ҚАРМАҚШЫ АУДАНЫНЫҢ ЕКІ АУЫЛЫНДА СПОРТ КЕШЕНДЕРІ АШЫЛДЫ
Бүгін облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев жұмыс сапарымен Қармақшы ауданына барды. Аймақ басшысының қатысуымен ІІІ Интернационал және Дүр Оңғар ауылдарында спорт кешендері ашылды. Салтанатты шараға жауапты сала басшылары, еңбек ардагерлері, зиялы қауым өкілдері мен ауыл тұрғындары қатысты. Облыс әкімі тұрғындары жаңа нысандардың ашылуымен құттықтап, Сыр спортындағы жаңалықтарға тоқталды.
«Бүгін берекесі мен бірлігі жарасқан Қармақшы ауданында жаңа спорт кешендерін ел игілігіне табыстауға жиналдық.
Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы ХХХІІІ жазғы Олимпиада ойындарының жүлдегерлерімен кездесуде: «Бұқаралық спортты дамыту арқылы біз кәсіби спортқа жол ашамыз және ең бастысы, ұлт саулығын жақсартамыз», - деген болатын.
Бұл бағытта облыс тұрғындарының спортпен шұғылдануына қолайлы жағдайлар жасалуда.
Өткен жылы қазан айында Қызылорда қаласында "Үстел теннисі орталығы" іске қосылды. Халықаралық стандарттарға сай келетін 11 мың орындық "Орталық стадион" салынуда. Нысан биыл мамыр айында пайдалануға беріледі.
Жақын күндері Қызылорда қаласында 19 млрд. теңгеге көпбейінді «Қызылорда Арена» және 2 млрд. 900 млн. теңгеге дене шынықтыру-сауықтыру кешендерінің құрылысы басталады.
Қармақшы ауданында спорт саласындағы жұмыстар жолға қойылған. Қазіргі таңда аудандағы спорт мектептерінде 3 мыңға жуық жастар мен жасөспірімдер спорттың барлық түрлерімен тұрақты шұғылдануда.
Өткен жылы аудан спортшылары республика чемпионаттарында 18 алтын, 25 күміс, 18 қола, Азия чемпионатында 1 алтын, 1 күміс, 3 қола, Әлем чемпионатында 1 қола медаль иеленді.
Халқымызда «Дені саудың - жаны сау» деген жақсы сөз бар. Сыр елі жастарының спортпен шұғылданып, байрақты бәсекелерде, дүбірлі додаларда топ жаруына заманауи үлгідегі спорт нысандарының тигізер үлесі зор.
Бүгін ашылған жаңа спорт кешені ауыл тұрғындарын салауатты өмір салтын ұстануға үндейтін, жастарды бұқаралық спортқа тартатын тәрбие ошағы болсын дейміз.
Жаңа спорт ғимараттары құтты болсын!», - деді Н.Нәлібаев.
Салтанатты шарада спорт саласының қызметкерлері мен ардагерлеріне облыс әкімінің Алғыс хаты табысталды. Қоғам қайраткерлері, Қызылорда облысының Құрметті азаматтары Бекмырза Еламанов пен Биғали Қаюпов құттықтау лебіздерін жеткізді.
Жаңадан ашылған спорт кешендері 120 адамға арналған. Кешендерде қазақ күресі, дзюдо, шахмат және тоғызқұмалақпен шұғылдануға арналған жаттығу залдары бар.
Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі