Дзюдошылар додасы
qarmaqshy-tany.kz Жақында аудан орталығындағы денешынықтыру және сауықтыру кешенінде дзюдодан кіші жасөспірім ұлдар мен қыздар арасында ІІ республикалық дәстүрлі жарыс өтті. Спортшылар ІІІ Интернационал ауылындағы ауылшаруашылығы саласының білікті маманы Бекир Нәбиев басқаратын «Достық Жер МК» ЖШС жүлдесін сарапқа салды. Жастарды саламатты өмір салтын ұстануға бейімдеуді, елжандылыққа, отансүйгіштікке тәрбиелеу, ауданымызда спорт түрлерін дамытуды мақсат тұтқан додаға еліміздің әр аймағынан өз салмақ дәрежесі бойынша мықты деп танылған 835 жас татами шебері қатысты. Сайысты No16 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі ұйымдастырды.
Республикалық жарыстың ашылу салтанатында аудан әкімінің орынбасары Жұлдызхан Ерқосаев, «Достық Жер МК» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі директорының орынбасары Ерболат Әбенов болды. Олар ауданда спорт саласы бойынша атқарылып жатқан іргелі істер жайына тоқталды. Атап айтқанда, биыл Жосалы кенті мен Ақай ауылында денешынықтыру және спорт кешендері салынып жатқанын және ауданда бірнеше балалар ойыны мен спорт алаңы ел игілігіне пайдалануға берілгенін баяндады. Осындай қолдаулардың арқасында көптеген жерлесіміз әлем, Азия және республикалық дүбірлі додаларда топ жарып, тек ауданымыздың ғана емес, ел абыройын асқақтатып жүргенін айтты. Сонымен қатар, олар жас татами шеберлерін киелі Қармақшы елінде өтіп жатқан спорттық мерекемен құттықтап, өнерлеріне сәттілік тіледі.
Содан кейін көрермендер асыға күткен жарыс та басталды. Татамиге шыққан жас дзюдошылардың тартысты да қызықты белдесуі көрермендерге тамаша спорттық мереке сыйлады.
Екі күнге созылған жарыстың алғашқы күнінде балуандар іріктеу белдесулерін өткізіп, жеңімпаздар келесі күні ақтық кезеңге шықты.
Нәтижесінде жасындай жарқырап, қарсыласынан айласын асырған жас дзюдошылар жеңіс тұғырынан көрініп, мерейі үстем болды.
Атап айтқан жөн, әр салмақ дәрежесі бойынша қармақшылық балуандар да бапкерлері мен жерлестерінің үмітін ақтады. Олимпиадалық резервтің мамандандырылған No15 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің тәрбиеленушілері арасында Қайсар Мүрсілов жеңімпаз атанса, Арсен Тынымбеков, Жантөре Жетіру, Ақпатша Сержанұлы, Медина Алтай, Ерасыл Сәбитов, Нұрмұхаммед Алтаев, Ақылбек Сұлтановтар өз салмағында ІІІ орын еншіледі. Сонымен қатар, No16 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің шәкірттері де үздік өнер көрсетті. Интернационалдық Нұрдәулет Сәдубаев қарсылас шақ келтірмей, жеңіске жетті. Ал Нұрмұхаммед Көбжан, Ақшал Алмат пен Ерасыл Қайыр, сондай-ақ ақжарлық Еркебұлан Оңғаров пен Ернұр Саяшбектер де өз салмағы бойынша жүлделі ІІІ орыннан көрініп, дипломдар мен сый-сияпатқа ие болды.
Жалпы командалық есепте No16 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі ІІІ орынға көтерілді.
Н.Жанәділов