ТӘУЕЛСІЗ ЕЛДІҢ МЕРЕЙЛІ МЕРЕКЕСІ
Көк байрағын көкке көтерген тәуелсіз елдің ұрпағы үшін Республика күні – мақтаныш пен рухтың мерекесі. Осы орайда біздің аудан да елдік мерекені лайықты түрде атап өтті. Күні бойы өткен думанды іс-шаралар ел еңсесін көтеріп, тұрғындарға қуаныш пен шабыт сыйлады. Республика күніне арналған іс-шаралар аудан халқының бірлігі мен елге деген сүйіспеншілігін тағы бір мәрте айқындады. Бұл мереке ел тарихына тағзым етіп, болашаққа нық қадам басуға үндеген рухты күн болды.
КӨК БАЙРАҚ – ЕЛ МЕРЕЙІ
Республика күні ауданымызда елдік рухты көтеретін ерекше сәттердің бірі – мемлекеттік Ту көтеру рәсімінен басталды. Бұл игі дәстүр елімізге деген сүйіспеншілікті арттырып, жас ұрпақтың бойында отансүйгіштік сезімді қалыптастыруды мақсат етті.
Рәсімге аудан әкімі Жандос Еркінбек, аудан ардагерлері мен зиялы қауым өкілдері, бөлім, мекеме, кәсіпорын басшылары, сондай-ақ кент және ауылдық округ әкімдерімен қатар, полиция, төтенше жағдай қызметкерлері де қатысты.
Ауданымыздың басты рухани орталықтарының бірі – Рәміздер алаңында өткен салтанатты іс-шара Мемлекеттік Әнұранды орындаумен басталды. Әнұран әуенімен қатар биікте көк Ту баяу көтеріле бастағанда, алаңды толтырған жұртшылықтың жүзінен мақтаныш пен толқу сезімі байқалды. Бұл сәт әрбір қатысушы үшін ерекше әсерлі болды.
Салтанатты жиында мемлекеттік қызметке қабылданған жас мамандар өздерінің адалдық антын қабылдап, елге қызмет етуге серт берді. Патриоттық рухтағы іс-шара аудан өнерпаздарының жалынды әндерімен жалғасып, қатысушыларға мерекелік көңіл күй сыйлады.
Ту көтеру рәсімі – тек салтанатты дәстүр ғана емес, ел рухын асқақтататын ерекше көрініс. Көк байрақтың биікте желбіреуі егемен еліміздің тұғырының мықтылығын, ұрпақтың ұлтқа деген сүйіспеншілігін айқын көрсетті.
БЕРЕКЕ БАСТАУЫ
Күннің жалғасы аудандық жәрмеңкеге ұласты. Т.Рысқұлов көшесінің бойында «Республика күні» мен «Алтын күз – 2025» мерекелеріне орай ауылшаруашылығы өнімдерінің кең ауқымды жәрмеңкесі ұйымдастырылды. Жыл сайын өткізілетін бұл іс-шара тұрғындарға мерекелік көңіл күй сыйлап қана қоймай, отандық өнім мен жергілікті кәсіпкерлердің еңбегін насихаттауға бағытталды.
Жәрмеңке алаңына ертелетіп келсек те қыз-қыз қайнаған тіршілікке толы көрініске куә болдық. Ауданның шаруа қожалықтары мен жеке кәсіпкерлер өз өнімдерін ұсынып, халыққа тиімді бағамен қызмет көрсетті. Сөрелерде жаңа жиналған көкөніс, жеміс-жидек, сүт өнімдері, бал, үй тағамдары мен қолдан жасалған бұйымдар самсап тұрды.
Молшылық мерекесіне айналған іс-шараға аудан әкімі Жандос Еркінбек, аудандық мәслихат төрағасы Әділ Қошалақов пен депутаттар, ардагерлер қатысып, жергілікті шаруалардың өнімдерімен танысты. Жәрмеңкеге ауданның барлық ауылдық округтері мен кенттерінен келген диқандар 38 автокөлікпен 114 тонна өнім жеткізді. Оның ішінде 25 тонна күріш, 50 тонна жеміс-жидек, көкөніс пен бақша өнімдері, 2 тонна сүт, ет және балық өнімдері, сондай-ақ 37 тонна жем-шөп тұрғындарға нарық бағасынан 15-20 пайыз төмен бағамен ұсынылды.
Жәрмеңке барысында өнерпаздар да шет қалмады. Аудан өнерпаздары халық әндері мен патриоттық әуендерді орындап, мерекелік шаттықты арттыра түсті.
