«ҰЛТТЫҚ МЕРЕКЕ - ҰЛЫ КҮН»
Республика күні – елдік пен бірліктің, тәуелсіздіктің көрінісі. Осы ұлттық мереке аясында бүгін Қармақшы ауданында Республика күніне және ауыл шаруашылығы саласының үздіктерін марапаттауға арналған «Ұлттық мереке – ұлы күн» атты салтанатты шарасы өтті.
Ш.Төлепова атындағы аудандық Мәдениет үйінде өткен мерекелік жиынға облыс әкімінің орынбасары Бахыт Жаханов арнайы келіп, аймақ басшысы Нұрлыбек Машбекұлының мерекелік құттықтауын жеткізді.
Сондай-ақ аудан әкімі Жандос Еркінбек жұртшылықты Республика күнімен құттықтап, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуындағы оң өзгерістер мен жетістіктерді атап өтті.
– Қазақылықтың қаймағы бұзылмаған – Қармақшы ауданы қашан да бірліктің, тату тірліктің үлгісін көрсетіп келеді.
Биыл мерейлі мерекеге ауданымыз жақсы жетістіктермен жетіп отыр. Аймақ басшысының ерекше қолдауының арқасында аудан экономикасы қарқынды дамып, ауқымды инфрақұрылымдық жобалар белсенді жүзеге асырылуда.
Жүргізіліп жатқан жобалар нәтижесінде ауданымызда халықтың өмір сүру сапасын арттыру бағытындағы мәселелер өз кезеңімен шешілуде, – деді аудан басшысы өз сөзінде.
Мерекелік жиында ауданның дамуына үлес қосқан бірқатар азаматтарға облыс және аудан әкімдерінің Алғыс хаттарын, сонымен қатар, ауыл шаруашылығы саласында жоғары жетістіктерге жетіп, жыл қорытындысымен озат деп танылған еңбеккерлер де марапатқа ие болды.
Мерекелік көңіл-күйді жалғастырған концертте аудан өнерпаздарымен қатар елімізге белгілі танымал әнші Кеңес Әлімжан ән шырқап, көрермендерге көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.
Ұлттық мерекенің құрметіне ұйымдастырылған бұл іс-шара аудан тұрғындарына ерекше әсер мен рухани шабыт сыйлап, елдік пен бірліктің мерекесіне айналды.
















