«ЖАСЫЛ ЕЛМЕН» ЖАСАЛҒАН ЖАСАМПАЗ ҚАДАМ
Астананың көрікті орындарының бірі «Ботаникалық» саябақта ерекше маңызға ие экологиялық шара өтті. Аталған игі бастама аясында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ерікті және белсенді жастармен бірге ағаш отырғызып, қоршаған ортаны қорғау бағытындағы жұмыстың маңыздылығына назар аударды.
Жалпыұлттық экологиялық акция аясында биыл еліміз бойынша 2 миллион 400 мыңға жуық көшет отырғызылған. Бұл табиғатты қалпына келтіру мен көгалдандыруға бағытталған кең көлемді шаралардың бір парасы ғана. Мемлекет басшысы осы істің алдыңғы қатарында жүрген жастармен жүздесіп, олардың еңбегіне жоғары баға берді. 
– Баршаңызға ризашылығымды білдіремін. Бұл – өте қажетті жұмыс. Еліміз бен халқымыз үшін керек іс. Сондықтан сіздерге табыс тілеймін. Істеріңіз сәтті болсын. Ең алдымен ниетіміз таза болуы керек. Отанымыз үшін қызмет етуге тиіспіз. «JASYL EL» ұйымының жұмысын толық қолдаймын. Сіздердің жұмыстарыңыз өзге жастарға үлгі, өнеге болады, – деді Президент. 
Айтулы акцияға қатысқан жастардың қатарында біздің жерлесіміз, белсенді жас Нұрасыл Бекматов та болды. Ол – «JASYL EL» жастар еңбек жасақтарының республикалық штабының жетекшісі. Осы орайда біз де жалынды жаспен тілдесіп, Президентпен кездесудегі әсерін сұрадық. 
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа «JASYL EL» жастар еңбек жасақтарының қызметі туралы баяндадым. Біздің ұйым 2005 жылдан бастап ауылдар мен қалаларды абаттандыруға үлес қосып келеді. Осы уақыт аралығында 1 млн-нан астам жас маусымдық жұмыспен қамтылды. Оның 3/1 бөлігі ауыл жастары мен әлеуметтік қолдауды қажет ететін жасөспірімдер. Біз үшін бұл кездесудің маңызы өте жоғары. «JASYL EL» – еліміздегі ең танымал, белсенді әрі түлектері бірнеше буынмен жалғасқан жастардың ұйымы. Ұйымымыз былтырдан бері бастау алған «Таза Қазақстан» жалпыұлттық жобасына белсенді қатысып жүр. «Таза Қазақстан» бастамасы жасылелдіктерге жаңа серпін берді. Бұл бастама ұйымның мәні мен мазмұнына түбегейлі айналды.
 Мемлекет басшысымен кездесу мен үшін өмірімдегі ең есте қалар, жігерлендіретін сәттердің бірі болды. Президент ҚасымЖомарт Тоқаевпен тікелей жүздесіп, «JASYL EL» ұйымының қызметі мен жетістіктері туралы баяндау – зор абырой әрі үлкен жауапкершілік. Мемлекет басшысының жастарға деген сенімі мен шынайы ықыласын сезіну – әр жасылелдікке жаңа серпін, ерекше шабыт сыйлады. 
Президент «JASYL EL» қозғалысының ел экологиясын жақсартудағы және жастарды еңбекке, отансүйгіштікке баулудағы үлесін жоғары бағалап, еліміздің болашағы сенімді жастардың қолында екенін атап өтті. Бұл сөз біздің миссиямыздың маңызын айқындап, алдағы мақсатымызды нақтылауға мүмкіндік берді.
 Бұл кездесу – ұйымның екі онжылдыққа жуық тарихындағы үлкен белес. Біз мұны «JASYL EL» жасақтарының ел алдындағы еңбегінің мойындалуы деп білеміз. Президенттің сенімі – біздің ең үлкен мотивациямыз. Енді біз «Таза Қазақстан» бастамасын жаңа деңгейге көтеріп, табиғатты қорғау ісінде, жасыл мәдениетті қалыптастыру жолында, еңбек пен ізгілік құндылықтарын дәріптеу бағытында аянбай еңбек етеміз. 
«JASYL EL» – бұл жай ғана ұйым емес, бұл – табиғатты сүйетін, еңбекті қадірлейтін, ел болашағына сенетін жастардың үлкен мектебі. Біз бірлесе еңбек етіп, бір мақсатқа ұмтылғанда ғана Таза Қазақстан идеясы шынайы жүзеге асады деп сенемін, – дейді ол.
 Президенттің жастармен бірге ағаш егіп, олармен ашық пікір алмасуы – ел болашағы үшін жасалып жатқан игі істердің нақты көрінісі. Осындай бастамалар елімізде экологиялық сананы арттырып, ұрпақ бойында туған жерге деген шынайы сүйіспеншілік қалыптастырады. Осылайша «JASYL EL» қозғалысы мен «Таза Қазақстан» жобасы жастардың өз елінің табиғатына жанашыр болуына жол ашып отыр. 
Ақнұр САҒЫНТАЙ
		

