Тұрғындар ауылдың табиғи өніміне қызығушылық танытып, сапалы әрі қолжетімді азық-түлікті сатып алды. Көпшіліктің айтуынша, мұндай жәрмеңкелер ел ішіндегі кәсіпкерліктің дамуына серпін береді, сонымен қатар ауыл еңбеккерлері үшін үлкен қолдау болмақ. Өзіміз ауыл дәмі деп ірімшік, құрт, сары май секілді ұлттық дәмдерді қолжетімді бағамен алып қуанып қалдық. Осылайша күздің берекесі мен молшылығын паш еткен жәрмеңке аудан тұрғындарының көңілінен шықты. Әдемі әуен, шуағын шашқан күн мен жылы жүздер мерекелік күннің көркін келтірді.
ЕЛ РУХЫН ЖАҢҒЫРТҚАН МЕРЕКЕ
Ауданымызда Республика күніне арналған салтанатты жиын жоғары деңгейде ұйымдастырылып, тұрғындар мен қонақтар үшін айрықша мерекелік сәтке айналды. Шараның басты мақсаты – ел тәуелсіздігі мен бірлігін дәріптеу, жас ұрпаққа патриоттық рух сіңіру болды.
Мерекелік іс-шара Ш.Төлепова атындағы аудандық мәдениет үйінде «Ұлттық мереке – ұлы күн!» тақырыбында өтті. Салтанатты жиын сахна төріне Мемлекеттік Туды орналастырып, Мемлекеттік Әнұранды орындаумен басталып, қатысушылар еліміздің тәуелсіздігіне тағзым етті.
Мерекелік жиынға облыс әкімінің орынбасары Бақыт Жаханов арнайы келіп, аймақ басшысы Нұрлыбек Машбекұлының мерекелік құттықтауын жеткізді.
– Баршаңызды еліміздің ең басты мерекесі – Республика күнімен шын жүректен құттықтаймын. Осы мереке қарсаңында тарихи қазақ атауының қайтарылғанына, Қызылорда қаласының қазақ елінің астанасы болғанына 100 жыл толу мерейтойлары тұспа-тұс келуде. Мерейлі мереке Сыр өңірінде жоғары деңгейде аталып өтуде. Атаулы жыл аясында айрықша нысандар, өндіріс орындары ел игілігіне табысталуда. Түрлі мәдени-көпшілік шаралар, ғылыми конференциялар ұйымдастырылуда. Сондай-ақ баршаңызды «Алтын күз мерекесімен шын жүректен құттықтаймын. Сыр елінің қамбасын молайтып, береке мен бірліктің үлгісін көрсеткен аймағымыздың диқандары бүгін ерен еңбектің төріне шығуда. Соңғы жылдары аймағымызда Президентіміздің, үкіметтің ерекше қолдауымен байыпты бастамалар қолға алынып, жаңа жобалар сәтті жүзеге асуда, – деді облыс әкімінің орынбасары.
Сондай-ақ аудан әкімі Жандос Еркінбек жұртшылықты Республика күнімен құттықтап, ауданның әлеуметтікэкономикалық дамуындағы оң өзгерістер мен жетістіктерді атап өтті.
– Қазақылықтың қаймағы бұзылмаған – Қармақшы ауданы қашанда бірліктің, тату тірліктің үлгісін көрсетіп келеді. Биыл мерейлі мерекеге ауданымыз жақсы жетістіктермен жетіп отыр. Аймақ басшысының ерекше қолдауының арқасында аудан экономикасы қарқынды дамып, ауқымды инфрақұрылымдық жобалар белсенді жүзеге асырылуда. Жүргізіліп жатқан жобалар нәтижесінде ауданымызда халықтың өмір сүру сапасын арттыру бағытындағы мәселелер өз кезеңімен шешілуде, – деді аудан басшысы өз сөзінде.
Мерекелік жиында ауданның дамуына үлес қосқан бірқатар азаматқа облыс және аудан әкімдерінің Алғыс хаттары табысталса, сонымен қатар, ауылшаруашылығы саласында жоғары жетістіктерге жетіп, жыл қорытындысымен озат деп танылған еңбеккерлер де марапатқа ие болды.
Мерекелік көңіл күйді жалғастырған концертте аудан өнерпаздарымен қатар елімізге танымал әнші Кеңес Әлімжан ән шырқап, көрермендердің қошеметіне бөленді. Ұлттық мерекенің құрметіне ұйымдастырылған бұл іс-шара аудан тұрғындарына ерекше әсер мен рухани шабыт сыйлап, елдік пен бірліктің мерекесіне айналды.
Жалпы алғанда, аудан көлемінде өткен бұл мерекелік іс-шаралар елдің тұтастығы мен ынтымағын дәріптеп, тұрғындардың рухани бірлігін нығайтты. Республика күні мен Алтын күз мерекесінің тоғысуы аудан өміріндегі айрықша сәт болды.
Ардақ СӘКЕНҚЫЗЫ
















