ТАМАРА ДҮЙСЕНОВА СПОРТ МЕКЕМЕЛЕРІНІҢ БАСШЫЛАРЫМЕН КЕЗДЕСТІ
Премьер-министрдің орынбасары Тамара Дүйсенова Сыр еліне жұмыс сапары кезінде спорт мекемелерінің басшыларымен кездесті. Кездесуге салалық министрліктің өкілі, сала мамандары қатысты.
Жиында аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаев спорт инфрақұрылымын дамыту бағытындағы жұмыстарға, алда жүзеге асырылатын жобалар мен қолға алынған бастамаларға тоқталды.
«Мемлекет басшысы ХХХІІІ жазғы Олимпиада ойындарының жүлдегерлерімен кездесуде сөйлеген сөзінде «Бұқаралық спортқа және балалар мен жасөспірімдер спортына баса мән беру қажет. Бұл – өте маңызды міндет. Себебі, бұқаралық спортты дамыту арқылы біз кәсіби спортқа жол ашамыз және ең бастысы, ұлт саулығын жақсартамыз» деп атап өтті. Бапкерлер құрамын күшейтуге, алда өтетін халықаралық спорт додаларына дайындықты пысықтауға қатысты бірқатар нақты тапсырма жүктеді.
Сыр өңірінде Туризм және спорт министрлігімен үйлесімді жұмыс, ауқымды іс-шаралар атқарылуда. Аймақта 1490 спорт нысаны бар. Тұрғындардың спорт нысандарымен қамтылу көрсеткіші 44 пайыз, 328 597 адам дене шынықтыру және спортпен жүйелі шұғылданады. Облыстағы 22 спорт мектебінде 640 жаттықтырушы-оқытушы 22 266 баланы жаттықтырады. Биыл Сыр спортшылары Әлем және Азия чемпионаттары мен кубоктарынан 120 медаль жеңіп алса, ҚР чемпионаттары мен кубоктарынан 808 медальға қол жеткізді», – деді Н.Нәлібаев.
Айта кетейік, өңірде Мемлекет басшысының, Үкіметтің қолдауымен жаңа спорт кешендері көптеп ашылуда. Өткен жылы 13 спорт кешенінің құрылысы жүргізіліп, оның 9-ы қолданысқа берілді. Биылға өтпелі болған 4 нысанның құрылысы аяқталды. Жақын күндері ел игілігіне беріледі.
«Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды қолдау қорымен бірлесіп 3,4 млрд. теңгеге заманауи үлгідегі «Үстел теннисі орталығы» салынды. Аудандарда 4,7 млрд. теңгеге 10 спорт кешені, Қызылорда қаласында халықаралық стандарт талаптарына жауап беретін 11 мың орындық «Орталық стадион» бой көтеріп келеді.
@ Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі