішінде спорт мектебінен ел біріншіліктерінің жеңімпаздары, Азия және әлем чемпионаттарының жүлдегерлері тәрбиеленіп шықты.
Мерекелік шара барысында аудан әкімінің Алғыс хаттары мен спорт мектебінің ардагерлері және басшылық жасаған азаматтары 20 жылдық естелік медалімен марапатталды. Сондай-ақ, Облыстық дене шынықтыру, спорт және туризм басқармасы мен аудандық спорт бөлімі атынан арнайы марапаттар табысталды.
Мерейтой соңында аудан өнерпаздары өнер көрсетіп, қатысушыларға көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.
















